Accessibility links

Оппозиция өкілдері Әндіжан оқиғасына байланысты шеру ұйымдастырмақшы


"Әндіжан трагедиясынан” кейін көптеген оппозиция мүшелері мен құқық қорғаушылар қуғын-сүргінге ұшырап, көршілес Қырғызстанға қашып кетуге мәжбүр болды. “Азаттық” радиосының тілшісі Ош қаласына барып, Өзбек босқындарымен сұхбаттасқан болатын.

Қырғызстанға қашып кетуге мәжбүр болған оппозициянерлердің бірі жасы 60-қа жақындап қалған Абдужалил деген азамат. Ол бүгінде Ош қаласының шетінде тұрады. Абдужалилдің күн көруге ақшасы жоқ десе болады. Ол өзі Өзбекстанның Қоқанд қаласында туып өскен. Оштан Қоқанға авто-көлікпен бір сағатта барса болады. Бірақ Абдужалил үйіне өмір бойы орала алмайтын шығар. Өйткені ол өткен жылы Әндіжан оқиғасынан кейін Өзбекстаннан қашып кетуге мәжбүр болған. Сол уақытта Абдужалил оппозициялық бағыттағы “Эрк” Демократиялық партиясының теңтөрағасы болып жұмыс істеген.

Оппозицияның басқа мүшелерімен бірге Абдужалил Әндіжан оқиғасында құрбан болғандар мен жоғалып кеткендердің санын білгісі келіп, дерек-мәліметтерді жинап жүрген болатын. Абдужалилдің айтуынша, “Әндіжан трагедиясынан” 2 ай өткеннен кейін билік орындары оппозициялық “Бірлік” қозғалысының теңтөрағасын шақыртып алып, оны қамауға алған. Абдужалилдің сөзіне қарағанда, кейінірек оны да милиция өкілдері шақырған, бірақ ол бармаған екен.

Сөйтіп, Абдужалил шілденің 18-і күні Қырғызстанға қашып кетіпті. “Мен кетіп қалғаннан кейін өзбек билігі менің отбасыма қысым көрсетіп келеді, сол үшін мен туыстарыма телефон соғығу да қорқамын”, дейді Абдужалил.

Ресми түрде тіркелмеген “Эрк” және “Бірлік” партияларының жетекшілері “Өзбекстанды Құтқару жөніндегі Халықтық Комитет” деп аталатын топ құрған болатын. Енді осы топтың мүшелері ертең, яғни жұма күні Еуропадағы Қауіпсіздік Және Ынтымақтастық Ұйымының кеңсесі мен Ош қаласындағы Ресейдің консулдығы алдында митинг өткізбекші. Оппозиция мүшелері бұл шараны Әндіжан оқиғасын халықтың есіне салу үшін ұйымдастырып отырғандарын айтады.

Ошқа жақында ғана келген тағы бір Өзбек босқыны адам құқын қорғаушы Тоғауай Раззақовтың айтуынша, Әндіжан оқиғасының бір жылдығы жақындаған сайын билік орындары халық санасындағы қайғылы оқиғаны өшіруге тырысып жатыр.

“Өзбекстанда 13-ші мамыр күні болған оқиғаны ешкім атап өтпейді, көресіз. Керісінше, Әндіжан стадиондарында концерттер басталып кетті. Өзбекстан билігі жастар мен халықтық миын шатастырып, қайғылы күнді мерекеге айналдырмақшы”, - дейді Раззақов.

“Эрк” партиясының Әндіжандағы басшысы Исраилжон Холдаров та Қырғызстанға жақында ғана келді.

“Өзбек халқы әдетте қаза болғандардың жылын береді. Асқа келген Әндіжандықтардың айтуынша, әрбір өлген адамның үйінде СНБ, яғни Ұлттық қауіпсіздік қызметінің екі қызметкері және милицияның бір адамы отыр екен. Олар - асқа ешкімді шақырмайсын, үндемей тыныш өткізесін, осы ауылыңнан тек қана төрт кісіні шақырасың - болды деп жатыр екен. Жергілікті билік басшылары да осыны қолдап отыр”, - дейді Холдаров.

Қырғызстанда жүрген Абдужалил, Холдаров, Раззақов және тағы басқа оппозиция мүшелері өз үйлеріне барғысы келеді, бірақ билікте Ислам Каримов болғандықтан, олар Өзбекстанға бара алмайды. “Биліктің бейбіт түрде өзгергенін қалаймыз, сол күн тезірек келсе екен деп асыға күтіп жүрміз”, дейді оппозиция мүшелері.
XS
SM
MD
LG