Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.05.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөз беттерінде саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы өліміне қатысты қылмыстық істің барысын бағамдайтын мақалалар басылды. Бірқатар баспа беттері доллардың құлдырауының экономикаға әсері және Қазақстанның қаржы саласындағы өзгерістерге баса назар аударды.

Апталық «Деловая неделя» газетінің «Ашық сот төңірегін қамтыған қалың тұман» атты бағанамен басталған мақаласында Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының басшысы Евгений Жовтис саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты қылмыстық іс процессіне «тіптен түсініксіз жағдай» деген баға береді. «Аталған сот процессі қай жерде өтетіндігі белгісіз. Күдіктінің адвокаты кім екендігін білу мүмкін болмай отыр. Ал билік болса сот ісі барынша ашық өтетіндігіне уәде берді» деп жазады мақала авторы Махамбет Әуезов. «Басты айыпталушы Ержан Өтембаев кінәні мойнына алудан бас тартып отыр, деген хабарды журналистерге оның жары жеткізді. Өтембаевтың өзі ақпарат құралдарымен кездесуден бас тартады. Алдағы уақытта қандай ұстанымда болатындығын анық айтып бере алатын оның адвокатының есімі беймәлім. Бұл жағдай ашық ұйымдастырылғалы отырған сот процесіне қалай ықпал ететіндігі белгісіз» делінген мақалада.

«Сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев түрме тамағын жеуден бас тартты» деп жазады «Караван» басылымы. «Өтембаев уланып қалу қаупінен сақтанып, туыстары жеткізген тамақты ғана тұтынып жатыр. Сұрау кезінде ол А.Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс бергендігін жоққа шығарды. Өтембаевтың айтуынша, тапсырысты орындаушы деген күдікпен ұсталған Рүстем Ибрагимов оның А.Сәрсенбайұлы туралы теріс пікірін дұрыс ұқпаған. Ал Ибрагимов болса бұл өлімге өзінің ешқандай қатысы жоқтығын, Сәрсенбайұлын келісілген жерге жеткізуін сұраған Өтембаев екендігін айтады. Бұл уақытта сарапшылар қылмыс орнынан табылған қарудың газ пистолеті екендігін анықтады» деп жазады «Караван» газеті. «Жақын күндері күдіктілер және оның қорғаушылары қылмыстық істің материалдарымен танысып шығады. Бұған кем дегенде екі ай уақыт кетеді. Соған қарағанда Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сот процесі жаздың орта шамасында басталуы мүмкін» деген болжам жасайды мақала авторы Олег Губайдуллин.

«Әділ сөз» қорының дайындауымен «www.zona.kz» (бұрынғы “navi.kz”) интернет газетінде жарық көрген материалда Алтынбек Сәрсенбайұлының тұлғалық қасиеттері тақырыбын саясатшылар Петр Своик және Гүлжан Ерғалиева екеуара әңгімеге арқау етеді. «Оппозиция қайта түлеп, жаңа бағытын жасауы керек, сол кезде түрленген бөлігі келесі кезеңді бастайды деген Сәрсенбайұлының сөздері өсиет болып қалғандай» дейді Гүлжан Ерғалиева.

Жұма күнгі баспа беттеріндегі тағы бір қызу пікір-талас Қазақстандағы қаржы саласындағы өзгерістер төңірегінде өрбіді. «Central Asia Monitor» газетінде жарияланған «Қазынаға» шетел акциялары не үшін қажет?» атты мақалада «үкіметтің монополияны жою мақсатындағы басты шарасы - «Самрұқ» холдингін және оны басқару жөніндегі «Қазына» компаниясын құру туралы жоба. Жаңа құрылымның қабілеті қандай болатындығын болжап білу қиын» делінген. «Түсініктісі - экономиканы басқару тетігі үкіметтің қолынан жаңа көпқабатты құрылымға көшетіндігі. Экономист Қанат Берентаевтың пікірінше, үкімет реформаторлары басқару және өндірістік инфрақұрылымдарын жөнге келтірмей тұрып, қаржы ағымын бақылау арқылы ғана бүткіл саланы дамытқысы келеді. «Қазына» компаниясы құрылар тұста шетелдің тиімді активтерін алу үшін қода бардың бәрін бір ортаға шоғырландыру қажеттігі туғандығы айтылды. Осы идеяның авторлары бұл шараны технологияға ашылатын жол ретінде түсіндіреді. Бірақ, акцияны сатып алудан ешқандай технология қолға түспейді. Бұл қаржы нарығындағы ойын ғана», дейді экономист Қанат Берентаев.

Сәуір айы қаржы әлемінде америка валютасының құлдырау кезеңіне баланды. «30 күннің ішінде АҚШ доллары 4 теңгеге арзандаған» деп жазады «Деловая неделя» газеті. «Ұлттық банк валюта рыногындағы өз ролін шектейтіндігін жариялаған соң, ақша саласындағы жағдай басқаша сипат алуы мүмкін. Келесі бір мәселе, басты банкке ішкі рынокқа араласпау банктің өз басына және мемлекет бюджетіне қай жағынан әсер ететіндігінде. Сондықтан теңгенің долларға және евроға қатысты құнының көтерілуі мемлекет үшін жүздеген миллиард теңгеге шығын әкелуі мүмкін» деген болжам жасайды «Деловая неделя» газеті.
XS
SM
MD
LG