Accessibility links

Жас американдықтар әлем географиясынан хабарсыз көрінеді


АҚШ-тағы Ұлттық географиялық қоғам жинақтаған сауалнама деректеріне қарағанда, американдық жастар жер шары елдерінің географиялық жағдайынан өте мардымсыз мәліметке ие көрінеді. Сонда американдық жасөспірімнің георафиялық білім деңгейі өзге елдердегі замандастарымен салыстырғанда айтарлықтай төмен болғаны ма? Ал оған қандай жағдай себеп болуы мүмкін?

АҚШ-та ақиқат өмір шындығына жақындау анекдот бар. Бір американдық келіншек Гаваи штатында дем алып қайтпақ мақсатында туристік фирмадан, егер мен Калифорнияға дейін ұшақпен барып, одан әрі Гаваиға пойызбен барсам жолақым арзандау бола ма, деген екен. Ал әңгіменің қызығы, Гаваи Тынық мұхитындағы арал екендігін ол келіншек білмейтін болып шыққан. Демек ол американдық өз елі, туған жері - Американың географиясынан бейхабар деген сөз. Бұл - анекдот. Бірақ жалпы дерекке қарағанда, американдықтардың географиядан білімі өте мардымсыз екендігі - өмір шындығы.

Оны сауалнама нәтижесі де көрсетіп отыр. Сауал қойылған 20 пайыз американдық Судан елі Азияда деп жауап берген. Ал 63 пайыз жастар өз елі АҚШ соғыс жүргізген Ирақ мемлекетінің қайда екендігінен бейхабар болып шыққан. Сондай-ақ, 75 пайыз американдық саяси жанжалмен атышулы елдер - Израиль мен Иранды картадан көрсете алмаған. Ондай жағдайға Македониялық Елана есімді қыз таң қалмайды.

- Меніңше, олардың өз әлемі, өз тарихы, өз географиясы бар. Олар өз құрылықтарында тұрғандықтан өзге әлемге, басқа құрылыққа онша мән бермейтін секілді, - дейді Елана.

Елу пайыз американдық тіпті картадан Нью-Йорк пен Огайоны табуға да қиналыпты. Дегенмен, өзге ел жастарының бұл орайда географиялық сауаты қалай екен?

Прагада оқитын шетелдік студенттердің жағдайы да бұл мәселеде онша мәз емес екендігі мәлім болды. Мысалы, Жапониядан келген 20 жастағы Жуни есімді жас жігітті достары әлем картасын жақсы біледі дегенімен, Ауғанстан қайда деген сұрағымызға ол сасқалақтап:

- О кей, ым-м, бірақ, сол Ауғанстанның қайда екендігін білмеймін, - деп күмілжіген Жуни, тіпті ол елдің қай құрылықта орналасқанын да анық айта алмайтынын мойындады. Сол Ауғанстанды чехиялық 24-жастағы жігіт Марек те таба алмады.

- Азия ма? ... Іммм ... Мұнда .. жоқ, бұл Беларусь екен. Ал мынау Қазақстан. Ол қайда екен, енді? Жоқ, білмеймін, - деп құтылды чех жігіті Марек картадан Ауғанстанды таба алмай қиналып..

Дегенмен, Прагада оқитын өзге жастар картадан Судан, Индонезия, Ауғанстан, Иран және Ирақты оңай тауып берді. 2002 жылғы Ропер сауалнама деректері бойынша жүргізілген зерттеулерге қарағанда, АҚШ-тық азаматтардың географиялық білімі 9 елдің ішінде соңынан 2-ші орында болып шыққан. Ең соңғы орын мексикалықтарға бұйырған. Ал бұл сауалнама дерегі бойынша, білім жағынан, швециялықтар жоғары деңгейде тұр. Сонда американдықтар географиядан неге сонша төменгі деңгейде қалып отыр? АҚШ-тағы Ұлттық география қоғамының президент орынбасары Терри Гарсияның пікірі төмендегідей.

– Географияны АҚШ-та тұрақты оқытпайды. Бұл - бір мәселе. Ал 7-ші сыныптан кейін, яғни 13 жастан асқан соң, АҚШ-тық оқушылар географиямен қоштасады, - дейді Т.Гарсия.

Американдық жастардың географиядан білімсіздігіне ағылшын тілінен басқа тілдерден бейхабарлығы, сондай-ақ, олардың өзге елдерге көп шықпайтындығы да өзінің кері әсерін тигізеді екен. Мысалы, өзге елдермен салыстырғанда, өткен 3 жылда американдықтардың 20 пайызы ғана шетелдерге барып қайтыпты. Ал географиялық қызықты ойындар, сұрақ-жауаптар, жаттығулармен шұғылданатын Кең Әлем деген компанияның негізін қалаушы Андерсеннің айтуынша, АҚШ-та география оқу пәні өз мәнін жоғалта бастапты.

- Бұрынғы география дегеніміз, қазір әлеуметтік пәндермен - тарих, социологиямен араласып, қосылып кетті, - дейді Роджер Андерсон.

Сонымен, Андерсонның компаниясы электрондық веб-сайтта өз географиялық бетін ашып, сынақ тесттерін өткізіп тұрады екен. Оған бір күнде 20 мыңдай адам қатысатын көрінеді. Яғни, 250 млн-дай американдықтың күн сайын 20 мыңы ғана географиямен электрондық сайттар арқылы ойнап отырады екен. Бұл аз ба, көп пе - оны өздеріңіздің топшылауларыңызға қалдырамыз, қадірменді оқырман. Ал әзірше, кейбір сауалнама нәтижесіне қарағанда, Қырғызстандық жастардың географиядан білім деңгейі бүкіл әлемде 1-орында болса, американдықтар географиялық сауаты бойынша 149-шы орында тұр. «Естімеген елде көп» деген осы болар.
XS
SM
MD
LG