Accessibility links

Коммуналдық тарифтердің бағасы көтерілетін болды


Сәуірдің 15-күні “Тұтыну базарындағы бағаны тұрақтандыру туралы» үкімет қаулысы жарияланған болатын. Осыған байланысты премьер-министр Даниял Ахметов тарапынан қала және аймақ әкімдеріне арнайы тапсырмалар да берілген еді. Алайда Алматы қаласында 1 мамырдан бастап кейбір комуналдық төлемдердің бағасы көтеріледі.

19-сәуір күні Қазақстан тұтынушылар Ұлттық лигасы және Алматы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының өкілдері осыған байланысты өз наразылықтарын білдіріп мәлімдеме жасады. Олардың келтірген мәліметтеріне жүгінсек, соңғы уақытта Алматы, Атырау, Орал, Павлодар, Петропавловск және Көкшетауда жылудың бағасы орта есеппен 9-15 процентке қымбаттаған.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан Республикасының “Табиғи монополиялар туралы” заңына қызмет көрсету тарифтерін бір жылда бір мәрте өзгертуге болады деген өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен бері, Қазақстандағы монополистер комуналдық қызметтің бағасының көтерілуін жиі талап ете бастаған. Алматы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Геннадий Жангелдин монополистердің жылудың бағасын 50 процентке шейін көтеруді көздеп отырған әрекетінің ешқандай қисыны жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта монополистер 1 шаршы метрге төленетін 35 теңге 3 тиынды 54 теңгеге шейін көтеруді көздеп отыр.

“Біз өз тарапымыздан осы мәселені талқылайтын дөңгелек үстел өткізуге қарсы емеспіз. Оған комуналдық қызмет көрсететін мекемелердің өкілдері қатыссын. Осы дөңгелек үстелді өткізу арқылы бәрімізге түсінікті және ешкімнің күманы болмайы үшін комуналдық тарифтердің орында немесе орынсыз көтеріліп жатқандығын талқылаға салайық. Алайда біз өз позициямызды қорғау үшін бар күшімізді саламыз”, - деді Алматы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Генадий Жангелдин.

Ал, Қазақстан тұтынушыларының Ұлттық лигасының президенті Светлана Савченко табиғи монополияларды реттеу комитеті комуналдық тарифтердің өсуіне жол бермеуі керек деп есептейді.

“Табиғи монополияларды реттеу комитеті тұтынушылардың құқығын қорғауы тиіс. Қазіргі уақытта біз табиғи монополияларды реттеу комитетінен бұл салада қандай жұмыс жасалғандығын білгіміз келеді. Олар қазақстандық тұтынушылар зардап шекпеуі үшін жұмыс жасауы керек. Сондықтан да көрсетіліп жатқан қызметке байланысты мемлекет тарапынан толық ақпарат алуға қатысты құқығымыз шектелеп отыр деп санаймыз”, - деді Қазақстан тұтынушыларының Ұлттық лигасының президенті Светлана Савченко.

Ал, “Табиғи монополиядарды реттеу агенттігінің Алматы қалалық басқармасының қызметкері Дәурен Жандарбек сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына биылғы жылы мамырдың 1-інен бастап кейбір коммуналдық қызмет түрлеріне тарифтер бағасының көтерілетіндігін растады. «Азаттық» радиосына берген түсініктемесінде ол кейбір коммуналдық қызметтің бағасының өсуіне инфляцияның белең алуының себеп болып отырғандығын айтты.
XS
SM
MD
LG