Accessibility links

Орталық Азия елдерінде балалар еңбегінің қаналуы орын алып отыр


Халықаралық еңбек ұйымы Қазақстандағы балалар еңбегінің қаналуымен күрес шараларына 400 мың доллар бөлді. Бұл туралы Астанада 3 мамыр күні жоба үйлестірушісі София Ан хабарлады. Оның айтуынша балалар еңбегі әскери жанжалдарда, жезөкшелікте, жыныстық қатынастар көрсетілетін бейне және фото камераға түсірілуде және есірткі сатуда пайдаланылады.

Астананың кәмелетке толмағандарды оқшаулау орталығында жатқан 17 жасар қыз бала соңғы 3 айда жезөкше болып жұмыс істегенін айтады. Өз айтуынша, ол жезөкшелікке құрбысының айтуымен барыпты. Осы орталықтың аға инспекторы Гүлнар Сатенова, осы қыз сияқтылар Астанаға сырт жатқан келушілер арасында кездеседі деп отыр.

- Енді жезөкшелер саны өсіп жатыр. Негізі, бізге келетіндердің көбін Қарағанды облысының Теміртау қаласынан келгендер құрайды. Олардың жартысын ұрлап, алдап әкелген, Астанада кафеде жұмыс істейсіңдер деп. Сондықтан олар ата-анасынан қорқады, бізге де айтады, қандай жұмыс істегенімізді айтпаңдар деп.

Ішкі істер министрлігінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі департамент өкілі Нұрлан Ізгүттиевтің айтуынша, дәл осындай балалар қаналу қаупінде тұр. Өткен жылы Қазақстан бойынша кәмелетке толмағандарды оқшаулау орталығына 9 жарым мыңнан астам жеткіншек орналастырылыпты. Бұл балалардың барлығы панасыз далада қалғандар дейді ол. Ізгүттиевтың айтуынша, балалар еңбегін қанау фактілері Қазақстан бойынша кездеседі. Астананың кәмелетке толмағандарды оқшаулау орталығының аға инспекторы Гүлнар Сатенова балалар еңбегін пайдаланып, қанау Астанада да жиі кездесетінін айтады.

- Осы жылы 5 бала Қарақалпақстаннан келді. Олардың ақылары төленбеген, тұратын жері болмаған, өздері әржерді паналап жүрген. Оған дейін де Өзбекстаннан келген 3 бала болды. Олар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеген. Тамақтары тоқ емес. Осында түскенде қарағанымызда балалардың үсті-басы кір. Әлгі 2005 жылы Өзбекстаннан келгендерді жұмысқа салған 3 азамат жауапқа тартылды. Ал, осы жылы Қарақалпақстаннан келген 3 балаға біз материал жинап бердік. Әлі тергеу жүргізіліп жатыр.

Ал, Қазақстанның білім министрлігінің балалар құқын қорғау комитетінің өкілі Эльвира Мұхамедиеваның айтуынша, Оңтүстік Қазақстанда мақта жинау кезінде балалар еңбегін қанау бар.

- Бірақ, балаларды құл ретінде жұмсау жоқ. Ал, жезөкшелік бар екендігі рас, - дейді ол.

Мұхамедиеваның айтуынша балалар өз құқықтарын біле бермейді және балалардың еңбегін пайдаланатындар оларға аз еңбекақы төленетіндігін біледі.

- Бірақ, енді Қазақстандағы балалар еңбегінің қаналуымен күрес шараларына ағарту мәселесі қосылды. Енді 15-пен 16 жас аралығындағы мектепті тастап кеткен балаларға білім беру, және 17-18 жас аралығындағы жеткіншектерге кәсіби білім беру көзделген. Бұл жұмыстар Қазақстан 2003 жылы қосылған Халықаралық еңбек ұйымының конвенция талаптарына сай жүргізіледі, - дейді ол.

Халықаралық еңбек ұйымының жоба жетекшісі Ларс Йохансен болса, ол конвенцияға қосылып, талаптарды қабылдау бір нәрсе, бірақ, сөз бен ниетті шындыққа енгізу одан да маңызды іс екенін атап айтады.

Халықаралық еңбек ұйымының елдердегі жоба үйлестірушісі София Анның айтуынша, балалар еңбегі мақта мен темекі жинауда, базарларда, қала көшелерінде және қылмыстық бизнесте қолданылады. Ауыл шаруашылығында ауыр жүк көтеретін балалар бар, дейді ол. Ал, осы құбылыспен күресу үшін Германия және АҚШ-тың көмегімен Орталық Азияға қаржы бөлініп отыр.
XS
SM
MD
LG