Accessibility links

Астанада «Хизб-ут-Тахрир» қозғалысының мүшесі деп күдіктелген азамат қамауға алынды


Астанада «Хизб-ут-Тахрир» қозғалысының мүшесі деп күдіктелген азамат қамауға алынды. Бұл туралы көкектің 17 күні Астананың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ресми мәлімет бойынша күдікті адам халифат құруды уағыздайтын әдебиет таратқысы келген. Ал, кейбір саясаткерлердің пікірінше бұл тұтқындаулар елдегі режимді күшейту үшін әдейі жасалады.

Астананың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны ұлты өзбек 21 жасар Давран Абдурасулов 2003 жылдан бері «Хизб-ут-Тахрир» құрамында болғандығын мойындады. Полиция мәліметінше Давран Астанада құрылыс жүргізіп жатқан түрік компаниялардың бірінде жұмыс істеген. Тінту барысында күдіктіден діни экстремистік деп табылған әдебиет табылды, бұл кітапшалар Оңтүстік Қазақстан облысында басылған деп хабарланады. Және Астананың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері Эльмира Шауленованың айтуынша күдікті азамат кедей және дінге шексіз берілген адам:

- Дінге берілген. Басшылығы туралы мәлімет айтпайды. Өте пәтерінің жағдайы төмен бірнеше адам пәтер жалдап тұратын сыңайлы. Өте төмен жағдайда тұрып жатыр. Мұндай факті Астанада өткен жылыда тіркелген. Бір адам осындай әрекеттермен қолға түсіп айыппұл салынған болатын.

Саясаттанушылардың бірқатары «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы негізінен жалпы жаҺанданумен күресіп, Батыстың әсерін азайтуды көздеп отыр, деген пікірде. Өйткені, уағыздар тұрмысы ауыр, жұмысы жоқ адамдар арасында жиі жүргізіледі, дейді олар. Ал Астана тұрғыны Меруерт Керімованың айтуынша соңғы тұтқындау заңға қайшы жасалды:

- Әрине өзге діндер көбейіп кетті ол дұрыс емес. Ұлт араздығын туғызады. «Хизб-ут-Тахрир» мақсаты халифат құру болса онда біздің ежелден келе жатқан дініміз құрып кетеді. Біз оған қарап тұрмауымыз керек. Бірақ, қазіргі ұсталған өзбек азаматына менің ойымша айып дұрыс тағылған жоқ. Мендеде үнпарақтар бар. Мен ол дін қандай екендігіне қызығамын, зерттеу үшін. Оны оқыған адамдар дінге өтіп кетті деп айта алмайсыз. Менің дорбамда үнпарақ жатыр. Сонда оны менен тауып алса мені екі жылға қамап қоя ма? Мен оған қарсымын.

Кейбір заңгерлердің айтуынша кінасы сот бойынша дәлелденбеген адамның есімін жариялауға болмайды. Ал, Астананың ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің бастығы Анна Надырованың айтуынша күдікті өз кінасын мойындағаны жеткілікті.

Қазақстандағы бақылаушылардың пікірінше, «Хизб-ут-Тахрир» діни-саси партиялардың ішіндегі ең белсенділерінің бірі болып саналады. Ал, 2005 жылы Астана сотының шешімімен бұл партия қызметіне Қазақстанда тыйым салынған. Ал, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар Қажы Дербісәлінің айтуынша, «Хизбут тахрир» қауіпті ұйым:

- Біз пәтуа шығардық «Хизбут тахрирға», ол зиянды ағым Қазақстанда. Олар халифат құрамыз дейді. Қазақстан екі ғасыр бойы Ресейдің боданы болды, 70 жыл бойы коммунистік жүйеде. Сонда біздің қазақ халқы өмір бойы соларды мойнына мінгізіп отыруы керек пе? Біз қашан тәуелсіз ел болып, көзіміз ашылып, емін еркін өмір сүруіміз керек?

Ал, Астана тұрғыны Әбдімүтәліп Бимұрзаұлының айтуынша жауларды Ислам дініндегілердің арасынан іздеу Қазақстан үшін, күні ертең кері әсерін тигізуі мүмкін:

- Басқа протестанттық, христиандық немесе кришнаизм, буддизмнің ішінде келген біздің мемлекетімізге теріс пиғылды ағымдар олардың ошақтары, олар ұсталып жатқан жоқ. Тек қана, исламның ішінен ғана біз қазір жау іздеп жатырмыз. Мысалы «Хизбут-тахрир» адамдарының кінасына күдігім бар. Бұның бәрі соңғы уақытта режимді күшейту үшін жасалып жатқан сияқты.

Қазақстанда оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында «Хизб-ут-Тахрир» белсенділері 2000 жылдан бері пайда бола бастады. Оңтүстік Қазақстан облысының қалалық ішкі істер басқармасының лаңкестікпен күрес бөлімінің бастығы Фархад Жолдасбековтың айтуынша, «Хизб-ут-Тахрир» әрекеті Қазақстан заңдарына қайшы:

- Қазақстан негізі зайырлы және демократиялық мемлекетқой. Сондықтан, мұндай мәлімдемелер біздің ата заңымызға қайшы. Және ертеңгі күні дін аралық және ұлт аралық араздыққа әкеп соқтыруы мүмкін.

Ал, саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша бұл тұтқындаулар елдегі режимді күшейту үшін әдейі жасалуы мүмкін:

- Біздің қазіргі дін саласында жүрген жетекшілеріміз тікелей атқарушы органның өкілдері секілді. Сондықтан, билік баяғы әдетіне салып отыр. Қай жерде болса да, басқаша ой айтатындарға тізесін батырып, темірдей тәртіп ұстау.

Дінтанушылар болса, барлығына әлеуметтік жағдай себепкер, деген пікірде.
XS
SM
MD
LG