Accessibility links

Қазақстан журналистері конгресі ақпарат министрінің қызметтен кетуін талап етті


Бейсенбі күні Қарағандыда атқару комитетінің отырысын өткізген Қазақстан журналистерінің конгресі елдің Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың қызметтен кетуін талап етті. Ал, министр Ертісбаев Астанада мамырдың 12 күні журналистердің сұрағына жауап бере келе, «мен тек президентке бағынамын» деп мәлімдеме жасады.

Мамырдың 11 күні Қарағандыдағы отырысында Қазақстан журналистерінің конгресі республиканың Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың қызметтен кетуін талап етті. Бұл мәлімдемеде жазылғандай, конгресс министрдің алып отырған лауазымына сәйкес келмейтін және оған сеніп тапсырылған министрліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінбейтін адам ретінде дереу қызметтен кетуді талап етеді. Конгресс өкілдерінің пікірінше, Ертісбаев келгелі елдегі бұқаралық ақпарат құралдары төңірегіндегі жағдай жалпы нашар жаққа өзгере бастаған. Конгресс мәлімдемесінде айтылғандай, журналистік қауымдастық министрдің жаңа бұқаралық ақпарат құралының ашылуына қажет рұқсат жүйесінің қаталдану, тіркелу кезінде ақшалай кепілдік беру шешіміне және дербес бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын тоқтату қаупіне үрейленіп отыр.

Ал, Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша Қазақстан журналистерінің конгресі президент емес, конгресс атқарушы таратушы билік органдарының ісіне араласып, конституция заңдарын дөрекі бұзып отыр.

- Олар президентке әсер етуге тырысады, мен тек президентке бағынамын. Ал президенттен 116 жұмыс күні ішінде ешбір ескерту болған жоқ, - деді министр Ертісбаев.

«Егемен Қазақстан» газетінің президенті, бұрынғы ақпарат министрі Зауытбек Әбдірахманов министр Ертісбаевтың пікірін құптайды:

- Өте дұрыс айтады, бұл президент шешетін мәселе.

Ал, «Әділ сөз» қорының өкілі Ғалия Әженова бұл жерде біреулер журналистердің атын жамылып өз мақсаттарына жетудің әрекеттерін жасап жатыр емес пе екен деп күмәнданады:

- Қазір біреулер мақсат қойды. Әр түрлі бағытта істеп жатыр. Біреулер зиялы қауыммен қызмет істеп жатыр, біреулер «Қазақстан» телеарнасынан кеткен жігіттермен қызмет жасап жатыр, конгрестің арасында, тіпті біздердің арамызда өз идеяларын өткізуге тырысып жатқандар бар.

Ал, Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша мұның артында кімдер тұрғаны белгілі. «Әділ сөз» қорының өкілі Ғалия Әженовада олардың есімдерін айтпады:

- Шын мәнінде, мұның ар жағында кімнің тұрғанын білуге болатыны белгілі. Бірақ, әлгі зерттеулерді жасамай, фамилиясын айту дұрыс емес болады. Бұл жерде белгілі бір топтардың екінші топпен шайқасып жатқанын көріп отырмын, сол шайқаста халықтың зардап шегіп жатқаны да рас.

Ал, Қазақстан журналистерінің конгресі таратқан мәлімдемеде жазылғандай, министрдің мемлекеттік ақпараттық саясатының қаталдату жөніндегі пікірі ең үлкен алаңдаушылық туғызады. Конгресс өкілдерінің айтуынша, кез-келген мемлекет өзінің ақпараттық саясатын жүргізуі тиіс, бірақ, министрдің әрекеті редакциялық саясатқа жоғары жақтан медиа жоспар түсірумен, міндетті түрде басылатын мақалаларды жарыққа шығартумен және кадр ауыстырумен шектеледі. «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті Жұмабек Кенжалин жұмыс істеп жатқанына көп болмаған министрге әлі уақыт беру керек деп санайды.

- Қызметіне кіріскелі екі-ақ ай болған адам әлі екі жылдай жұмыс істеуі керек, - дейді Кенжалин мырза.

Қазақстан журналистерінің конгресі таратқан мәлімдемеде «Қазақстан» телеарнасының төңірегіндегі дағдарыс - министр Ертісбаевтың шамға тиетін мәлімдемелердің кесірінің нәтижесі деп көрсетілген. Құжатта журналистік қоғамдастық пен министр арасында туған қайшылық қоғамның билікке деген сенімінің жоғалуына әкелуі ықтимал екені айтылады. «Министр жұмысының алғашқы айларында авторитарлық мінезін көрсетті. Ол журналистік ұжымдарды үркітуге барып, бұқаралық ақпарат құралдарындағы кадрларды ауыстыруға, телеэфирдегі цензура орнатуға тырысты», дейді конгресс өкілдері.
XS
SM
MD
LG