Accessibility links

Оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың Алматыдан шығуына тиым салған заң орындарының ісін сот заңды деп тапты


Сенбі күні Алматы қаласы Медеу аудандық соты оппозициялық саясаткер Ғалымжан ЖАҚИЯНОВТЫҢ полиция мен шекара қызметіне қарсы талап-арызын қанағаттандырмай тастады. Ғалымжан Жақиянов "бұл - менің тек азаматтық құқығымды ғана емес, саяси қызметпен айналысу мүмкіндігімді аяқ асты етіп отырған шешім" дейді. Ол енді шетелге ғана емес, Алматыдан басқа қалаларға да полицияның жазбаша рұқсатынсыз шыға алмайды. Сондықтан да ол сенбі күні Астанада АҚШ вице-президенті Дик ЧЕЙНИДІҢ Қазақстанның демократиялық күштері өкілдерімен кездесуіне бара алмады. Оның орнына АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ричард БАУЧЕР сенбі күні Алматыға кездесуге арнайы келетіндігін айтты Жақиянов "Азаттық" радиосына.

Азаматтық-процессуалды кодекстің 271-ші және 223-ші баптарына сүйене отырып, Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы МЕДЕТОВА саясаткер Ғалымжан Жақияновтың Медеу аудандық ішкі істер бөлімі мен халықаралық әуежайдағы шекара қызметшісі Алдабергеновке қарсы арызын қанағаттандырмау жөнінде шешім шығарды. Ал отырысқа тыңдаушы ретінде қатысқандар соттың бұл шешімін «масқара» десіп, бөлмеден шығып кетті.

Биылғы қаңтар айында Шідерті колониясынан мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққан оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақиянов өзінің заң бойынша еркін-жүріп тұруға құқығы бар екенін айтады. Бірақ, сәуірдің 24-і күні Еуропарламентте баяндама жасау үшін Еуропаға аттанып бара жатқан жерінен Ғалымжан Жақияновты Қазақстанның шекара қызметкерлері Алматы әуежайында тоқтатып, оны Қазақстаннан шығармай қойған болатын. Бұны өзінің азаматтық құқығына қол сұғу деп бағалаған Жақиянов заң орындарының үстінен сотқа шағымданды. Ал сенбі күнгі жария етілген сот шешімі енді тек азаматтық құқығын ғана емес, оған қоса өзінің қоғамдық-саяси қызметпен айналысу мүмкіндігін шектеп отыр деп санайтындығын айтты Ғалымжан Жақиянов «Азаттық» радиосына.

- Бұл - саяси астары бар шешім. Мысалы, мен сияқты мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған журналист Сергей Дуванов немесе басқа да осы сияқты колониядан шығарылған азаматтарға қатысты дәл осындай шектеулер қойылмаған болатын. Осындай заңға қайшы шешім арқылы енді мені Алматы қаласынан да шығармайды. Бұрын Құсмұрында, одан кейін Шідертіде қамаса, енді Алматыда қамап қоймақ. Бұл Ата заңымызға қайшы іс! – дейді Ғ.Жақиянов.

Ал, Медеу аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері Орал ОҢҒАРБЕКОВ болса сот шешімімен келісу керек дегенді айтады.

- Бұл – соттың шешімі, біздікі емес! Сот заң бойынша шешім шығарады. Ал біз оны дұрыс-бұрыс деуге хақымыз жоқ. Сот заңға жүгінеді. Басқа әңгіме жоқ. Жақиянов бұл шешімді саяси шешім деп бағалады. Бұл саяси шешім бе? Ол жағын мен білмеймін. Айта алмаймын! – дейді полиция басқармасының өкілі.

Сот шешімімен келіспейтін Жақияновтың адвокаты Жолдасбек НҮСЕНОВ өздерінің әрі қарай шағым түсіруге даяр екенін білдірді.

- Бүгінгі шешім заңға сәйкес емес. Оны ертең қалалық сотқа шағым беретін шығармыз. Соған дайындалып отырмыз. Себебі, кеше процестің барысында Медеу аудандық ішкі істер басқармасының шешімі заңға сәйкес еместігі айқындалды. Шекара қызметкерінің әрекеті де дұрыс емес екендігі анықталды. Қолдарында ешқандай құжат болмағанына қарамастан, олар Ғ.Жақияновты біреудің ауызша нұсқауымен тоқтатты, - дейді адвокат.

Ол сот процесі кезінде өрескел қателер жіберілді деп есептейді. Мысалы, бұған дейін шетелге кедергісіз шығып жүрген Жақияновқа сәуірдің 24-і күні елден кетуге тиым салынған. Ал мұндай жаңа тәртіпті, яғни, тек полицияның жазабаша рұқсатымен елден шығаруды Жақияновқа жүктейтін сот шешімі тек әлгі оқиғадан бірнеше күн өткеннен соң - сәуірдің 28-і күні шығарылған.

- Алдын-ала қолына қаулыны алмай тұрып, шешім шығару заңсыздық. Сәуірдің 28-інен кейінгі олардың әрекетіне ештеңе деп жатқан жоқпыз. Оған соттың шешімі бар. Ал 28-іне дейінгі іс-әрекеттердің бәрі заңсыз! – деп түйеді адвокат Ж.Нүсенов.

Ғалымжан Жақияновтың Алматы әуежайында ұсталып, елден шығарылмауына куә болған Қазақстанның Коммунистік партиясының хатшысы Төлен ТОҚТАСЫНОВ болса соттың бұл шешімін Жақияновқа қолданылып отырған жаңа жазаның түрі деп бағалайды.

- Астанада АҚШ вице-президентімен кездесуге Ғалымжан ресми түрде шақырылған. Бірақ оны соған да жіберген жоқ. Оған қоса Жақиянов полицияға мамыр айының 12-сінен бастап емделуге барамын деген хат жіберген. Оған да жібермеді. Сондықтан, мақсат – Ғалымжанды Алматыда қамау. Бұл – қамаудың жаңа түрі, - дейді Т.Тоқтасынов.

Жақияновтың елден шығарылмай қойғанына бұған дейін бірқатар халықаралық ұйымдар алаңдаушылық білдірді. Бұл іс әлемдік қауымдастық алдында Қазақстан мемлекетінің абыройын арттырмайды дейді Жақияновтың өзі:

- Еуропарламенттің мүшелері бұл жөнінде өзінің мәлімдемесін жасады. Бірқатар Еуропа елдері осы жағдайға байланысты өз алаңдаушылықтарын білдірді. Сонан кейін, кеше елімізге келген АҚШ вице-президенті Чейни мырза бұл жөнінен хабардар болды, әрине, ол да біздің мемлекет басшыларына өз алаңдаушылығын білдіріп жатыр. Себебі, бұл – тікелей біздің мемлекетіміздің халықаралық имиджіне нұқсан келтіретін жағдай. АҚШ елшілігінен хабарлағандай, бүгін кешке АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ричард Баучер мырзамен кездесуіміз жоспарланып отыр.

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов 2001-ші жылы қараша айында сол кездегі бірнеше жоғарғы лауазымды азаматтармен бірге «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған болатын. Алайда, көп ұзамай ол жаңа қозғалыстың басқа құрылтайшылармен қатар мемлекеттік қызметтен босатылды. Ал 2002 жылы тамыз айында мемлекеттік қызмет лауазымын асыра пайдаланды деген айыппен жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған Ғалымжан Жақияновты бірқатар адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар саяси тұтқын деп таныды. Қамау орнында 3,5 жылдан астам уақыт отырған Жақиянов биылғы жылы қаңтар айында шартты түрде бостандыққа шықты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG