Accessibility links

Венесуела генералының Иранға әскери ұшақ сатамыз деген мәлімдемесі саяси ойын ба?


Венесуела генералы Ф-16 атты шабуылшы ұшақтарының барлығын Иранға сататындығы жөнінде айтып отыр. Генерал Алберто Мюллер Рохас елдегі ескірген қырғиұшақтарды сату жөнінде ұсыныс айтқандығын, сатып алушының Иран елі болуы мүмкін екендігін хабарлаған еді. Алайда батыстық сарапшылар бұл әрекеттерді саяси жалған шабуыл сөздер деп бағалап отыр.

Венесуелаға Ф-16 шабуылшы ұшақтары бұдан 20-жылдан аса уақыт бұрын жеткізілген екен. Дей тұрғанмен олар қазірге дейін жеңіл салмақты қырғи ұшақтардың ішіндегі озығы деп бағалануда. Қазіргі электрондық жүйемен басқарылатын қаруларға ол ұшақтар платформа бола ала ма, деген сауал Венесуела тарапынан қарастырылған еді. Сондықтан генерал Мюлльер Рохастың Иранға осы ұшақтарды сату жөніндегі мәлімдемесі әскери тұрғыда маңызды емес, дейді әскери сарапшылар. Лондонда орналасқан Халықаралық Стратегиялық зерттеулер институтының әскери-әуе күштері бойынша сарапшысы Андрю Брукс бұл жөнінде:

“Менің ойымша, мұның өзі - президент Хуго Чавез бен Уашингтон арасындағы қарым-қатынастардың театрланған көрінісі”, деді сарапшы.

Тағы бір сарапшы “Жейн қорғаныс апталығының” қызметкері Петер Фелтсидтің пікірінше, Венесуеланың бұл мәлімдемесі президент Буштың қытығына тию үшін жасалуда.

“Мұның өзі саяси келіспестікке байланысты жасалып отырған жалған шабуылдардың бірі ретінде маған көрінуде”, - деді Фелтсид.

Оның айтуынша Ф-16-ны ұшуға жарамды күйінде ұстау да Венесуела үшін оңай болмауда. Себебі, бұл ұшақтар Құрама Штаттарында жасалғандықтан, оның қосалқы бөлшектеріне қол жеткізу де оңай болмайды. Сатып алған жағдайда Иран да осындай проблемаға тап болар еді. Ол бөлшектерді жіберуден Уашингтон бас тартты, дейді венесуелалықтар. Уашингтонның айтуынша, мәселенің түйіні онда емес.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Син МкКормак дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде:

“Венесуелаға қарудың қандай түрін болмаса да сатуға Құрама Штаттары тиым салды. Себебі, ол ел лаңкестік әрекеттерге қарсы күресте көмек көрсете алмады, деп айыпталуда”, - деген еді.

Дей тұрғанмен, мұндай тиымның салынғандығына қарамастан коммерциялық және қолдау келісім-шарттары соңғы межесіне дейін жүзеге асатын болады. Кейбір келісім-шарттар 2009-шы жылға дейін жасалған екен. МкКормак сондай-ақ бұған дейін қол қойылған келісім-шарт бойынша Құрама Штаттардың рұқсатынсыз қырғи ұшақтарды Венесуела сата алмайды, деді.

Иранның Каракастағы елшілігінің айтуынша Венесуела тарапынан ешқандай қырғи ұшақтар сату жөнінде ұсыныс жасалған жоқ. Ф-16-ның алғашқы шетелдік сатып алушысының бірі Иран болған екен. Алайда 1979-шы жылғы төңкерістен кейін бұл келісім-шарттар тоқтатылған. Иранға арналған ол ұшақтар Израйльге сатылған боп шықты.
XS
SM
MD
LG