Accessibility links

Қазақстандық оппозиция өкілдері Еуропарламенттен оралды


Еуропа парламентінің мүшелері Қазақстандық оппозиция қайраткері Ғалымжан Жақияновтың арнайы шақырумен Еуропарламентке келе алмай қалғанына алаңдаушылық танытты. Осыған байланысты Еуропалық парламент депутаттары арнайы мәлімдеме жасап, бұл мәселеге байланысты ресми Астанадан жауап алғысы келеді. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемеге жауап келесі аптада болуы мүмкін деген айтады. Бұл туралы министрлік өкілдері сәуірдің 29-күні “Азаттық” радиосына хабарлады.

Қазақстандық оппозиция белсенділерінің Еуропаға жасаған сапары толығымен аяқталған жоқ. Себебі, бұл сапарға оппозиция лидерлерінің бірі Ғалымжан Жақиянов бара алмағандықтан, алдын ала жоспарланған көптеген кездесулер кейінге қалдырылған. Бұл туралы сенбі күні “Әделетті Қазақстан үшін” қозғалысының белсендісі Төлен Тоқтасынов “Азаттық” радиосына берген сұхбатында хабарлады.

Оның айтуынша, Еуропарламентте оппозиция өкілдері, яғни “Әделетті Қазақстан үшін” қозғалысының белсенділері - Ораз Жандосов, Төлен Тоқтасынов, Әміржан Қосанов және оппозицияның шетелдегі бюро белсендісі Серік Медетбеков Қазақстандағы саяси жағдай мен оппозиция төңірегінде қалыптасып отырған жағдай туралы баяндап берген. Еуропалық парламент депутаттары өз кезегінде бұл кездесуге Ғалымжан Жақиянов пен Болат Әбіловтың келе алмағанына алаңдаушылық білдіріп, арнайы мәлімдеме жасап, онда ресми Астанадан оппозиция қайраткерлерін елден шығармай қоюдың себебі неде жатқанын білгісі келетінін айтқан. Мұндай мәлімдемені Еуропалық парламент өкілдері сәуірдің 27 күні таратыпты. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай мырза бұл мәлімдемеге жауап келесі аптада болатын шығар дегенді айтып отыр.

Ал бұл жолы Еуропалық парламент депутаттарымен кездесуге бара алмаған Қазақстан оппозициясының лидері Ғалымжан Жақиянов алдағы мамыр немесе маусым айларында ол жаққа барып қалуы мүмкін дейді оның саяси әріптестері.

- Сонда осы жолы іске асыра алмай кеткен жоспарлы кездесулерді өткіземіз, - дейді “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының мүшесі Төлен Тоқтасынов.

Еуропарламентте болған кездесуге оппозиция өкілдерінен өзге Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Константин Жигалов мырза да қатысқан. Екі жақ республикадағы жағдайды әр тарап өз көзқарасымен сипаттап, баяндап беруге тырысқан. Кездесуге қатысқандардың тағы бір саясаткер Әміржан Қосанов бұл сапар нәтижелі болды деп отыр.

- Осыдан бір жарым ай бұрын Еуропа кеңесінің парламенттік Ассамблеясында Жармахан Тұяқбай мен Әкежан Қажыгелдин кездесіп, елдегі ұлттық мәмілеге араағайын болуға сол Еуропа кеңесінің парламенттік Ассамблея депутаттарының келісімін алған еді. Демек, комитеттің төрағасы «біз Қазақстанда билік пен оппозиция арасында әңгіме басталса, соған мониторинг жасаймыз» деген әңгіме айтқан болатын. Мен өз баяндамамда осындай бастаманы Еуропалық парламент депутаттары да қолдап, мониторингқа қатысса деген тілегімізді жеткіздім. Олардың кейбірі, яғни мәжілісті жүргізген Она Юкневичиене, осындай бастамаға өз қолдауын көрсететінін айтты, - дейді Ә.Қосанов мырза. Оппозиция өкілдері жетістік ретінде бағалап отырған жайттарға қазақстандық саясаткер Қаһарман Қожамбердиев сыни тұрғыдан қарайды. Оның себебін саясаткер өзінше түсіндіреді.

- Оппозиция мен үкімет өкілдерінің әңгімесін тыңдау - Еуропалық парламент депутаттарының күнделікті жұмысы. Сол себептен бұл Қазақстандағы жағдайға айтарлықтай өзгеріс әкелетін оқиға емес, оппозиция өкілдерінің бұл әрекетінің нәтижесі аз деп айтуға болады. Ресми Астана көп векторлық саясатты жүргізіп отырғандықтан, бүгінгі таңда республикадағы ішкі саясатқа араласқысы келетін мемлекеттер аз, - дейді Қаһарман Қожамберді.
XS
SM
MD
LG