Accessibility links

Қазақстандық азық-түлік тауарларының бағасын қалай арзандатуға болады?


18 сәуір күні Қазақстандағы бірқатар кәсіпорын басшылары республикада шығатын азық-түлік өнімдерінің бағасы төмен болуы үшін қосымша құн салығын азайту қажеттілігі туралы ұсыныс жасады.

Сәуірдің 15 күні “Тұтыну базарындағы бағаны тұрақтандыру туралы» үкімет қаулысы жарияланған болатын. Онда премьер-министр Даниял Ахметов мұнай-газ өнімдері, электр энергиясы, теміржол бағамы, азық-түлік бағаларын өсірмеу бойынша қала және аймақ әкімдеріне арнайы тапсырмалар берген еді. Үкіметтің қаулысында облыстық және Астана мен Алматы қаласының әкімшіліктеріне ешқандай негізсіз бағаның өсуіне жол бермеу үшін 13 тармақтан тұратын нақты тапсырмалар берілген болатын. Алайда кейбір қазақстандық сарапшылар, республикада шығатын тауар өнімдері бағасы арзандауы үшін қосымша салық құнының процентін азайту қажеттегін айтып отыр.

18 сәуір күні “Тұтыну базарындағы бағаны тұрақтандыру туралы» үкімет қаулысына байланысты өз ойын білдірген Қазақстандағы азық түлік тауарөндірушілер мен қайтаөңдеу өндірісі Одағының президенті Анатолий Попельюшка көптеген елдерде азық-түлік тауарларына салынатын қосымша құн салығының екі есе төмен екендігін айтты.

“Біздің елмен шекараласатын Ресейде азық-түлік тауарларын өндірушілерге қойылатын екі түрлі ставка бар. Ол 18 және 9. Ал, бізде тек 15 қана. Германияда 16 және 8. Көптеген елдерде де бізбен салыстырғанда қосымша құн салығы екі есе кем алынады. Сондықтан да ол елдердегі азық-түлік тауарларын өндіретін кәсіпкерлерге біздікімен салыстырғанда екі есе көп жеңілдік жасалынады”, - деді Қазақстандағы азық-түлік тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу өндірісі Одағының президенті Анатолий Попельюшка.

Технологиялық университет ректорының орынбасары Бердан Рыскелдиевтың айтуынша, қосымша құн салығының жоғары болуы қазақстандық азық-түлік өнімдерінің нарықтағы бағасына көп әсерін тигізеді. Бердан Рыскелдиев Қазақстандағы азық-түлік тауарлары бағасы арзан болуы үшін үкімет тарапынан үлкен қолдау қажет деп санайды. Ал, «Дионис» шарап зауытының бас директоры Рудик Мнацаканян қосымша құн салығының өздері өндіретін тауарларға көп әсерін тигізбейтіндігін айтады.

«Қазіргі уақытта біздің шараптарымыз қымбат емес. Шындығын айтқанда біз өндіретін тауарларға салынатын салықтар оның өзіндік бағасына аса қатты әсер етпейді. Біз бір литр шарап үшін 20 теңге көлемінде салық төлейміз. Егер де біз шет елдің шараптары секілді өз тауарларымызды 450-500 теңгеден сата бастасақ, 20 теңге көлеміндегі салық оның өзіндік құнының өтелуіне ықпал ете алмайды», - деді «Дионис» шарап зауытының бас директоры Рудик Мнацаканян.
XS
SM
MD
LG