Accessibility links

АҚШ президенті Дарфурға көмек көрсетуге шақырады


АҚШ президенті Дж. Буш Конгрестен Суданның Дарфур аймағының босқындары үшін 225 миллион доллардың қосымша азық-түлік көмегін көрсетуді мақұлдап, келісім беруді және БҰҰ-нан бұл аймақтағы бейбіт бітімгершілік күштердің қатарын кеңейтуді сұрады. Ол сондай-ақ мұндағы көтерілісшілер мен Судан үкіметі арасында жақында қол жеткізілген бейбіт келісімге де ризашылығын білдіріп, аймақта енді тыныштық орнатуға мүмкіндік туды деген болатын.

АҚШ президенті Дж. Буш Дарфур босқындарының тағдырына бүкіл әлем көңіл бөліп отыр, бірақ оларға одан да қомақты, нақты көмек аса қажет деді. Демек, азық-түлік пен қатар оларды үкімет қолдауындағы милициядан да қорғау қажет деп атап көрсеткен ол.

- Дарфурдың көп қиыншылық көрген халқына жанашып қана қою азшылық етеді. Оларға қатты қорған болу керек, оны БҰҰ-ң бітімгершілік жасақтары атқара алады.

Дарфур жанжалы барысында кемінде 180 мың адам қаза тапса, бұл аймақтың 2 миллиондай халқы үй-баспаналарынан айрылып, басы ауған жаққа босып кетті. Ақ үйде сөйлеген сөзінде президент Дж. Буш Дарфур сапарынан жақында ғана оралған АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Роберт Зоелликті тыңдай келе, өткен жұма күні Дарфур мәселесі бойынша бейбіт келісімге қол қойылғанына ризалық білдірді. Ол бейбіт келісім бойынша Судан үкіметі мен Суданның азаттық армиясы және осындағы ең басты көтерлісші топ арасында бәтуаластыққа қол жеткен еді. Алайда көтерілісші екі шағын топ бұл келісімді әзірге мойындаған жоқ. АҚШ президенті мұндай келісімге қол жетуінің өзі Даруфурдың жаңадан қайта бастау алуы деп бағалады:

- Біз әлі де бастапқы, түпкілікті мақсаттан алыс тұрмыз. Ол дегеніңіз мекендеріннен босып кетуге мәжбүр болған миллиондаған елді өз жерлеріне, баспаналарына қайтару болып табылады. Сөйтіп олардың қорқынышсыз өмір сүруіне жағдай жасау, біз міне қазір сол жолда тұрмыз. Қазіргі қол жеткізілген осындай бейбіт жағдайды бекіте түсу үшін мен Конгрестің Дарфур халқына 225 миллион доллардың көмегін беруге келісім берулерін өтіндім. Және бес кемемен бұл аймаққа 40 мың тонна азық-түлік жіберуге тапсырыс бердім.

Буш АҚШ өзінің Дарфурға көмек көрсету жөніндегі міндетін орындады дей келе енді басқа да елдердің, Европа одағының да бұл мақсатқа қосылып, осы тәріздес шаралар атқаруын сұрады. Дж. Буш Вашингтон азық-түліктің 85 процентін Суданға жеткізуге жауапты деді.

БҰҰ-ң Бас хатшысы Кофи Аннан Суданның БҰҰң- ресмилерінің мұнда келуіне кепілдік беріп ,олардың бітімгершілік күштерін осында алып келіп орналастыруын жоспарлауға көмектесуді сұрады. АҚШ президенті Дж. Буш Хартумның қазір кері шегінетін уақыты келді дейді.

- Судан үкіметі БҰҰ-на өздерінің жұмыстарын ешбір кедергісіз атқаруға мұрсат беруі тиіс. Оларға виза беріп, басқа да жайттарды толық жүйеге келтіруі керек, барлық тараптар бітімгершілік қызметкерлеріне қарсы шабуылдарды тоқтатуы қажет.

АҚШ президенті сондай-ақ Судан президенті Омар әл-Баширмен телефон арқылы сөйлесіп, БҰҰ-ы бейбіт жасақтарының тезірек орналасуына мүмкіндік туғызуды сұрағанын айтты. Ол сондай-ақ осы мәселеге байланысты мемлекеттік хатшы Кондолиза Райсты БҰҰ-ң Қауіпсіздік кеңесіне жібергенін де хабарлады.
XS
SM
MD
LG