Accessibility links

Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Орталық Азия аймағында барлық жасалып жатқан шараларға қарамастан адам саудасы фактілері көбейіп келеді деген мәлімет келтірді


Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Орталық Азия аймағында барлық жасалып жатқан шараларға қарамастан адам саудасы фактілері көбейіп келеді деген мәлімет келтірді. Бұл туралы Астанада 18 мамырда осы ұйым өкілдерінің адам саудасымен күрес жоспарын таныстыруда баяндалды. Ал, Қазақстанның заң органдары Қазақстанда адам саудасы фактілері кеміп келеді деп отыр.

Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Орталық Азия аймағында адам саудасымен күрес жоспарында айтылғандай, аймақта кінәлілерді жазалау жұмысының деңгейі төмен. Ал, ұйымдасқан топтар жемқорлықты пайдаланып, дегенін жасайды деп көрсетілген. Осы құжатта аталғандай, адам саудасы кедейшілік пен жұмыссыздық, әйелдерді кемсіту бар елдерде кездеседі.

Астананың орталық базарының маңында Өзбекстан азаматтарын құрылыс жасап жатқан қазақстандықтарға сатып жатқан әйел жұмыс күші бар ма деген сауалға ертерек келу керек еді деп жауап берді. Оның айтуынша олар әр өзбек азаматына 7 мың теңге сұрайды. Бұл қаржыға миграциялық құжаттар ғана істеледі, ал, тамағын және ақысын өздерің төлейсіңдер деп түсіндірді әңгімеге тартқан кейіпкеріміз:

- Ташкентте адам қалмады, өзбектер ада болды. Екі ай істеп, үйлеріне отандарына барады. Кеше келмедіңдер ме, адам бар еді...

Ал, мамандар ұйымдасқан топтардың адам саудасына қатысы бар екендігін дәлелдеу өте қиын, дейді. Оның үстіне зардап шеккендер өз аңқаулығын жариялағысы келмейді, ал, ресми өтінішсіз жұмыс істеу мүмкін емес, дейді заңгерлер. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Орталық Азиядағы үйлестірушісі Екатерина Батикованың айтуынша, соңғы уақытта Қазақстанға Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттерден адамдарды алдап әкелу белең алған.

Қазақстан басшылығы болса, адам саудасына қарсы үкіметтік шаралар жоспары бірнеше шараларды қамтиды деп отыр. Жекелеп айтқанда, бұл шет елге заңсыз шығарылған қазақстандықтарға қаржымен көмек көрсету және еңбекпен қамту агенттіктерін қадағалау сияқты шаралар. Сондықтан Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметінің департамент директоры Уәлихан Қоңырбаевтың айтуынша, шетелдік сарапшылар адам саудасы дамып келе жатыр деген мәлімдемесінде қателесуі мүмкін:

- Бүгінгі күні, мысалы, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары жүр. Олар құлдыққа алынған емес, не болмаса оларды біреу сатып алған емес. Олар өз еркімен жұмыс іздеп келген адамдар. Ал, халықаралық кейбір ұйымдардан олар көбейді, осы жерде қанап жатыр, деген әңгімелерді естиміз.

Ал, Қазақстанның әділет министрлігінің өкілі Данияр Айтмұхаметовтың айтуынша керісінше Қазақстанда адам саудасының тіркелген фактілері кеміп келеді.

Қырғызстандағы «Подруга» атты үкіметтік емес ұйымының өкілі Талай Әбдірайымовтың айтуынша олар жуырда Қазақстанда құлдыққа сатылған бірнеше Қырғызстан азаматына қолғабыс тигізіпті:

- 4 қызға жәрдем бергенбіз. Олар Қазақстанда темекі шаруашылығында жұмыс істеген екен. Олар бізге өздерінің алдауға түсіп қалғанын айтып берді. Бұларды жұмысқа әкелген адам шекарадан өткеннен кейін басқа адамға сатқан. Әлгі қыздар бір кішкентай үйде, шатыры жоқ болғандықтан төбесінен тамшы ағатын кішкентай бөлмеде 15-20 кісі болып тұрғанын айтып берді.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің өкілі Сұлтан Құсетов, адам саудасының құрбандары көп жағдайда өздері шекарадан заңсыз өтіп, қылмыстық жайттың құрбаны болып жатады дегенді айтады.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда азаматтарға шетелден жұмыс беру құқы бар фирмалар жоқтың қасы. Бірақ, тұрғындар оған қарамайды, түрлі жұмыстарға шетелдік азаматтарды шегіп, кейде олардың құқығын бұзып жатады, дейді жергілікті заңгерлер. Ал, заңды бұзған адамдар кейін өздері зардап шеккен соң, көмек сұрай алмайды, дейді олар.
XS
SM
MD
LG