Accessibility links

Өзбек оппоциясының белсендісі азат етілді


Өзбек оппозициясының белсендісі Нодира Хидоятова сотқа шағымданған соң сейсенбі күні азат етілді. “Күншуақты Өзбекстаным” коалициясының үйлестірушісі Хидоятова осы жылдың наурыз айында “экономикалық қылмыс жасады” деген айыппен 10 жылға түрмеге жабылған болатын. Адам хұқтарын қорғаушы топтар Хидоятованың қамауға алынғанын “саяси астары бар” деп бағалаған еді. Тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, Өзбекстанда Әндіжан оқиғасынан кейін оппозициялық бағыттағы адамдарға билік тарапынан қысым одан сайын күшейген.

“Азаттыққа” берген сұхбатында Нодира Хидоятова азат етілгеніне және отбасына оралғанына өте қуанышты екендігін айтты.

“Енді мен нағыз бақыт деген сөздің не екенін түсінемін. Жақындарыммен қосылуым және сұмдық оқиғаларды бастан кешіргенімнен кейін азат етілуім мен үшін өте үлкен бақыт болды”, - деді Хидоятова.

Шешесінің азат етілуіне байланысты әсіресе оның балаларының көңілі қуанышқа толды. 17-жастағы қызы Малика:

“Анамыз бізге қайтып келді. Біз оны 7 ай бойы көрмедік. Өте қуаныштымыз!” – деді.

38-жастағы оппозиция белсендісі сейсенбі күні, яғни мамырдың 23-де азат етілді. Өзбек соты Хидоятованың жазасын 7-жылдық шартты мерзімге өзгертті, оның алғашқы үш жылы сынақ мерзімі болмақ.

Хидоятованың түрмеден босатылатынын оның отбасы еш күтпеген екен.

“Соттың неге мұндай шешім шығарғанын мен білмеймін. Олар көп ойланып, осы шешімге келді деп сенгім келеді. Меніңше, олар Нодираның жас балалары бар екендігін есепке алған болу керек”, - деді Нодира Хидоятованың әпкесі әрі тіркелмеген оппозициялық “Азат Диқандар” партиясының жетекшісі Нигора Хидоятова.

Нодира Хидоятова өткен жылы желтоқсан айында Мәскеуден келе жатқанында қамауға алынған болатын. Мәскеуде ол Өзбекстандағы адам хұқтарының бұзылып жатқандағын айтып және Ресей үкіметін президент Ислам Каримовты қолдауын тоқтатуға шақырып, баспасөз-маслихатын өткізген болатын.

Наурыз айында Өзбек соты Хидоятоваға “экономикалық қылмыс жасады”, “салық төлеуден бас тартты” деген айып тағып, “оның компаниясы 230 мың доллар салық төлеу керек” деген шешім шығарған болатын. Бірақ Хидоятованың өзі оған тағылған айыптарды жоққа шығарды.

Адам хұқтары бойынша халықаралық ұйымдар Хидоятованың тұтқындалғанына және оның сотына байланысты алаңдаушылық білдірген еді. “Amnesty International” ұйымының өкілі Мэйзи Уэйшердинг:

“Біз оның азат етілгендігін жылы қабылдадық. Бірақ әрине оның шартты мерзімі бар ғой. Сол үшін ол шартты бұзса, қайтадан түрмеге жабылуы мүмкін”, - деді.

Адам хұқтарын қорғаушы тәуелсіз топтар мен Хидоятованың жақтастары оның қамауға алынуының “саяси астары” бар деп айтқан болатын. Өйткені Хидоятова “Күншуақты Өзбекстаным” атты коалицияның үйлестірушісі. Ал бұл коалиция өткен жылы мамыр айында орын алған Әндіжан трагедиясына байланысты Өзбекстан үкіметін қатты сынға алған еді. Ташкентте орналасқан адам хұқтары бойынша орталықтың басшысы Сурат Икрамов Хидоятованың азат етілуін қолдап-қуаттады. Бірақ ол мүлдем түрмеге жабылмауы керек еді, деді Икрамов.

“Оған тағылған айыптар дәлелденбесе де, сот оны ұзақ мерзімге түрмеге жапты. Бұған саяси себептер болды. Ол коалиция құрған болатын. Ол Әндіжан оқиғаларымен тұспа-тұс келді. Біз ол коалиция жөнінде алғашқы рет өткен жылдың сәуір айында есіткен болатынбыз. Әндіжан оқиғаларынан кейін үкімет оппозиция мүшелері мен адам хұқтарын қорғаушыларға одан сайын қысым көрсетуде”.

Соттың сейсенбі күнгі шешіміне қарағанда, Хидоятова айыпты болып қала береді, бірақ сынақ мерзімі кезінде оған ешқандай айып тағылмаса, оның қалған мерзімі өз күшін жояды. Бұған қоса, сот Хидоятовадан 120 миллион Өзбек сомы, яғни оның компаниясынан сұралған 230 мың АҚШ долларының 100 мыңын төлеуді талап етті. “Азаттыққа” берген сұхбатында Хидоятова “ол ақшаның бәрін маған достарым мен туыстарым жинап берді” деді. Алғашқы рет ұсталғанында Хидоятова сотқа 50 мың доллар төлеу керек болған бірақ ол “ешқандай заңсыз әрекет жасамадым, сол үшін ол ақшаны бермеймін” деген еді.

Хидоятованың азат етілуі қамауда жатқан “Күншуақты Өзбекстаным” коалициясының басшысы Санжар Умаровтың ісіне әсер ете ме жоқ па бұл әзірше белгісіз. Умаров та экономикалық “қылмыс жасады” деп 11 жылға түрмеге жабылған болатын. Хидоятованың айтуынша, Умаров осы аптада Бухарадағы абақтылардың біріне жіберілген.

Икрамов Өзбек билігі өзінің қарсыластарына “экономикалық қылмыс жасады” деген айып тағып, олардың ақшасы мен мүліктерін тәркілеп, елдің құлдырап тұрған экономикасын сәл де болса көтеруге тырысады дейді.

Ал Хидоятованың әпкесі Нигораның айтуынша, Нодира өзінің айыпсыз екендігін дәлелдеу үшін заңды түрде күреседі. Нодира Хидоятованың өзі болса қоғамдық әрекеттерін “профессионалды” және “дипломатиялық” түрде одан әрі жалғастыратынын айтты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG