Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қатысты қарар дайындап жатыр


БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екі тұрақты мүше елі - Британия мен Франция, оларға Германия қосылып, Иранның ядролық мәселесіне қатысты қарар жобасын жариялады. Онда Иран тез арада уран байыту ісін тоқтатсын делінген. Алайда, Қауіпсіздік Кеңесінің тағы басқа тұрақты мүше елдері – Қытай мен Ресей – қазіргі қарар жобасының кейбір баптарын сынға алды.

Осы соңғы жарияланған резолюция жобасы Қауіпсіздік Кеңесінің наурыз айындағы Иранға қатысты шешімін қайталайды. Дәлірек айтқанда, наурызда Иранды даулы ядролық бағдарламасынан бас тартқызу үшін оған бірте-бірте қысым жасау туралы шешім қабылданған болатын.

“Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелері Иран мәселесіне қатысты қазір әрекет жасау керек екендігін түсінеді. Олар осыған қатысты қарар шығару керек екендігін түсінеді. Біз, БҰҰ Жарғысының 7-ші тармағы болу керек деп ойлаймыз, өйткені Атом энергиясы бойынша халықаралық МАГАТЭ агенттігінің кейбір талаптарын, әсіресе Иран барлық уран байыту әрекеттері мен ауыр-сутегі реактордың құрылысын тоқтатуы керек деген талабын міндетті етуіміз керек, бұл қазір өте маңызды”, - деді БҰҰ-дағы Франция елшісі Жан-Марк де Ля Сабриер.

Ал БҰҰ-дағы Британия елшісі Эмир Джонс Пэрри БҰҰ-ның мүшелерін ядролық технологияның Ирандықтардың қолына түсуіне жол бермеуге шақырды.

Ресей мен Қытай қарар жобасының кейбір баптарын сынады. Олар БҰҰ Жарғысының 7-ші тармағындағы мәжбүрлеу сияқты бөлігін сынап отыр. Қытай мен Ресей өкілдерінің айтуынша, мұндай резолюция Иранмен арадағы шиеленісті жағдайды одан сайын күрделендіре түседі. Осыған байланысты БҰҰ-дағы Ресейдің жаңа елшісі Виталий Чуркин былай деді:

“Біз үшін мына нәрсе айқын болуға тиіс: резолюцияда, біріншіден, ешқандай санкция туралы айтылмау керек. Онда санкция туралы жазылмаған. Қарар жобасында санкция туралы айтылмаған”.

Чуркиннің айтуынша, Ресей мен Қытай Иранға қарсы мүмкін болған күш қолдану әрекетін қолдамайды.

Ал БҰҰ-дағы АҚШ елшісі Джон Болтон Америка Құрама Штаттары резолюция жобасының тезірек қабылдауын қалайды деді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүше елінің сыртқы істер министрлері мен Германия өкілдері мамырдың 8-і мен 9-ында Нью-Йоркте кездеседі. АҚШ елшісі Болтон сол уақытқа дейін бұл қарар мақұладанады деп үміттенеді.

Наурыздың соңында Қауіпсіздік Кеңесі Иран барлық уран байыту әрекеттерін тоқтатсын деген талап қойған болатын. Ал сәуірдің 28-і күні МАГАТЭ басшысы Мохаммад Әл-Барадей Иран оған қойылған талапты орындамады деп мәлімдеді.

Батыс елдері Иран жасырын түрде ядролық қару жасамақшы дейді, бірақ бұл айыптауларды Теһран жоққа шығарып отыр. Иран өкілдері ядролық бағдарламамызды бейбіт мақсатта дамытып жатырмыз деп бірнеше рет айтқан еді.
XS
SM
MD
LG