«Жоғарыдан әкімшілік жүйемен жұмыстан алынып тастауына біз наразылық білдіріп, жұмыс істеуден бас тартып отырмыз. Жұмыстан шықпаймыз, бірақ, қашан министр Ермұхамет Ертісбаев осы мәселені түсіндіріп айтпайынша және біздің басқа да талаптарымызды орындамайынша біз хабар түсіруден, хабарды монтаждаудан, күнделікті міндетті жұмысымыздан бас тартамыз», - дейді осы телеарнаның «Шынның жүзі» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Қасым Аманжол.
Сондай-ақ ол «телеарның қызметкерлері бұл наразылықта аяғына дейін барады» деп отыр.
«Біз, журналистер, өзін-өзі қорғай алмаса, егер журналистер өзінің құқығын қорғай алмаса, алған принципінің жолында күресе алмайтын болса, онда журналист қоғамдағы тапталған, қиналған қауым өкілдерінің жоғын қайтіп жоқтайды?! Сондықтан біз соңына дейін күресеміз және бұны сіздер қазақтың ұлтшыл журналистерінің көтерілісі деп те бағаласаңыздар болады», - деді Қ.Аманжол.
Бейсенбі, көкектің 20-сында телеарнаның бас директоры Нұрлан Өнербаев бастаған бір топ қызметкерлер телеарна басшысының ауыстырылуы себепті орын алып отырған ахуалға байланысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізбекші. Телеарна төрағасының орынбасары Амантай Шәріп мырза болса, «биліктің бұл шешіміне жақында ғана тағайындалған мәдениет және ақпарат министрі Ертісбаев тікелей қатысты» деп отыр.
«Егер біздің наразылық акциямызға құлақ аспайтын болса, біздің телеарнаның кейінгі төрт-бес жылдағы ілгері басуына көп қызмет жасаған қызметкерлеріміз бұл жағдайда ары қарай қызмет жасай алмаймыз деген әңгіме айтып жатыр. Бізде ешкімді басшылық тарапынан зорлау жоқ. Қандай да бір наразылық шеруін өткізу, митингі ұйымдастыру, басқалай да бір заңсыз әрекеттерге бару деген біздің тарапымыздан болмайды. Біз оған жол бермейміз. Бірақ, енді қызмет істеу-істемеу деген мәселені таңдау әр адамның өзінің еркі, өзінің құқығы деп ойлаймыз», - дейді А.Шәріп мырза.
Телеарна қызметкерлерінің бұл мәлімдемесіне мәдениет және ақпарат министрлігінен әзірге қандай да түсініктеме ала алмадық. Телеарна басшысының ауысуының себебі туралы қоғамда әртүрлі пікірлер айтылуда. Десе де, басшылықтың ауысуын телеарна қызметкерлері өздерінше бағалап отыр.
«Біз бұны тек қана басшылықты ауыстыру саясаты деп түсінбейміз! Біз, осы «Қазақстан» телеарнасының жүргізушілері және жай қызметкерлері, бұл ауыс-түйіс мәселесін, біз арнайы, айрандай ұйып отырған «Қазақстан» телеарнасындағы ұлттық мүдде үшін жасалып жатқан жұмыстарға арнайы, әдейі жасалып отырған қастандық, кедергі деп бағалаймыз! Себебі, дәл осы телеарнадағы ұлттық бағыттағы жұмыстардың тым көбейіп кеткендігі және ашық түрде ұлттық намысымызды жоқтайтын азаматтардың бұл жерге көптеп жиналуы, өзіңіз білесіз, біздегі биліктегі «орысшылдардың» көзіне сүйелдей боп көрініп, түрпідей боп қадалуы әбден мүмкін және дәл солай да!» - дейді Қасым Аманжол мырза.
Қазақстанның кейбір электрондық ақпарат құралдары мен мерзімді басылымдары бұрындары да «Қазақстан» телеарнасының қызметкерлерінің сопылық діни ағымдармен қатысы бар деген жорамалдарды көптеп жариялап еді. Кейбір сарапшылар толықтай мемлекеттік меншіктегі телеарнада басшылықтың ауысуының астарында сол себеп те болуы мүмкін деген жорамал айтады. Алайда, журналист Қасым Аманжол ондай әңгімелерді осы телеарна жұмысын теріске шығаратындардың қылығы деп бағалайды.
«Оны мәлімдеген ақпарат көздері кім?! Соған сіздер үңіліп көрдіңіздер ме? Бәлкім, арнайы бір топтардың осы ұлттық бағытта жұмыс істеп отырған бұқаралық ақпарат құралдарына әдейі кір жағып, кейіннен оларды құлату үшін бағытталып отырған саясат емес екеніне көз жеткізе аласыз ба? Мен бұл мәселеде толық сеніммен «Қазақстан» телеарнасы діни бағыттағы немесе сектанттық, сопылық бағыттағы ұйымдардың ықпалында деп ойламаймын. Оған дәлел – біздің, таңның атысы-күннің батысы, беріліп жатқан эфиріміз. Егер сіздер 17 сағаттық эфирімізден қазаққа жат, қазаққа зиянды пиғылдағы діни ұшқындарды, қазақты ел қылуды емес, жер қылуды ойлайтұғын, қандай да бір жат елдік, сырттан бір миссионерлік бағытта, бізді бір жаулап алғысы келгендей діни ұйымдардың ұғымдарының нышандарын көрсеңіздер, онда дәл сол жерден тауып алып айтуға болады, ал құр лақаппен мұндай сұрақ қою, менімше, кейде сәл артықтау ма деп ойлаймын», - дейді Қ.Аманжол.
Сарапшылар мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасындағы басшылықтың ауысуы - Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі жаңа бастау алып келе жатқан талас-тартыстың басы болуы әбден мүмкін деген болжам айтады. Қазақстанда бұндай бүткілдей бір телеарна қызметкерлерінің наразылық акциясына шығуы бұрын-соңды болмаған оқиға. Кездейсоқтықтан ба, әлде әріден ойланып жасалған әрекеттен бе, бұл оқиға, Алматыда бейсенбі күні басталып отырған V–ші халықаралық Еуразия Медиа-Форумы қарсаңында, саяси өлімдердің орын алып отырғанына қарамай, саяси тұрақты деп аталып жүрген Қазақстанның атына көлеңке түсірердей әсер қалдырары сөзсіз дейді кейбір талдаушылар.