Бүгін Палестина президентін қолдайтын ФАТХ қозғалысының қарақшылары Газа аймағындағы денсаулық сақтау министрлігіне шабуыл жасады. Олар министрлікті күзетіп тұрған “Хамас” тобының қауіпсіздік күшімен атысып қалды. Оның алдында ғана ФАТХ қарақшылары Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Наблус қаласы әкімінің кеңсесіне шабуыл жасап, қаланың “Хамас” ұйымы тағайындаған әкімі мен қызметкерлерін қуып шықты. Осы оқиғаның қарсаңында бүгін Қайырда сапарда жүрген Палестинаның сыртқы істер министрі Махмуд Әз-Заһар “Хамас” ұйымы бастаған Палестина үкіметі мен президент М.Аббас жетекшілік еткен ФАТХ қозғалысы арасындағы жанжалды тоқтату үшін “ең жоғарғы деңгейде келіссөз” өтіп жатқанын хабарлады.