Бүгін Непал астанасы – Катманду қаласында мыңдаған адам комендант сағатына қарамастан наразылық шеруіне шықты. Непал оппозициясы ел патшасы Гьянендраның бүкіл билікті өз қолына шоғыландырып алуына қарсы наразылық шарасын осымен 18-інші күн жалғастыру үстінде. Полиция шеруге қарсы резеңке оқ жаудырған кезде, кем дегенде 3 адам жарақат алды. Өткен жұма күні Непал патшасының атқарушы билік құзырын 7 саяси партияға беретінін жариялауы наразылық шеруін тоқтата алмады. Оппозиция конституцияға патшаның билік құзырын шектейтін өзгерістер енгізілуін талап етуде. Сенбі күнгі шеру кезінде талай кісі жарақаталды.