Accessibility links

Құрманбек Бақиев Қырғызстанның президенті ретінде Ресейге өзінің алғaшқы ресми сапарына келді


Қырғызстан президенті Құрманбек Бақиевтің Ресей астанасындағы екі күндік ресми сапары басталды. Бақиев өткен жылғы халық көтерілісі нәтижесінде биліктен кеткен сол кездегі президент Асқар Ақаевтың орнына Қырғызстан жетекшілігіне келген болатын. Сонымен, өткен бір жылда, жаңа президент жетекшілігінде Қырғызстанда қандай өзгерістер орын алды?

Президент Бақиев осы кезге дейін ондай ресми сапармен ешқандай мемлекетте болмаған. Қырғызстан үшін Ресейдің мәні аса зор. Ол тек қана сауда-саттық байланысымен шектелмейді. Қырғызстанда АҚШ-пен қатар Ресейдің де әскери қосындары тұр. Қырғызстан Ресеймен бірге Шанхай және ЕурАзиялық ұйымдарынан орын алған. Ал экономикалық байланыс өз алдына үлкен маңызды мәселе екендігі рас.

Дегенмен, өткен жылы наурыздағы Қырғызстанда болған халық көтерілісіне кері көзқараста болған Ресей тіпті бұрынғы президент Ақаевқа және оның отбасына Мәскеудің төрінен жылы орын берді. Ол кездегі саяси ахуал, бәлкім, соны қажет еткен болар. Себебі, оған дейін Грузия мен Украинада түрлі-түсті төңкерістер болып өткен еді.

«Азаттық» радиосынан хабарлап келе жатқанымыздай, алғашқы кезде А.Ақаев билігінен кейін игі өзгерістер болады деп үміт еткен ол елде керісінше жағдай күрделеніп кетті. Өзге қасақана қазаны айтпағанда, үш бірдей депутат атып өлтірілді. Экономикалық салада бірер алға жылжу байқалмады. Сол шағын Қырғыз елінің өзі екі аймаққа бөлініп, әкімшіліктегі адамдарының сойылын соғып, тұрақсыздық пайда болды. Тіпті, бір топ президент қызметтен кетсін десе, екінші бір жақ бас министр Феликс Құлов жұмысын тапсырсын деген ұран тастады.

Дегенмен президент Бақиев әлі де болса болшақтан өз үміт-сенімін жоғалта қойған жоқ секілді. Бұл арада Қ.Бақиевке президент Путиннен қолдау көрсетілді. Дегенмен президенттер Мәскеуде кездескенде Владимир Путин:

- Сіздің ел Қырғызстанда әлі де болса жағдайдың қиын екендігін білеміз. Әсіресе, әлеуметтік, экономикалық салада мәселелер көп. Дегенмен екі елдің дамуында өзара ынтымақтастықтың аса маңызды екендігі рас, - деген еді.

Бірақ Путин Ресейдің Қырғызстандағы инвестициясы өте мардымсыз екендігін де жасырмады. Ал қырғыз басшысы екі ел арасындағы сауда байланыстарының ұлғаюына сенетінін айтты.

- Екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Ал алдағы бір екі жылда бұл орайда тағы да жоғарылау болады, - деді президент Қ.Бақиев

Президент Путинның айтуынша, өзара сауда 2004 жылы - 30, ал 2005 жылы 40 пайызға ұлғайған. Қырғызстандағы Ыстықкөл жағасында Ресейдің әскери бөлімшесі орналасқан.

Ал Мәскеу сапарының алдында президент Қ.Бақиев АҚШ-тың Манас әуе алаңындағы қосындары жөнінде, дәлірегі, жалақысы туралы маусымға дейін келіссөз жүргізіп, бәлкім әуе алаңының бағасы күрт өсетіндігін жариялаған болатын. Ал Ресей кезінде АҚШ-тық әскерилердің Қырғызстаннан шығып кететін мерзімін белгілеу қажет деген ұсыныс та айтқаны мәлім. Өз кезегінде президент Путин Ресейдің Қанттағы әскери базасының жаңа қондырғылармен жабдықталатындығын еске салды. Оның үстіне жаңа жобаларды талқылау үшін Бішкекке Ресей бас министрінің орынбасары, Ресей Атомдық қуат агенттігінің жетекшісі Сергей Кириенко маңызды мәселемен келіп кетті.

Қ.Бақиев Мәскеуде, сондай-ақ, «Газпром» жетекшісі Миллермен кездесіп, газ алу мәселесін талқыласа, Біріккен энергия жүйесінің басшысы Чубайспен сонау советтік кезеңде басталып, аяқталмай тасталған үлкен гидроэлектр стансасының құрылысын аяғына жеткізу мәселесін де қарастырмақ.

Бүгін Қырғызстан президентінің Мәскеудегі сапарының екінші, соңғы күні.
XS
SM
MD
LG