Accessibility links

Еуро Одақтың Сербия-Черногорияны мүшелікке қабылдау келіссөздері Ратко Младичті тауып берсе ғана жалғасады


Cербия-Черногория елінің Еуропа Одағына кіруі – бұрынғы Югославияда 1990 жылдары соғыс қылмыстарын жасады деп күдіктелген Босниялық Серб генералы Ратко Младичті ұстап беруіне байланысты болады. Сербия үкіметінің басшысы Войишлав Коштуницаға іздеудегі Младичті наурыз айының соңына дейін Гаагадағы халықаралық қылмыстар трибуналына тауып беруге уақыт берген. Коштуница өз үкіметі Младичті табуға жақын қалды деп айтқаннан кейін ол мерзім тағы бір айға созылды. Еуропа одағы белгілеген мерзім де сәрсенбі күні аяқталып, Еуро Одақ Сербия-Черногорияның Одаққа қабылдану жөніндегі келіссөздерін тоқтатты. Осыған байланысты Гаага сотындағы бас айыптаушы Коштуница үкіметін “өтірікші” деп атады.

Еуропа Одағының кеңею жөніндегі комиссинері Олли Рен сәрсенбі күні Одақтың Брюсселдегі штаб пәтерінен мәлімдегенінде, іздеудегі Младич табылмай отырғандықтан, Сербия-Черногориямен келіссөздерді тоқтатқаннан басқа таңдауы жоқ екенін айтқан.

«Еуропалық Комиссия сол себепті Тұрақтылық пен ынтымақтаса бірігу келіссөздерін тоқтатады. Сербия толық ынтымақтастыққа қол жеткізгенде ғана, Комиссия келіссөздерді қайта жалғастыруға дайын болады», - деді ол.

Бұрынғы Югославия бойынша БҰҰ-ның Халықаралық қылмыстар жөніндегі Трибуналы, Ратко Младичті 1995 жылы геноцид жасап, Боснияның Сребреница аймағындағы 8 мың мұсылман ері мен ұл балаларын қырған деген айып тағып отыр. Бұл Екінші Дүниежүзілік соғыстан бергі ең ауыр қырғын болған. Сол 1991-1995 жылдары Босниядағы соғыс кезінде Младич Серб күштеріне қолбасшылық еткен генерал болғанда, 200 мыңдай адам өлтірілген. БҰҰ-ның Гаагадағы бас айыптаушылары, Ратко Младичтің осынша уақыт жасырынып жүруіне оның бұрындары өзіне бағынған әскерилері көмектесіп жатыр деген.

Белградта премьер-министр Коштуница Младичті іздеу әлі де жалғасып жатыр деп мәлімдеме таратқан. Брюссельден Олли Рен болса, ендігі жауапкершілік Белградта деп отыр. Реннің айтуынша, Коштуница үкіметі үшін ең маңыздысы Серб армиясына азаматтық бақылау орнату.

“Қауіпсіздік қызметі және әсіресе әскери барлау қызметі толығымен Сербия үкіметінің азаматтық бақылауы астында болған емес. Енді қазір Сербия үкіметі мен барлық Сербиялық билік үшін Ретко Младичті ұстауға күш салатын уақыт келді”, - деген Еуропа Одағының өкілі Олли Рен.

Оның сөзіне қарағанда, егер Коштуница үкіметі Югославия бойынша Халықаралық қылмыстар жөніндегі Трибуналмен ынтымақтастығын танытатын болса ғана, Еуро Одақ пен Сербия-Черногорияның келіссөздері тез арада қайта жалғасатын болады. Одаққа енуі жөніндегі келіссөздердің тоқтауы Сербия-Черногорияға қатты соққы болғандай, бұл елдің Еуро Одақпен келіссөз жүргіузші өкілі, вице-премьер Миролюб Лабуш сәрсенбі күні Младичтің табылмауына байланысты орнынан кетті. Ол өзінің қызметінен босату жөнінде премьер-министрге жазған хатында, Лабуш Белград үкіметі Еуро Одақпен келіссөздерді жалғастыру үшін қажетті шарттарды орындамай, елдің аса маңызды мүддесін сатып кетті деп жазған.

Гаагадағы Югославия бойынша Халықаралық қылмыстар жөніндегі Трибуналдың бас айыптаушысы Карла дел Понте, Сербия үкіметінің шыншылдығы мен тұтастығына күмән келтіріп сынаған.

“Маған наурыз айының соңында Младичті ұстау бірер күн немес аптаның мәселесі дегенде мен жаңылысып әбестік жасаппын. Маған сол кезде шынайы болып берілген ақпараттың оң нәтижелі болу мүмкіндігі күтілген еді. Ол өтірік әрі жалған болып шықты”, - деді Карла де Понте.

Халықаралық қылмыстар жөніндегі Трибуналдың бас айыптаушысы Карла дел Понтенің айтуынша, өзіне Сербиялық ресмилер Младичті қай жерден тұтқындау мүмкіндігі мен оның қайда екені жөнінде білетінін айтқан. Қазір енді, дел Понте Сербия ресмилерін екіжүзді деп кінәлап отыр. Сонымен қатар, Гаага сотының бас айыптаушысы қазіргі уақыт Сербия-Черногория үкіметінің Младичті табу үшін жүйелі түрде жұмыс жасайтын кезі деп айтқан. Және де Белградтың болымсыздығы жөнінде БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне формалды есепті алдағы айда беретіні жөнінде де айтып өткен.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG