Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.04.2006 жыл


Бүгінгі баспа беттерінің көпшілігі тағы да Қазақстандағы сөз бостандығы төркінінде әңгіме қозғайды. Газеттердің алғашқы беттері министр Ермұхамет Ертісбаевтің Парламенттегі есебі мен ірі телеарналарға қатысты саясаты турасындағы мақалалармен толысты. Қазақстандағы «орыс мәселесі» және қазақ тілінің мәртебесі де бейсенбілік баспасөз назарына ілігіпті.

«Сөз бостандығы бойынша сап түзеген 194 мемлекеттің ішінде Қазақстанға 165-ші орын бұйырыпты» деп бастайды «Жас алаш» газеті «Freedom house» үкіметтік емес ұйымының есебін келтірген мақалада. Аталған ұйымның Қазақстандағы өкілі Антонио Стангоның айтуынша, «2005 жылы Қазақстан сөз бостандығы мәселесінде бір қадам да ілгері жылжымаған». Сөз бостандығының деңгейі құқықтық реттеу, саяси бақылау және экономикалық реттеу секілді үш бағытта анықталады» делінген мақалада.

«Мен пешка емес, министрмін» деген атауға ие Ермұхамет Ертісбаевпен сұхбат «Время» газетінде басылды. БАҚ туралы заңның қазақ және орыс тілдерінде 50-де 50 қатынасты ережесі турасында министрге қойылған алғашқы сұраққа Ертібпаев мырза: «Мен заңды жақсы білемін, оған күмәніңіз болмасын. «Қазақстан» арнасы бұл заңды бұзып отырған жоқ. Қоса айтарым, Тіл саясаты туралы заңды толығымен орындап ортырған Қазақстандағы жалғыз арна бұл», деп жауап береді. Әңгіме барысында министр мырза «Қазақстан» арнасын жаңа сапалы деңгейге көтеру және «Хабар» агенттігінің 100 пайыз акциясын мемлекетке қайтару алғашқы міндет» екендігін айтып, «осыны жыл аяғына дейін орындай алсам, шенеунік нанымды ақтағаным» дейді. Ал «Хабар» агенттігін жыл аяғына дейін мемлекеттендіруді қалай жүзеге асырмақсыз? Жеке акционерлердің акециясын күштеп тартып алмассыз?» деген сауалға министр: «Әрине, жоқ. Біз акционерлік қоғам туралы заңның негізінде әрекет етеміз. Бұл жағдайда мұның барлығына шамамен 2-3 ай қажет болады» деп жауап береді.

Осы мәселеге қатысты «Ана тілі» газеті «Хабар» телеарнасы толығымен мемлекет қарауына өткелі жатыр екен. Бұған депутаттар тарапынан (мысалы, Дариға Назарбаева) еш қарсылық болмаған көрінеді» деп жазады. Министр Ертісбаев, «Время» газетіне берген сұхбатында, «КТК телеарнасы тіл туралы ережені өрескел бұзып отырғандығын айқақтайтын құжаттарды прокуратураға бергелі жатқандығын» айтып, «КТК немесе 31-ші арналардан қысым көретіндігін», «одан қалды, өз атына әртүрлі қоқан-лоқы жазылған SMS хабарламалар түсетіндігін» жасырмайды.

«Түркістан» газетінің алғашқы бетінде «Ресейден тыс өмір сүріп, орысша ақпарат тарататын орыстілді журналистер Астанада Конгресс өткізетіндігі туралы» мақала басылыпты. «Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл жөнінде көп нәрседен хабарсыз болып шықты» деп жазады журналист Кәмшат Тасболатова. Мәселеге қатысты пікірінде саясаттанушы Дос Көшім: «Мұның астарында саясат жатыр. Ең бірінші кезекте қазақ журналистикасының мәселесі қаралуы керек еді. Себебі ол өте қатты қордаланып қалды» дейді.

«Статистикалық мәліметке көз жүгіртер болсақ, «орыс мәселесі» Қазақстанда біртіндеп маңызын жоғалтып барады», деген пікір «www.apn.kz» электронды басылымында айтылыпты. Мақала авторы Павел Святенков «Ресей шетелдердегі орыстарды қолдап отырған жоқ. Батыс, қазақстандық мемлекеттіліктің сақталуын қалайды. Сол себепті орыс қауымының құқығын мәдениет, экономика және саясат саласында кеңейткені құптарлық. Бірақ, бұл жағдай қазақ мемлекеттілігінің нығайюына сеп болады» деген қорытынды жасайды.

«Қазақстандағы қазақтардың жалпы саны 9 миллионға жетті, республика тұрғындарының 60 пайызы – жергілікті ұлт өкілдері» деген мәліметті демограф Мақаш Тәтімов «Жас Алаш» газетінде келтіреді. Ғалымның пікірінше, алдағы уақытта қазақ халқының табиғи өсімі жоғарылай бермек. «Жақында, Алматыдағы перзентханада Күнсұлу Бекбашева үшем босанды. Оның отбасында бұдан бұрын төрт бала бар екен. Үшем босану жүз мыңнан бір кездеседі. Сәбилерге Мұқағали, Иманғали және Сара деген есімдер берілді» деп хабарлайды «Жас Алаш» басылымы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG