Accessibility links

Қазақстан және «General Electric» компаниясы локомотив жасайтын зауыт салады


Қазақстан үкіметінің басшылығы және АҚШ-тың «General Electric» компаниясының жетекшілері Астана маңында локомотив жасайтын жаңа зауыт салатындығын жариялады. Ал, «Қазақстан темір жолы» компаниясының мамандары бұл жоба тиімді болғанымен, қосалқы бөлшектер қымбатқа түседі деп отыр.

Солтүстік Америкадағы «General Electric Rail» компаниясының хабарлауынша жалпы, компания локомотивтері Канададағы 50 градус аязда және Таяу Шығыстағы 50 градус ыстықта сынақтан өткен. Жаңа технологиялардың арқасында компания өзі шығарған локомотивтерін барлық әлем бойынша жер серігі арқылы бақылай алады. Ал, «Қазақстан темір жолының» жөндеу басқармасының бастығы Бақытжан Ахмедиевтың айтуынша әзірге жер серігінің көмегін Қазақстан пайдаланбайды:

- Біз оған әлі жете алмай жатырмыз. Ал, енді қазіргі пайдалануда жүрген, ескі, Кеңес одағындағы тепловоздармен салыстырғанда, машинист көмекшісі екінші секцияға жаяу барып қайтып келеді. Жүріп келе жатқан кезде соның бәрі 15 минут сайын барып-келгенге уақыт алатын, ал, қазір ондай жоқ. Бәрін компьютер көрсететін болады. Жолға қарап отырады, қазір машинист өзі қарайды ғой, жолдан мал да секіреді, оның бәрін бірге бақылап көріп тұру керек. Екі көз емес төрт көз болып қарайтын болады.

«General Electric Rail» компаниясының хабарлауынша, компания өзі шығаратын 20 мыңнан астам локомотивтерге қосалқы бөлшектер жасайды. Ал, «Қазақстан темір жолының» жөндеу басқармасының бастығы Бақытжан Ахмедиевтың айтуынша, қосалқы бөлшектер Қазақстанға қымбатқа түседі екен.

- Ақтөбенің өзінде жөндейді, ал, қосалқы бөлшектерді Америкадан аламыз. Олар қымбаттау болады, оны мойындау керек. Ал, негізі олардың жөндеуі біздікінен арзан.

«General Electric» компаниясы өкілдерінің айтуынша жаңа технологиялар локомотивтердегі отын және май шығынын азайтып қана қоймай, ауаға шығатын зиянды заттарды кемітеді. Бірақ, жоба сыншылары бұл локомотивтер тым қымбат деген пікір айтады. Ал, Американдықтармен бірге жұмыс істейтін «Локомотив» акционерлік қоғамының президенті Бахыт Дәгенов жаңа локомотивтер қымбат болғанымен тиімді дегенді алға т артады:

- Бағасына келгенде одан да төмен Ресейден алуға болады, бірақ, ол қандай тепловоз? Ол - кешегі тепловоз. Арзан бағаға алып, оны 20 жыл пайдаланған кезде арзан алған бағамыз екі есе болып шығуы мүмкін. Оның жөндеуі бар, жанармайды жеуі бар – барлығын есепке алу крек. Ал, мынау дизельдің өзі экология талаптарының бәріне жауап береді. Неғұрлым аз жанармай жесе, соғұрлым зиянды заттар аз болады.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «General Electric» компаниясымен қарым-қатынасын 1994 жылы бастаған болатын. Ол кезде қазақстандық тендерді ұтып шыққан «General Electric» Қазақстандағы локомотивтерді жаңартуға қажет жабдықтардың 250 кешенін жіберді. Оған жаңа қозғағыш, компютерлік жүйе, суыту жүйесі кірді. Соның арқасында ескілеріне қарағанда отынды 22 пайызға үнемдейтін жаңартылған локомотивтер жүре бастады дейді мамандар.

Бірақ, ол кезде жаңа локомотив жасау ұзақ жоба болды, ал, теміржолшыларға жылдам шешім қажет болды. Ал, локомотивтерді жаңартудың арқасында оның қызметін 10-20 жылға ұзартуға болады және бұл жұмысқа кететін шығын жаңа машинаға қарағанда әлдеқайда аз, дейді мамандар. Бірақ, Қазақстан темір жолдарының тасымалдау көрсеткіштері жыл сайын өсіп келе жатқанымен, локомотив паркі, керісінше, жылдан жылға ескіріп келеді, дейді «Қазақстан темір жолының» жаңарту бөлімінің маманы Жасұлан Смағұлов:

- Локомотив паркінің қазіргі уақытта, шамамен, 75 пайызы тозған. 2003 жылдан бері 77 тепловозды жаңартып, тозған локомотивтердің қолдану мерзімін 15 жылға созып жатырмыз. Ол өте көп уақыт алмайды, бірақ, оған дайындалып келу керек.

Ал, қазір жөндеудің сыртында қазақстандықтар жаңа локомотив құрастырамыз деген үмітте. Жуырда «General Electric» компаниясының вице-президенті Дэвид Такер, Қазақстан премьері Ахметовқа хат жазып, жаңа зауыт салу жөнінде ұсыныс жасады. Қазақстан премьері Ахметов инвестициядан бас тартпады. Жаңа кәсіпорын іске қосылған соң, яғни, 2008 жылдан бастап, барлық ТМД территориясында қолдануға болатын «Evolution» сериясындағы 100-150 локомотив шығаратын болады деп хабарланып отыр. Бірақ, жаңа зауыттың құнды қағаздары екі ел арасында қалайша бөлінетіні жайлы ақпарат берілген жоқ.
XS
SM
MD
LG