Accessibility links

Ресей билігінің демократиялық үрдістерді тежеуіне АҚШ алаңдаушылық білдіреді


Орталық Азия аймағындағы елдердің барлығы алға жылжу үшін бірінші кезекте жемқорлықты басып, саяси және экономикалық реформаларын жалғастыра бергені жөн. АҚШ вице-президенті Ричард Чейни мамырдың 5-күні Астанадағы сапары кезінде журналистер алдында осындай пікірін білдірді.

АҚШ вице-президенті Ричард Чейни Қазақстанға ресми сапармен екі күнге келді. Астанаға ол Вильнюстен ұшып келді. Ал, Қазақстанда президнт Н.Назарбаевпен өткізген екіжақты келіссөздерден кейін ол Орталық Азия аймағындағы елдердің барлығы алға жылжу үшін бірінші кезекте жемқорлықты басып, саяси және экономикалық реформаларын жалғастыра бергені жөн деген мәлімдеме жасады. Бірақ, бұл пікірінде ол Қазақстан деген сөзді қолданбаса да, бақылаушылар бұл пікірдің осы республикаға да арналғандығын айтады. Алайда, демократиялық реформалар жайындағы әңгіме мұнымен тынбады. Тілшілер Ресейдегі үкіметтік емес ұйымдардың құқықтарының шектелуіне қатысты пікірін сұраған кезде, АҚШ вице-президенті Ричард Чейни, Ресей билігінің демократиялық үрдістерді тежеуіне АҚШ алаңдаушылық білдіреді деген мәлімдеме жасады.

Вице-президент Чейнидің айтуынша, Ресей энергоресурстарды қадағалауды кейбір елдерге қысым көрсету үшін саяси құрал ретінде пайдаланады. Ал, осы мәселеге орай Қазақстан президенті Назарбаевтан АҚШ пен Ресей сияқты мемлекеттер арасындағы бұл дағдарысты жайтты қалай бағалайсыз деген сұраққа, Назарбаев мұнда дағдарыс жоқ, тек достық пікір алмасу бар деп жауап берді.

- Барлығымызға әр тәуелсіз мемлекеттің өз проблемаларын шешу үшін өз саясатын қолданатындығына әдеттенуіміз керек. Және бұл саясатты сыйлай білу керек, - деді Қазақстан президенті Назарбаев.

Көптеген бақылаушылар, демократиялық үрдіс жайлы әңгіме мұнымен бітпей деп отыр. Өйткені, Қазақстандағы сапарының екінші күнінде Чейни қазақстандық оппозиция өкілдерімен кездесуді жоспарлаған. Айта кететін жайт, қазір АҚШ Қазақстандағы ең ірі инвестор болып есептеледі. Екі жақтың тауар айналымы 2005 жылы 1 млрд 800 млн доллардан асқан. Және АҚШ инвесторларының көбі мұнай саласында жұмыс істейді. АҚШ-тың ірі 4 мұнай компаниясы Қазақстандағы барлық дерлік ірі жобаларға ат салысып келеді.
XS
SM
MD
LG