Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.24.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз «Нағыз Ақ жол» партиясының әділет орындарынан «Алға» халық партиясын заңмен тіркеуін сұрағандығы туралы жазды. Ал «Алға» партиясы болса Қазақстандағы кез-келген ұйыммен қарым-қатынас орнатуға дайын.

«Нағыз Ақ жол» демократиялық партиясының әділет органдарынан қайта құрылған «Алға» халық партиясын тіркеуге алу керектігін сұраған мәлімдемесі «Zonakz.net» тәуелсіз интернет сайтында басылды. Мәлімдемеде «азаматтардың еркін бірлесуге қақылы екендігін ескеріп, Қазақстанның саяси айдынында экстремистік бағыттан тыс қоғамдық ұйымдардың барлық түрі болғандығын түсіне отырып, «Алға» партиясын тіркеуден өткізуін қолдаймыз» делінген.

Сонымен қатар, «Zonakz.net» тәуелсіз интернет сайтында «Алға» партиясының басшысы Асылбек Қожахметовтың сұхбаты басылды. Онда партия жетекшісі Қазақстандағы кез-келген ұйыммен қарым-қатынас орнатуға дайын екендігін білдірген. «Ол «Асар» бола ма, «Отан» немесе Азаматтық партиясы болсын, қай-қайсысымен де тіл табысуға дайынбыз» деген Асылбек Қожахметов. «Қарапайым ғана пайым. Мемлекет өркендесін десек, бір-бірімізбен тіл табыса білуіміз керек. Адамдарды біздікі, сіздікі деп бөлуге болмайды» делінген ««Zonakz.net» сайтындағы сұхбатта. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық ету мәселесі қаралған Венадағы жиынға «Алға» партиясының неге қатыспағандығы туралы сұраққа Асылбек Қожахметов: «бұл мәселе партия ішіндегі саяси кеңесте дауысқа салынып, көпшілігі қарсы болды» деп жауап берген.

Франция Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселесіне қатысты Қазақстанның бастамасын қолдайды» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті. Қазақстанға жұмыс бабымен келген Франция сенатының төрағасы Кристиан Понселе Президент Н. Назарбаевпен кездесуінде Қазақстанның халықаралық беделінің өсіп келе жатқандығын, бұған елдің саяси тұрақтылығы мен дінаралық төзімділікке шақырған бастамашылдығы себепкер болып отырғандығын айтты. Қазақстан екі әлемнің ортасындағы алтын көпірге айналып келеді. Бұған оның толық құқы бар» деді Франция Сенатының төрағасы.

«Экспресс К» газеті К.Понселе мырзаның елімізге сапарына қатысты «Францияға керегі тыныштық» атты мақаласында «Мәртебелі қонақ пен Президент арасындағы әңгіме 1 сағаттан астам уақытқа созылды. Француз сенаторы талқыланған көп мәселенің біреусіне ғана айрықша тоқтап өтті» делінген. «Франция елі Қазақстанның тұрақтылыққа ұмтылысын қай жағынан болсын қолдауға дайын» деді Кристиан Понселе.

«Ұлыбританияның әуекомпаниялары қазақстандық әуенавигаторларына алғысын білдірді» деп жазады «Экспресс К» газеті. Осы жылдың сәуірінде британияның «Боинг-747» жолаушылар ұшағында техникалық ақаулар шығып, амалсыздан Орал әуежайына қонған болатын. 354 жолаушысы бар ұшақтың көмек сұраған дабылын Ақтөбедегі әуедиспетчерлер бірінші естіген. Мұндай қарбалас сәтте шешімді тез қабылдап, әуедегі ұшақтың қонуына жағдай жасалуы қажет. Абырой болғанда, қазақстандық диспетчерлер қалтқысыз жұмыс істеп, ұшақ әуежайға сәтті қонды. Бұған британиялық әуекомпаниясының алғысхаты дәлел бола алады» деп жазады «Экспресс К» газеті.

Ал қазақстандықтардың өзге планеталықтармен кездескендігі туралы мақала «Аргументы и факты: Қазақстан» газетінде басылды. Ғарыштан келген қонақтарды Батыс Қазақстан облысына қарасты Аңқаты ауылының тұрғындары көрген. Жергілікті мектептің мұғалімі Әлім кешкілік аула жұмысымен айналысып жүрген сәтте баласы Рауанның шошына айқайлағанынан басын көтеріп қараса, қарсы алдында қара киінген екі метрлік гуманоид тұр. Қатты сасқан ол белгісізді ұрып салады. Келесі жағынан тағы бір белгісіз пайда болып, оны да жайратып салыпты. Әлімнің айтуынша, олардың беті сондай жұмсақ, сүйексіз сияқты. «Ғарыштан келгендер» артынша көзден ғайып болыпты. Олардың мұнда болғандығын білдіретін жалғыз белгі – 48-ші мөлшерлі аяқ іздері ғана. Артынша осы оқиға туралы бүкіл ауыл естиді. Алайда көпшілігі Әлімнің әңгімесіне күдікпен қарайды. Ал Әлім болса өзге планеталықтарды зерттеуге кірісіп кетті» деп жазады «Аргументы и факты: Қазақстан» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG