Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.16.2006 жыл


«Қазақстанның дамыған елу ел қатарында болу» стратегиясы баспасөзде кеңінен талқыланып жатыр. Мемлекеттік газеттер бұл жоспарды «ұлттық идея» ретінде дәріптесе, тәуелсіз басылымдар оны кері қадам ретінде қарастырады.

Мемлекеттік «Егемен Қазақстан» газетінің «Ел межесі - елулік» атты бағанамен басталатын айдары әдеттегідей «50 елдің қатарына кіру стратегиясын» сөз етіпті. «Жетістіктер аз емес, ал атқарылатын іс ұшан-теңіз» деп аталатын мақалада Мәжіліс депутаттары Оңалбай Аяш пен Нұрбақ Рүстем: «елулікке еуропалық стандартқа сай келетін ауыл шаруашылығы жүйесімен кіру үшін ең өзекті мәселелерді анықтап алуымыз керек», деп жазады. Депутаттардың пікірінше, келесі онжылдықта ауыл шаруашылығындағы негізгі көрсеткіштер Шығыс Еуропа елдерінің деңгейінде болуы керек. Біз әлемдегі астық экспорттаушылардың алғашқы бестігіне енуге, осы деңгейде ет, сүт, мақта өнімдерін еселей өндіруге тиіспіз, дей келе, таяудағы онжылдықта бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу міндеті, ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды, мұндағы шешілмеген түйінді мәселелерге айрықша назар аударуды талап етеді», деп түйінделген «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақала.

Ал бейүкіметтік «ZONAKZ.NET» басылымы «50 елдің қатарына қосылу стратегиясын» «кері қадам» ретінде қарастырады. «Үкімет өзінің ұлттық идеясын тауыпты» деп аталатын мақаласында Президент Жолдауын насихаттау және талдау мәселелері жөніндегі республикалық мәжілісте оқылған баяндамаларға талдау жасалып, мынадай қорытынды келтірілген: «Билік өзі үшін ұлттық идеялар жиындығын айқындап алған. Мемлекеттің стратегиялық құжатын түсіндірудегі ақпараттық-идеологиялық жұмыстың ең белді де белсенді ойыншысы – Мәдениет және ақпарат министрлігі. Ол енді насихат министрлігіне айналды. Бірақ көпшілік аталған министрліктің бұл бағыттағы жұмысын байқамай қалған секілді. Сондықтан, саясатшылар мен саясаткерлер ұлттық идеяны іздеу үстінде. Ал ол бұрынғы кездердегі съезд шешімі секілді өмірге еніп кеткен», деп жазады «ZONAKZ.NET» тәуелсіз басылымы.

Көпшілік мемлекеттік стратегияны талқылап жатқанда, «Алматы түбіндегі Бақай ауылында үлкен саясат та, басқасы да жайына қалды» деп келтіреді тәуелсіз «Жас Алаш» газеті. «Аталған ауылға өткен жұма күні жүз шақты ОПОН жасағы ұсқынсыз лашықтарды пайдаланған халықтың үрейін ұшырды. Басар жер, барар тауы қалмаған халық баспана етіп отырған бекінісі – тауықтың күркесіндей отауы үшін күресіп жатыр. Сот орындаушылары мен бақайлықтар арасындағы қақтығыс бір үйзің дуалын бұзудан басталды. Үйдің іші мен тысына, шатырына дейін бекініп алған халық полицейлердің жолын бөгеді» делінген мақалада. «Бұл үйлердің заңсыз екені, ешқандай архитектуралық талаптарға сай келмейтіні рас. Сот «Шаңырақ» ықшамауданындағы 120 заңсыз үйді құлатуға шешім шығарыпты. Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылатын Қазақстанда өкімет 5-6 баласы бар үбірлі-шүбірлі отбасын далаға қаңғытып жіберуге дайын. Ал бақайлықтар үйлерін қорғап қалуға атсалысатындарын айтты. Содан соң құлап қалған дуалды тұрғызуға кірісіп кетті», деп жазады «Жас Алаш».

«Қала сәніне сай емес» ауылдың тұрғындары осындай күрес жүргізіп жатқанда, қаланың дәл орталығына ауыл көшіп барғандығы туралы «Казахстанская правда» газетінде сөз болды. Талдықорған қаласының орталығына киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық дастарханы көпшілікке жайылды. Енді қала тұрғындары күнделікті таңертең осы ауылға барып, қымыз, шұбат секілді тағамдарды сатып алып тұратын болады. Ал қала баласы үшін нағыз зоопарк бұл: түйелер мен олардың ботасын көруге асығады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG