Accessibility links

Қытай президенті Ху Жиңтао Вашингтонға келді


Сәуірдің 20-сы күні Ақ үйде АҚШ президенті Джордж Буш пен Қытай жетекшісі Ху Жиңтао арасында жоғарғы дәрежедегі кездесу өтетін болады. Оның барысында экономика, дипломатия салалары бойынша, оның ішінде сауда қатынасы, лаңкестікке қарсы күрес, Иран, Тайвань мәселелері де бар, көптеген сауалдар қарастырылғалы отыр.

Саммит барысында АҚШ президенті Джордж Буш екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасының Қытайдың пайдасына 200 миллиард долларға қарай ойысуын азайтуды Қытай президенті Ху Жиңтао мырзадан талап етпекші. Құрама Штаттарының көзқарасында проблеманың себебі - Қытай юані құнының төмендігінен. Осының нәтижесінде Қытай өз тауарларын Америкаға және басқа да жерлерге теңдессіз күйде өткізе алады. Конгресс мүшелерінің айтуынша, юань өзінің болуы тиіс дәрежесінен 40 пайыздай төмен деңгейде тұр. Ал, Ху мырза өткен жаздан бері юаньннің 3 пайызға көтерілгендігін айтуы мүмкін.

Осы сапар барысында талқыланатын дипломатиялық сауалдардың бірі Тайвань мәселесі болмақшы. Бұл аймақты Қытай өзінің бір бөлігі деп есептейді. Бұл жөнінде Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілі Қин Гаң былай деді:

“Қытай-АҚШ қарым-қатынастарында Тайвань мәселесі-өте маңызды және сезімтал негізгі мәселе. Біз Қытай-АҚШ қарым-қатынастары жөнінде айтқанда Тайвань мәселесін айналып өту мүмкін емес”.

Иран мәселесі де саммиттегі негізгі сауалдың бірі болмақшы. Құрама Штаттары Техранның ядролық бағдарламасына орай БҰҰ-ның Иранға қатысты тиымына шақыруда. Ал Қытай тарапы Иранға қарсы әскери шараларға да, экономикалық тиымдарға да қарсы екендігін айтып келеді. Соңғы әзірде ресми Бежін де бұл сауалға орай алаңдаушылығын білдірді. Адам хұқықтары мәселесі де- саммитте қозғалатын аса маңызды проблема. АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Роберт Зоеллик бұл жөнінде:

“Саммит барысында экономикадан тыс мәселелер қаралмақшы. Атап айтқанда, адам хұқықтарының қорғалуы мен Қытай жүйесінің табиғаты жөнінде. Бұл мәселені президент Буш өткен жылы президент Хумен әңгімесінде баса айтқан болатын. Діни наным-сенімдерге кең бостандық беру мәселесіне де тоқталды. Біз жекелеген жағдайларды талқылап, оған байланысты Қытайға талап қойғанбыз. Осы мәселеге байланысты сөйлесулерді одан әрі жалғастырмақшымыз”, - деді.

Ху мырза өз кезегінде Қытайда, өткен аптада болған әлем буддистерінің форумын тілге тиек етуі мүмкін. Алайда, Буш мырза Қытайда Интернетке өз хабарларын қойғаны үшін заңсыз істер істеді деп айыпталып, түрмеге жабылғандар және рұқсат етілген діни ұйымдардан басқа ұйымдарға салынып отырған тиым жөнінде айтатын болады.

Өткен жылдың соңында АҚШ Мемлекеттік департаменті Діни сенімдерге төзбейтін әлемдегі сегіз елдің қатарына Қытайды жатқызған болатын. Қытай өкілдерінің айтуынша, Бежіңнің Құрама Штаттарымен қарым-қатынасы - Қытай үшін дипломатиялық жағынан аса маңызды. Қытай тауарлары үшін Америка - кең базар мүмкіндігі. Және Вашингтонның Қытайға қатысты көзқарасы басқа да елдерге әсер етеді, дейді Қытай ресми өкілдері.
XS
SM
MD
LG