Accessibility links

Иран студенттері неге толқып жатыр?


Иран астанасында Тегеран университеті мен Әмір Қабыр университетінде сәрсенбі күні студент ереуілдері орын алды. Сәрсенбіге қараған түні полициямен қақтығыс болды, бірнеше адам жарақат алды. Студенттер университтердің кеңестеріне арамыздан өкілдер сайлансын деп талап қояды.

Тегеран университеті мен Әмір Қабыр университеті Ирандағы ең мықты техникалық университеттердің бірі. Тегеран университетінің студенті Неко Несбати радиомызға телефон арқылы берген сұхбатында текетірес соңғы үш күнде ұшыққан еді, бұл, сол сияқты, реформашыл студенттер мен үкіметшіл, қатаң исламшыл бағыттағы студенттердің арасында төбелестерге әкелді дейді:

- Университеттегі ахуал мұның алдындағы күндердегідей өте қиын. Кешкісін бізге қауіпсіздік күштері мен консерваторлардың жартылай әскери жасақтары тағы шабуыл жасады. Қауіпсіздік орындарының офицерлері бізді университет мешітіне алып кетті деді, бізге тіл тигізді.

Ал енді полиция қақтығыстарды студенттер қоздырды дейді, бұзақы жастар тас атты дейді. Тегеран полициясының бастығы, бригада генералы Мортеза Талайи сәрсенбіге қараған түнде шамамен 40 полиция офицері жеңіл жарақат алды дейді. Полиция бастығы студент жастардың арасында ешкім қамауға алынған жоқ, полиция көтерілісті ұшықтармау мақсатында барынша сабыр сақтады дейді.

Қақтығыстар Әмір Қабыр университетінде де орын алған. Тегеранда оқитын Мохсен Сохраби деген студент шабуылды полиция мен жартылай әскери жасақтың адамдары жасады дейді:

- Біз шамамен екі мың студент болғанбыз. Қауіпсіздік күштері жасаған шабуылдан соң қатты қақтығыстар орын алды. 15 студент хабар-ошарсыз болып отыр, жетпіс шақтысы жарақат алды.

Ал енді студенттердің қойып отырған талаптары мынандай. Студенттер университтердің кеңестеріне арамыздан өкілдер сайлансын, бұған "Басиж" исламшыл ұйымы кедергі жасамасын, кедергі жасау әрекеттерін тоқтатсын дейді. ИРНА Иран ақпарат агенттігі Тегеран университетінің студенттері кейбір профессорлардың зейнетке шығарылып жіберілгендеріне наразы дейді.

Наразылық танытқан студенттер "Бізге Талибан исламы керек жоқ" және "Реакционизм мен диктаторлық билік жойылсын" деген ұрандарды айтты делінеді. "Фарда" радиосы хабарлағандай, наразылық шаралары бүгін де жалғасып жатыр. Жүздеген ереуілші екі университеттің жатақханаларында бекініп, баррикада құрып алды. Бұл жайында "Фарда" радиосына полициядан мәлімет түсті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG