Accessibility links

Өзбекстан шекарашылары Қазақстан азаматтарына қарсы қару қолданды


Өзбекстан шекарашылары Қазақстан азаматтарына қарсы қару қолданды. Бұл туралы қазақстанның шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады. Олардың айтуынша Өзбекстан шекарашылары 4 оқ атқанымен зардап шеккендер жоқ. Бірақ, көршілес елдің шекарашылары Қазақстан азаматын өздерімен бірге алып кеткен деп хабарланады.

Қазақстан шекарашыларының мәліметінше Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Қуаншы ауылы маңында Өзбекстан шекарашылары осы ауыл тұрғынының меншігіндегі жигули автокөлігіне оқ атты. Кейін қазақстандық шекарашылар осы машинаны қарау барысында көліктің алдынан және артынан оқ тескен екі саңылау тапты. Қазақстанның шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлағандай Өзбекстанның 4 шекарашысы мемлекеттік шекараны бұзып Қазақстандағы Қуаншы ауылына келіп шекара қоршауын ұрлаған адамдарды іздеп жүрміз деген себеппен жергілікті тұрғындарды сұрай бастайды. Бірақ, еш ақпарат таппаған соң Өзбекстан шекарашылары ауыл маңында мал бағып жүрген Бауыржан Ахметов есімді азаматты тұтқындайды. Шекарашылар оны күшпен Өзбекстан жағына алып кетпекші болады. Сол кезде Ахметовтың бауыры жанжал болып жатқан жерге келіп, бауырын босатуды талап етеді. Нәтижесінде дау-дамай туындап, шекарашылар екі рет аспанға және екі рет машинаға ескерту ретінде оқ атады. Осы кезде жергілікті тұрғындардың кідірісін пайдаланған Өзбекстан шекарашылары ізін суытып үлгіреді және өздерімен бірге Ахметовты алып кетеді.

Жалпы, екі ел арасындағы шекарада болған бұл бірінші оқиға емес. Оның бірнеше себебі бар дейді сарапшылар. Кейбір Қазақстандық саясаттанушылардың мәліметінше, Өзбекстанның жоғарғы оқу орындарының тарих пәндерінің ұстаздары Оңтүстік Қазақстан территориясындағы Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби, Түркістан және Сайран аудандарын өзбек жері деп айтып жүр. Ал, саясаткер Дос Көшімнің пікірінше, осындай оқиғалардың болуына Қазақстан жағының шара қолданбауы себепкер болып отыр:

- Бұл өзбек шекарашыларының тәртіпсіздігі де біздің жеріміздегі мәселеде емес. Өйткені демаркация да, делимитация да өтті бұдан бір жарым жыл бұрын. Бұл бір-ақ нәрсе. Бұл Қазақстан жағының үндемеуі. Бұның созылып келе жатқанына 10 шақты жыл болып қалды. Біз соңғы осындай жағдай болған кезде Тоқаев мырзаға хат жазғанбыз. Хаттың негізгі мәселесі: егер біздің территорияда жасалған қылмыс болса, халықаралық заң бойынша және Өзбекстан мен Қазақстанның екі жақты келісімі бойынша соны жасаған адамдар Қазақстан территориясында сотталуы керек. Сондықтан өткен жылғы оқ атқан, заңсыз әркет жасаған қылмыстылар Қазақстан жағына берілу керек. Бұл жерде бірлескен комиссия дегеннің бәрі бос сөз. Халықты бір тыныштандыру үшін айтылған. Енді қарақшылық болды, тонау болды, енді адамдарымызды барымталап алып кету еш шеңберге, заңға, бауырластық көрші мемлекет дегенге де сыймайды. Егер мемлекет оны жүзеге асыра алмайтын болса, онда халық өзінің қолына алуға көшеді. Сол уақытта шекарада қанды қырғын болуы әбден мүмкін. Себебі шыдамның да шегі бар.

Ал Қазақстанның сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың айтуынша, соңғы оқиғаға Өзбекстан шекарашыларының тәртібі себеп болған.

«Бұл жағдай қайталанбас үшін халықаралық тәжірибені қолдану керек, яғни, екі елдің шекара қызметтері түсініктеме жұмыстарын әрдайым жүргізуі шарт. Әлбетте, бұл оқиға екі ел арасындағы қарым-қатынасты көркейтпейді, әсіресе, президент Назарбаевтың табысты сапарымен екі бауырлас ел арасындағы келісімдерден кейін», - дейді Ілияс Омаров.

Ал, саясаттанушы Әзімбай Ғалидің пікірінше, Өзбекстан жағындағы шекарашылар тәртібіне көңіл аудару қажет.

«Өзбекстан армиясының тәртібі өте төмен және оларда жемқорлық бар. Сондықтан, осындай оқиғалар олар жағынан болып тұрады», - дейді саясаттанушы.

Қайсібір сарапшылар мемлекеттер арасында жер алмасу сияқты жайттар болған кезде ол учаскелердің белгілі бір елге тиімді, келесісіне тиімсіз болған жағдайда бұл ақпарат жария болу керек, дейді. Ал, соңғы жағдайда Өзбекстан шекарашылары қару қолданған кезде зардап шеккендер болмады деп хабарланады. Қазақстанның шекара қызметінің баспасөз қызметінің мәліметінше Қазақстан азаматы Ахметовтың Өзбекстанда тұтқында отырғандығын құптайтын ақпарат алынған. Қазір осы жанжал туралы Қазақстанның Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктеріне ақпарат беріліпті. Енді Өзбекстан тарабымен бірге тергеу жұмыстары жүргізіледі деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG