Accessibility links

2005 жылы Қазақстанда жұмыссыздық көрсеткіші 8 пайызға кеміген


Ал, 3 жыл ішінде елде жұмыс тапқан адамдар саны жарты миллион адамға ұлғайды, деген мәлімет таратылды. Бұл туралы сәуірдің 24-күні парламенттегі үкімет сағатында еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжана Қарақұсова хабарлады. Бірақ, көптеген депутаттар Қазақстанда жұмысы жоқ кедейлер саны әлі де көп екенін айтып, оған осы министрлік кінәлі деп отыр.

Министр Қазақстан үкіметінің 2007 жылдың соңына дейін жұмыссыздық деңгейін 7 пайызға дейін төмендету үшін шаралар қолданатындығын жеткізді. Оның сыртында, өз мамандарының біліктілігін арттырып қайта оқытатындарды демеу көзделіп отыр деп хабарланады. Осылайша, жыл сайын 20 мың адамды жұмыспен қамту немесе қайта оқыту жүзеге асырылады, дейді министр. Бірақ, кейбір сарапшылар бұл мәліметтерге күмән келтіріп отыр. Статистика органдарындағы есеп жүйесімен Қазақстандағы жұмыссыздар санын дәл айту мүмкін емес, дейді олар. Өйткені, жұмыссыздардың басым бөлігі өздігінен қамтамасыз етілген деген атауға іліккен. Парламент мәжілісінің депутаты Асқар Бисембаевтің айтуынша осы тұрғыда министрлік жұмысы қанағаттанғысыз:

- Яғни, дені сау жасы 30-ға келген жас жігіттер жұмыс істеудің орнына үкіметке алақан жайып отырған жағдайы бар. Қазір ауылды жерлерде көптеген адамдар өздерінің малдарын құртып жеміс ағаштарын шауып жатыр. Не үшін? Себебі оның болғанынан гөрі табыс көзі жоқ деп, үкіметтің тарапынан көмек алған пайдалы. Әр жергілікті жер жәрдемақыны біреуге береміз біреуге бермейміз деп әуреге түскенше осы Қазақстан көлемінде алуға тиісті азамаматтардың нормативін шығару керек. Екіншісі, бюджет қарастырылуы қалдық принципімен жүргізіледі. Қаражат жоқ болғаннан кейін әкімдер бермеудің амалына көшеді.

Ал, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжана Қарақұсованың айтуынша бәрібір тұрғындардың сиырын санау керек:

- Анау халықаралық әдістемеде барлық табысты санайды. Біз бәрін санамаймыз. Бірақ, қалай санаймыз. Оның жағдайы жаман екендігін біз қалай білеміз? Санау керек. Неге десеңіз, басқа мемлекеттерде, Ресейде бәрі санайды.

Министрдің айтуынша, қазір, жұмыс істейтіндер саны 7 миллион 200 мыңға жетті және олардың 63 пайызы жалдамалы жұмысшылар деп хабарланады. Министрдің айтуынша, соңғы жылдары елде жыл сайын 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылып келеді және оның шамамен жартысы елді мекендерде, дейді ол. Бірақ, министрдің айтуынша өздігінен қамтылғандар саны әліде үлкен болып тұр. Олардың арасында тұрақсыз және үлкен емес табыс алатындар көп, бірақ жәрдемақы алатындарда бар, дейді ол. Ал, Парламент мәжілісінің депутаты Тито Сыздықовтың айтуынша жұмысы жоқ отбастарына жәлдемақы дұрыс берілмейді:

- 2006 жылдан бастап төмен деңгейдегі көп балалы аналарға 4 мың теңгеден әр балаға жәрдемақы берілу керек. Өкінішке орай, министрліктің жіберген құжаттары бойынша кейбір елді мекендерде көп балалы аналар тиісті ақшаларын ала алмай жүр. Елде ақша жетеді. Біз мына жәрде ақшаны бөлеміз. Президент айтады. Енді басқа құжаттар арқылы осы ақшаны бишара халыққа жеткізбеуге тырысады. Бір жағынан береміз деп айтып, бір қолмен бермеу, дұрыс емес.

Ал, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжана Қарақұсованың айтуынша бұған министрлік емес, жергілікті орындардағы әкімдер кінәлі. Бірақ, бұрын болмаған тексерулер енді енгізіледі, деді министр:

- Жергілікті атқарушы органдар біздің қаулыларды оқымайды. Кейін олар ой, сенде сиыр барғой деп бермейді. Бірақ, біз әр тоқсан сайын бәрін тексереміз. Кейін президент әкімшілігіне хат жазамыз.

Бірақ, Гүлжана Қарақұсованың айтуынша, техникалық құрылыс және ауыл шаруашылық саласындағы мамандарға сұраныс өсіп тұрған шақта мұнайөндіру саласындағы кадрларда көбейіп келеді. Яғни, ұсыныс пен сұраныс арасында баланс жоқ, өйткені кәсіби дайындықпен жұмыс күшіне деген сұраныс арасында байланыс көрінбейді, дейді министр. Сондықтан Гүлжана Қарақұсова кластерлер құрылып жатқан жерлерде шикізаттан тыс салаларда жұмыс орындарын ашуды ұсынып отыр. Ал, Қазақстан тұрғындарының бұл мәселеге қатысты пікірі жұмыссыздар мен жұмысы бар адамдар сияқты екіге бөлінген:

- Біз өзі кішкене еріншектеу адамдармыз. Соған тартамыз. Әйтпесе халымыз жақсы. Тақыр кедей жоқ.

- Байларға қарағанда кедейлер саны ауылда көп. Ауылда олар еркін ішіп еркін жеуге жетіспейді кейбір жағдайда. Бай болса, ала сөмке көтеріп қаңғырып жүре ме үйін бала-шағасын тастап.

- Ауылда енді қимылдамай отырған адамдар расында кедей болып отыр. Оның шындығы бар. Ал, қимылдап еті тірі жігіттер өзінше күн көріп жатыр.

- Жұмыс орны жоқ. Олар қайда барады. Жеке меншік кәсіпорындарға барса олар ақша төлемейді. 25-45 мың төлейміз дейдіде, 4-5 айдан кейін алдап соғады. Сонымен халық тентіреп жүр.

Ал, кейбір экономистердің пайымдауынша, бір адамның жұмыс таппауы мемлекет үшін қауіп. Өйткені, жұмыссыз адамдар тұтынушы ретінде көп тауар сатып алмайды, осыдан келіп, сұраныс азаяды. Ал, бұл өз кезегінде елдің көптеген экономикалық көрсеткіштерінің төмендеуіне әкеп соғады, дейді экономистер. Ал, заңгерлердің пікірінше, жұмыссыздық қылмыстың, нашақорлықтың, ішімдікке салынғандардың көбеюіне әкеп соғады.
XS
SM
MD
LG