Accessibility links

Оппозиция қайраткері Ғалымжан Жақияновтың заң орындарына қарсы соты басталды


Мамырдың 5-і күні Алматы қаласының Медеу аудандық сотында оппозициялық саясаткер Ғалымжан ЖАҚИЯНОВТЫҢ қазақстандық полиция орындары мен шекара қызметіне қарсы талап-арызын қарау басталды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, сәуірдің 24-і күні Еуропарламентте баяндама жасау үшін Еуропаға аттанып бара жатқан Ғалымжан Жақияновты Қазақстанның шекара қызметкерлері Алматы әуежайында тоқтатып, оны Қазақстаннан шығармай қойған болатын. Жақиянов құқық қорғау орындарының қызметін заңсыз деп отыр. Алайда, прокуратура сот мәжілісінде Жақияновтың талабын қанағаттандырмауды сұрады. Сондай-ақ заң орындары Ғалымжан Жақияновтың сенбі күні АҚШ вице-президентімен кездесуі үшін Астанаға ұшуына тиым салған.

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов мамырдың 5-і күні Алматы қаласының Медеу аудандық сотында өзінің биыл мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғанына баса назар аударды. Жақиянов мырзаның айтуынша, заң талаптары бойынша оған 3 жыл лауазымды қызмет атқармаудан өзге шектеу қойылмаған, яғни, еркін жүріп-тұруына заңда тиым салынбаған:

- Менің азаматтық құқығымды шектейтін басқа шектеу жоқ!

Алайда, сәуірдің 24-і күні таңертең Алматы әуежайында оны шекара қызметкері Асқар Алдабергенов ешқандай құжат немесе ресми нұсқау көрсетпестен, ұстап, елден шығуына тиым салған. Жақияновтың және сотқа куәгер ретінде тартылған «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз ЖАНДОСОВТЫҢ сөзіне қарағанда, оларға шекара қызметкері өзінің ауызша нұсқау алғанын жеткізген. Бірақ сотта Алдабергенов оны жоққа шығарды, ол Жақяиновты шығармау жөніндегі нұсқаудың компьютерде болғандығын жеткізді. Алайда ол нұсқау кімнен және қандай жолмен жеткендігін түсіндіріп бере алған жоқ. Ал Жақиянов болса бұған дейін 4-5 рет елден еркін шығып жүргенін алға тартты.

Медеу аудандық ішкі істер басқармасының соттағы өкілі Орал ОҢҒАРБЕКОВТІҢ айтуынша, Жақиянов бұған дейін ішкі істер басқармасынан рұқсат алмаған, тек кететіндігі туралы фактіні алға тартып отырған.

- Шартты түрде босатылған Ғалымжан Жақиянов бірнеше мәрте жазбаша рұқсатсыз елден шығып тұрды. Ал ол баратын жерге Медеу аудандық ішкі істер басқармасы бақылау жүгізе алмайды, - дей келіп, ішкі істер басқармасының қызметкері Жақияновты жазабаша рұқсатсыз шығаруға тиым салатын Павлодар облыстық сотының жаңа шешімі бар екендігін хабарлады.

Алайда, Медеу ауданында тұратын өзге 17 шартты түрде босатылған азаматтың бірде-біреуін мұнай шектеудің қойылмағандығын полиция қызметкері де мойындап отыр. Ғалымжан Жақиянов шетелге кетер алдында Медеу аудандық ішкі істер басқармасында болып, кезекші полицей, подполковник ШАМЕНОВКЕ анықтама қағазына қол қойғызғанын айтты. Бірақ мұны полция қызметкерлері рұқсат беру емес деп есептейді. Тіпті, оған жақында Астанаға ұшуына рұқсат бермей қойған. Ал Жақиянов оппозция лидерлерінің бірі ретінде сенбі күні АҚШ вице-президенті Ричард ЧЕЙНИМЕН кездесуі жоспарланғанын айтады.

- Бұл тікелей саясатқа, біздегі саяси ахуалға байланысты жағдай ғой. Еуропарламентке шығарған жоқ, міне, Чейни мырза Астанаға келді, енді шетелді қойып, мені Астанаға да шығармай отыр, - деді Ғ.Жақиянов жұма күні сот залынан шыққан бетте «Азаттық» тілшісіне.

Осы сотқа бақылаушы ретінде қатысқан тағы бір оппозициялық саясаткер Маржан АСПАНДИЯРОВА Ғ.Жақияновты шығармау арқылы адамдардың кедергісіз, еркін жүріп-тұру құқығына кепілдік беретін Қазақстан Конституциясына нұқсан келді деп есептейді.

- Мен мұны мемлекеттің әбден құлазып, Қазақстан Конституциясының аяққа тапталғаны деп білемін! – дейді М.Аспандиярова ханым.

Сонымен, Ғалымжан Жақиянов сенбі, мамырдың 6-күні АҚШ вице-президентімен кездесудің орнына елден шығуға кедергі келтіріп отырған заң орындарына қарсы соттың екінші мәжілісіне қатысатын болады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG