Accessibility links

Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Индонезияға сапармен келді


Ядролық бағдарламасына байланысты Құрама Штаттары және басқа да елдермен арасы ширығып тұрған кезде ресми Техранға достар керек-ақ. Индонезия басшылары Иранның ядролық бейбіт бағдарламасын қолдайтындығын, алайда ядролық қарудың жасалуына қарсы екендігін білдірді. БҰҰ мен Еуропа одағы тарапынан Техранның райынан қайтаруға бағытталған ынталандыру шаралары әзірленуде.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде Германия, Британия, Франция елдері Иранның уранды байытуын тоқтатқызу үшін қатаң шаралардың қабылдануын талап етуде. Бұл үдеріс тоқтатылмаған жағдайда экономикалық тиымдар мен әскери әрекеттер қолданылуы мүмкін, деген ескертулер айтылуда. Осындай теке-тіресті кезеңде Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Индонезияға сапар жасап отыр.

Стокгольмде орналасқан Халықаралық Бейбітшілік зерттеу институтының сарапшысы Шаннон Кайлдың пікірінше, осы жағдайлар Ахмадинежадтың Индонезияға сапарына себепші болып отыр. Сапар алдында, Техранда болған баспасөз мәслихатында Иран президенті, “Екі елдің мүмкініктері өзара әріптестікке қарқынды жағдай жасап отыр. Индонезиямен арадағы әріптестікте, мейлі ол мәдениет, ғылым, саясат, техника немесе экономика саласында болсын, шекара жоқ. Осы сапар барысында, Құдай қаласа, әріптестікке байланысты жеті келісімшарттың жобасы әзірленіп, оларға қол қойылмақшы”, деген еді Ахмадинежад.

Жакартада сәрсенбі күні сөйлеген сөзінде Иран президенті “Техран ядролық қару әзірлеуде, деген Батыстың түсіндіруі жалған”, деді. АҚШ пен оның одақтастарының өздері бейбіт мақсатты көздемейтін ядролық қамадар жасауда. Олар оны күн сайын дамытуда. Осының тағы бір дәлелі ретінде олар Таяу Шығыста кейбір үкіметтерді, топтарды ядролық қарулармен жабдықтауда. Және олар өздері күн сайын жаппай қырып-жоятын қару түрлерін сынақтан өткізіп жатады, деді Ахмадинежад мырза.

Сарапшы Кайлдың пікірінше, “Ирандықтардың айтысып жатқан нәрсесі- өнеркәсібі дамыған Батыс елдерінің қолданған дискриминациялық, қос стандартты саясатының тағы бір дәлелі. Менің ойымша, ондай дәлелдер Индонезия мен Малайзия сияқты елдерде жаңғырық туғызып отыр”, - деді сарапшы.

Индонезия президенті Сусило Бамбаң Юдхойоно мырза Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатта деп сенетіндігін және барлық проблемалардың дипломатиялық жолмен шешілуі керек екендігін айтты. Сапар барысында Иран президенті сонымен бірге, басқа да саяси, экономика, мәдениет және дін саласының басшыларымен кездесуде.

Еуропа одағы атынан келіссөздер жүргізуші Британия, Франция және Германия елдері Иранның уранды байытуын тоқтатуға ынталандыратын жаңа шаралар әзірлеуде. Ол құжат ең ерте дегенде 15-ші мамырда әзірленбекші.

Ахмадинежад мырза мамырдың 12-сі күні Дамушы сегіз ел саммитіне қатсуды жоспарлауда. Ол кездесу Индонезияның Бали аралында болмақшы. Бұл сегіздікке Пәкістан, Бангладеш, Мысыр, Индонезия, Иран, Малайзия, Нигерия және Түркия елдері енеді.
XS
SM
MD
LG