Accessibility links

Мүлікті заңдастыру нәтижесінде бір жарым миллионға жуық қозғалмайтын мүлік нысандары заңды айналымға қосылуы мүмкін


Қазақстанда мүлікті заңдастыру жұмыстарын осы жылдың 3 шілдесінен бастап жарты жыл уақыт ішінде жүргізу көзделіп отыр. Бұл туралы Астанада Қазақстанның әділет министрлігі өкілдері хабарлады. Басты мақсат бюджет қоржынын толтыру деп хабарланады. Ал, кейбір сарапшылардың айтуынша бұл шара басқа мақсаттарды көздейді және одан дамыған елдердегідей көп қаржы түспейді.

Қазақстанның әділет министрлігінің тіркеу комитетінің мәліметіне сәйкес, Республикадағы барлық қозғалмайтын мүлікті тексеру барысында бір жарым миллионға жуық қозғалмайтын мүлік нысандары мүлде тіркеуде тұрмағандығы анықталған. Оның 450 мыңға жуығы, яғни үштен бір бөлігі, тұрғын үйлер санатына жатқызылды. Ал, мүлікті заңдастыру жөніндегі рақымшылық заңына сәйкес бұл мүлікті заңдастыруға болады, дейді әділет министрлігінің өкілдері. Ресми мәлімет бойынша бұл заңсыз құрылыс жасап жатқан жер үй иелеріне қолайлы. Олар енді осы заң жобасын пайдаланып жерлерін заңдастыруға мүмкіншілік алады. Ал, Астана тұрғыны Асылбек Аханов Алматы көшесіндегі 32А мекенжайындағы үйін заңдастыра алмай жүрген жандардың бірі. Оның айтуынша қазір Қазақстанда қозғалмайтын мүлікті заңдастыратын жағдай жасалмаған:

- Менің атамнан қалған үй, бірақ, бұрыңғы құжатпен сызылған. Қайтадан қосылған бөлмелермен қоса заңдастырылмаған. Заңдастыра алмай жүргеніме көп болды. Тастаған өтінішім жоғалып кетеді. Енді өзім заңдастырайын десем ешқандай жол жоқ. Өтінішіңді таста 3 айдан кейін жауап береміз, дейді. Ал, заңгерлерге барсаң 4-5 мың доллар бер мен саған заңды қылып бір жетінің ішінде жасап береміз, дейді. Енді сонда ол ақша кімнің қалтасына түсіп отыр. Мен сізге ұстап бере алмаймын, бірақ, ол белгілі жағдай. Газетте жүр хабарламалар заңдастырамыз деп.

Ал, Қазақстанның әділет министрлігінің тіркеу комитетінің маманы Гульжайна Елесинованың айтуынша тіркеу органдарына түскен өтініштің ұзақ жатуы мүмкін емес:

- 3 ай жатуы мүмкін емес деп ойлаймын себебі ол міндетті түрде тексеріледі.

Ал, Қазақстанның әділет министрлігінің тіркеу комитетінің мәліметіне сәйкес қала тұрғындарының сыртында елді мекендерде рәсімделмеген үйлері бар тұрғындар енді үйлерін заңдастыру мүмкіншілігін алады. Бастысы бұл үшін олардан бюджетке ешбір төлем талап етілмейді, ал, мүлкін заңдастырғысы келетін қалған тұлғалар өз мүлкінің құнының 10 пайызын бюджетке өткізуге тиіс деп хабарланып отыр. Ал, Астана тұрғыны Асылбек Ахановтың айтуынша бұл заң халыққа емес, шенеуніктерге қолайлы жасалған.

- Тағыда былай бұрмалап мынаған сүйенсең былай болады, мынаған сүйенсең былай болады деп үздік-создық қылса, қажеті жоқ ондай заңның. Шығарасыңдар ма, нақты шығарыңдар, барлығы кесіп-пішіліп айтылған. Қазір заңнан көп нәрсе жоқ. Бір заңды біреуі жойып отыр. Президенттің заңын жергілікті әкімшілік мынаған байланысты былай болады, дейді. Ол сауаты жоқ адамға былай деп аударадыда сосын сандалып жүресің ит құсап.

Саясаткер Дос Көшімнің айтуыншада бұл заң халыққа емес шенеуніктерге қолайлы жасалған:

- Адамдардың кетпенменен тапқан ақшасы бар, адамдардың заңсыз тапқан ақшасы енді дүние мүлкі, үйлері бар. Менің ойымша, бұл сол ақшасы бар адамдардың Қазақстаннан кетпесін, капиталдың шет жаққа шықпасы үшін жасалып жатқан мәселе. Бірақ, осы үкімет, осы басқарып отырған адамдар сол уақыттада отырды. Осындай заңсыздықтардың жасалғанын білді. Менің ойымша енді соны аңдып келіп жеңілдіктер жасап жатыр. Бұлай кейде шет елдердеде болады. Бірақ, ол уақытта мемлекетке түсетін ақша қомақты болады. Ал, Қазақстанда он-ақ пайыз сұрап отырғаны ол тек қана биліктің қасында жүрген «байшікештердің» кезінде халықтан тонаған дүние-мүлікті заңдастыру деп ойлаймын. Егер, шынындада солай болса, ол уақыттағы бөлген, басқарған Қалмырзаев па, басқалар ма жауапты болуы керек еді. Бұл жерде ешқандай жауптылық қарастырылмаған.

Ал, ресми мәлімет бойынша жаңа заң жобасына сәйкес, мүлікті заңдастыру жұмыстарын осы жылдың 3 шілдесінен бастап жарты жыл уақыт ішінде жүргізу көзделіп отыр. Осы заң жобасында қозғалмайтын мүліктің сыртында қозғалатын мүлікті, құнды қағаздарды, қаражатты заңдастыру механизмдері туралы айтылады. Естеріңізге сала кетсек, осыдан бес жыл бұрын өткізілген ақшаны заңдастыру кезінде бюджетке жарты миллиард доллар түскен.
XS
SM
MD
LG