Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктестерің өліміне байланысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары аяқталып қалған тұста жаңа деректер пайда болды


Қазақстанның заң орындары саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші деп қамауға алған Ержан Өтембаевтың әйелі күйеуінің бұл іс бойынша алғашқы берген жауабынан бас тартып жатқанын айтып, мәлімдеме жасап отыр. Бұл мәлімдеме Қазақстан қоғамында түрлі пікір қалыптастыруда.

Қазақстан парламенті сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың әйелі Людмила Тен, сейсенбі күні “Интерфакс-Қазақстан” ақпарат агенттігі таратқан мәлімдемесінде, оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші деп қамауға алынған жұбайы Е.Өтембаев бұл іс бойынша алғашқы берген жауабынан бас тартып жатқанын айтқан. Бұл мәселеге байланысты сәрсенбі күні «Азаттық» тілшісінің қойған сауалына Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері Арман Жусанбай келесідей жауап берді:

- Бізде ондай саяси оқиғалар жайында ақпарат болмайды. Министр сот отырысы ашық болады деп айтты ғой. Ал сот отырысы қашан болатыны жайында сіздерге қосымша хабарлайтын боламыз. Әзірге бізде ақпарат жоқ, жоғары жақта отырған азаматтармен, мәселен, парламент депутаттарына хабарласыңыздар.

Өткен жұма күні Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары аяқталып қалды деп жариялаған болатын. Тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін күдікті азаматтар мен олардың қорғаушылары бар құжаттармен танысып шығады, бұл ары кетсе 15-20 күндей уақыт алады деген. Алтынбек Сәрсенбайұлының серіктесі, “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай Ержан Өтембаевтың әйелі жасаған мәлімдеменің артында Өтембаевтың өзіне ыңғайлы қадамдар жатыр деген ой айтады.

- Бұл - Ержан Өтембаевтың қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында немесе жасалған қылмыстың басты айыпкері болмай, оған тапсырыс берген адамның атын айтуға жасалған әрекеті болуы ықтимал. Егер де біріншісі болса, ол Ержан Өтембаевтың бүгінгі қылмыстан құтылуы үшін, мен Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіріңдер деп тапсырма берген жоқпын, мен тек ұрыңдар деп тапсырма бердім, деуі мүмкін. Ал, екінші жағдай болса, онда ол шынайы осы қылмысты ұйымдастырған кім екенін айтса, онда, әрине, оның жазасы, қылмысқа деген қатынасы айтарлықтай төмендейтінін ол біледі, - дейді бұрынғы Бас прокурор Жармахан Тұяқбай.

Бұл оқиғаға байланысты біз пікірін білуге тырысқан саясаткерлердің бірі, Қазақстан парламентінің депутаты, президенттік “Отан” партиясының мүшесі Уәлихан Қалижан бұл мәлімдеме жайында естімеген болып шықты.

- Мен көрген жоқпын, естіген жоқпын, сол себептен өзім естімеген оқиға жайында ешқандай түсініктеме бере алмаймын, - деді Уәлихан Қалижан.

Ал марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының серіктестері жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына риза емес.

- Біз бұл тергеу жұмыстарының аяқталғанын күтеміз, сосын өз деректерімізді жариялаймыз, - дейді “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай.

Бұл іске байланысты кезінде парламент депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ержан Өтембаев өз кінәсін мойындап, маған хат жазды» деген болатын. Енді Ержан Өтембаевтың әйелі жасаған мәлімдемеден кейін қоғамда тергеу жұмысына деген күдік одан әрі күшейе түсті, дейді Алматыдағы адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.

- Менің пікірімше, ресми Астана шындықты айтпаса, одан әрі тығырыққа тығыла береді. Сол себептен қоғамды алдамай, барлығын шын айтқаны дұрыс, - дейді адам құқығын қорғаушы.

Қазақстанның саяси элитасындағы танымал тұлғалардың бірі болған, бұрын республиканың ақпарат министрі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған, ал осыдан 3 жылдай бұрын оппозиция қатарына қосылған Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның қасындағы күзетшісі және көлік жүргізушісін үстіміздегі жылдың ақпан айында Алматының шетінде белгісіз біреулер атып өлтіріп кеткен болатын.
XS
SM
MD
LG