Accessibility links

Қазақстан үкіметі ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін отандық кәсіпкерлер үшін қосымша құн салығын екі есеге дейін азайтуды жоспарлап отыр


Қазақстан үкіметі ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін отандық кәсіпкерлер үшін қосымша құн салығын екі есеге дейін азайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы республикалық кеңес барысында ауыл шаруашылық министрі Ахметжан Есімов хабарлады. Ал, өңдеуші кәсіпорын иелерінің көбісі бұл жаңалықты қуана қарсы алды, өйткені Қазақстан әлі күнге дейін ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеудің орнына көбінесе арзан бағаға өңделмеген күйінде сатып келеді.

Қазақстанның ауыл шаруашылық министрі Ахметжан Есімовтың айтуына қарағанда министрлік салық көлемін 50 пайызға азайту туралы құжат дайындады. Оның сыртында қосымша құн салығын төлемейтін фермерлерден шикізат сатып алатын өңдеуші кәсіпорындарды сол шикізаттан салық төлеуден босату ұсынылды. Ауыл шаруашылық министрлігінің департамент бастығы Берік Оспановтың айтуынша негізі осындай екі ұсыныс жасалды:

- Ол жерде екі мәселені біз қарастырдық. Біріншісі, өңдеу кәсіпорындарына 50 пайызға дейін салықты азайту, бірінші мәселе. Екінші мәселе, біздің өңдеушілер шикізат сатып алса фермерлерден, оларды сол мөлшерде қосымша құн салығынан босату.

Ал, Фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дариновтың айтуынша, бұл шаралардың тиімділігі мол, бірақ, ескерілмеген жайттарыда баршылық:

- Шынындада статистика бойыншада етте, сүтте, майда, шайда сырттан келіп жатыр. Мысалы 200 теңгеге ет тапсырсақ, өндірушілер оған 15 пайыз қосымша құн салығын қосып ет, сүт, майымыз қымбаттап кететіні содан. Үкіметтің бұл шарасы дұрыс, бірақ, сүт алатындар жазда сүтті дұрыс алады, ал, қыста олар сүт алмай ұнтақты араластырып өздері арзанға сатыды. Соған қадағалау болса екен дейміз.

Өңдеуші кәсіпорын иелерінің айтуына қарағанда бұл шараны ертерек енгізу керек еді. Өйткені, қазір Қазақстанда әлемдегі ең сапалыға жататын бидай өсірілетініне қарамастан, одан дайын өнім шығаратын компаниялар жоқтың қасы. Бірақ, тұтынушылар бидай емес, одан жасалатын нан және тәтті тоқаштар жемейді ме, дейді олар. Ал, Ауыл шаруашылық министрлігінің департамент бастығы Берік Оспановтың айтуынша мұның себебі бар:

- Ерте дегенде мәселе былай: әр ұсыныс қаралу керек, есептелу керек. Сосын өзіңіз білесіз салық мәселесі бюджет мөлшеріне байланысты. Бүгін біз салықтың бәрін азайта беретін болсақ, бюджет ақшасыз қаладығой, дұрысқой. Ол сосын біздің экономикамыздың соңғы кездегі дамуынада байланысты, егер жағдайымыз қиын болса онда салықты көтеру мәселесін қарар едік.

Ресми ақпаратқа сәйкес, осы жаңа енгізулер туралы заң жобасы жуық арада парламент қарауына беріледі. Фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дариновтың айтуынша қосымша құн салығын төмендетуге арналған заң жобасына әліде өзгерту енгізуге болады:

- Бір ерекшелігі бар, жұмыс тобына жергілікті жерлерден фермерлерді қосып отыру керек. Жағдай туғызылады. Бірақ, жергілікті жерде әкімшіліктер ақшаны алу үшін шұжық цехін қоямыз дейді. Ол керек пе, керек емеспе? Ол жерде ет бар ма, сүт бар ма? Ол ертең екі есе қымбатқа соқпай ма, деп соның бәрін маркетингтік зерттеу істеп жасаса, деген біздің көңіліміз. Былай қарап отырсаңыз, ауыл шаруашылығының оңбай жүргені министр ауыса береді. Бұл мәселе айтылған. Әрине парламентте қабылданса жеңілдік болады. Бірақ, бізде заң қабылданып тұрып орындалмайды.

Кейбір өңдеушілер болса, қазір сәнге айналып кеткен кластер сөзі, яғни, тізбекті ертерек дамыту керек еді, дейді. Себебі көптеген Ресей және басқада шет елдік кәсіпкерлер Қазақстанға жабдықтарын әкеліп, жергілікті ауыл шаруашылық өнімді өңдеп, пайдасын көріп жатыр. Ал, нарық заңдарына сәйкес, базарға ерте шыққан кәсіпкер кеш келгендерге қарағанда өз өнімінің позициясын айқындап үлгіреді, дейді экономистер.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG