Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.20.2006 жыл


Тәуелсіз басылымдарда президенттің қызы Дариға Назарбаеваның бастамасымен өтіп жатқан 5 медиафорум қарсаңында шетелдік ақпарат құралдарында Қазақстан туралы жағымсыз ақпараттардың таратылғандығы айтылыпты. Белгілі саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы туралы ақпарат медиафорумға келетін қонақтар өкілдік ететін ақпарат құралдарында түгелдей дерлік жарияланыпты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы генерал Нартай Дүтбаев болса өзінің бұл өлімге президенттің отбасы мен оның мүшелерінің қатысы болуы мүмкін екендігі туралы болжамды Мемлекет басшысына жеткізбегендігін мәлімдепті.

Бейсенбі күнгі жарық көрген «Жас Алаш» басылымында президенттің қызы Дариға Назарбаеваның бастамасымен өтіп жатқан 5 медиафорум қарсаңында шетелдік ақпарат құралдарында Қазақстан туралы жағымсыз ақпараттардың таратылғандығы айтылыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, белгілі саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы туралы ақпарат медиафорумға келетін қонақтар өкілдік ететін ақпарат құралдарында түгелдей дерлік жарияланған. Осыған орай автор өз мақаласында «Ауқымды тақырыптардың қатарында «саяси тапсырыспен кісі өлтіру, оның қоғамға тигізетін әсері» деген тақырып аясында пікірталас өткізіп, оған модератор ретінде бейтарап адамды қойып, Қазақстан оппозициясының өкілдерін, ресми басшылықтың өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды қатыстыру қажеттілігі туралы ұсыныс жасапты. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев «Жас Алаш» басылымына берген сұхбатында белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейін президент өзінің жеке басына, тағының тұрақтылығына қауіп төнгенін сезіп отыр деген пікір білдіріпті. Берік Әбдіғалиевтың пікірінше, Ақ орданың айналасындағылар мен отбасы мүшелерінің осы қазаға қатысы болуы мүмкін екені айтылып жатқаны, Назарбаевтың кімге сенерін білмей отырғандығын аңғартады. Саясаттанушының сараптамасына сүйенсек, мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдарын бір қолға шоғырландыруға қадам жасауы, әкімдер мен министрлерге бақылаушы қоюға әрекеттенуі осы оқиғамен байланысты.

«Время» газеті де Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қазасы төңірегінде болып жатқан оқиғаларға баса назар аударыпты. Басылымның бірінші бетінде газеттің өткен санында журналист Генадий Бендицкийдің белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өліміне байланысты қойылған бірқатар сауалдарына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы генерал Нартай Дүтбаевтың жауап бергендігі айтылыпты. «Время» газетіне берген жауабында Нартай Дүтбаев өзінің бұл өлімге президенттің отбасы мен оның мүшелерінің қатысы болуы мүмкін екендігі туралы болжамды Мемлекет басшысына айтпағандығын хабарлапты. Сонымен қатар «Время» газетінде белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өлтіруге тапсырыс берген күдікті азамат ретінде тұтқынға алынған Ержан Өтембаев туралы Виктор Верктің мақаласы жарық көріпті. Өз мақаласында Виктор Верк Ержан Өтембаевтың лауазымды қызметтерді атқарғандығына, қызмет бабында мінезі жұмсақ адам болғандығына тоқталыпты. Ержан Өтембаевтың қандай адам екендігіне, оның қарамағындағы азаматтармен қарым-қатынасының қандай болғандығына сараптама жасаған мақала авторы белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өлтіруге оның тапсырыс бергендігі туралы деректердің шындыққа үйлеспейтіндігі туралы өз ойын білдіріпті.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған «Свобода слова» басылымында да бірқатар мақалалар жарық көріпті. Газеттің бірінші бетінде Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қазасына байланысты президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтың ар-намысына тиетін сөздер айтты деп жауапқа тартылып жатқан Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің запастағы офицері Арат Нарманбетовтың ашық хаты жарық көріпті. Өз ашық хатында Арат Нарманбетов президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевты сотқа қатысып, өзінің бұл өлімге қатысы жоқтығын іс жүзінде дәлелдеп беруін сұрапты. Сонымен қатар «Свобода слова» басылымында мәжіліс депутаты Серік Әбдірахмановтың белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өліміне байланысты Бас прокурор Рәшит Түсіпбековке жазған наразылық хаты жарияланыпты.

«Куб» интеренет парақшасында жарық көрген ақпараттар ағымында Арат Нарманбетовке байланысты сотқа куәгерлер ретінде заң орнының бірқатар қызметкерлерінің шақырылатындығы хабарланыпты. Атап айтқанда сот Арат Нарманбетовтың қорғаушысының өтінішін қанағаттандырып, сот отырысына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевты және бірқатар заң орындарының қызметкерлерін шақыратын болыпты.
XS
SM
MD
LG