Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.25.2006 жыл


Қазақстандық баспасөзде елеулі өзгерістер бар: бұрынғы «ДАТ» газетінің бесінші ұрпағы – «Тасжарған» басылымы оқырмандарына алғаш рет жол тартса, «Время» газетінің бүгінгі саны жаңадан тағайындалған бас редактордың басшылығымен жарыққа шығып отыр.

«ДАТ» газетінің мұрагері өз оқырманымен қайта қауышты. Алғашында «ДАТ», одан соң «СолДАТ», беріректе «Жұма-таймс» және «Айна плюс» атанып келген газеттің бесінші ұрпағы «Тасжарған» деп аталыпты. «Бұл жолы біз құмдауыт тақыр тауда тасты жарып шықтық» деп жазылған аталған басылымда. «Сегіз жылда елдегі еркін қоғамға қызмет қыламыз деген бес газет мерт болды. Соңғысы – «Айна плюс» соттармен соғысып жатыр. Оның бұл майданнан аман қайтпасы анық. Біз сылдыр сөздің ынтымағына емес, сананың сеніміне серік болсақ дейміз» делінген газеттің бас мақаласында.

Бұл уақытта «Время» газетінің бас редакторы ауысып, жаңа басшының басқаруындағы басылым бүгін Бигелді Ғабдуллиннің оқырмандарына үндеу жариялады. Онда бас редактор: «Время» газетіндегі өзгерістердің оның қожайыны ауысқаннан кейінгі жасалып отырған қадам екендігін түсіндіріп жату артық болар» деп жазыпты. Одан әрі газеттің жаңа мазмұнына қатысты түсініктеме бере келе, «редакция қоғамның бірлігі үшін жұмыс істейтіндігін» айтады. «Әрине, газеттегі бұрыннан бері қалыптасқан жақсы дәстүрлер сақталатындығы анық. Газет адам және азамат құқығын, заңды, адами құндылықтарды аттағандарға қарсы өткір тілін сақтап қала бермек» деп жазған «Время» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин.

Ал «Тасжарған» газетінде Бигелді Ғабдуллиннің сұхбаты басылды. «Медиа-хаос» атты бағанамен басталған мақалада бас редактор «Время» газетінің меншік иесі «Алтын хаус» атты компания екендігін айтқан. Сұхбатта газеттегі ауыс-түйістер мамырдың 18-күні жасалғандығы, сол күні Бигелді Ғабдуллин бас директор болып тағайындалғаны, оның бірінші шығарған қаулысы өзін бас редактор етіп тағайындау туралы болғаны жазылған. Ал газеттің мазмұнына қатысты қойылған сұраққа Ғабдуллин мырза «барлығы өзгереді» деп жауап берген. «Мен газеттің жаңа концепциясын жасадым. Онымен келісетіндер бар, келіспейтіндер үшін бір ай ойлануға мұрсат бар. Одан соң әркімнің таңдауы білсін» деген Бигелді Ғабдуллин. «Время» төңірегіндегі әңгіме әрі қарай, осыған дейін аталмыш газеттің саяси шолушысы болған Виктор Веркпен болған сұхбатта жалғасын тапқан. Оның айтуынша, газеттің меншік иесі саналатын «Алтын хаус» компаниясының артында «Қазақмыс» тұр. «Ғабдуллинді редакцияға таныстырған да «Қазақмыстың» заңгері» делінген «Тасжарған» газетінде басылған сұхбатта.

«Время» газетіндегі жағдай туралы «Жас Алаш» былай деп жазды: «Жаңа редактор қызметке кірісе сала қызметкерлердің жалақысын едәуір көбейтуге, кейбір журналистердің айлығын төрт есе жоғарылатуға ұсыныс жасады. Соған қарамастан, «Времяның» алматылық журналистері түгелімен өз еріктерімен жұмыстан босату туралы өтініш жазды. Редакция ұжымы Игорь Мельцердің жаңа жобасын жүзеге асыруға қатыспақшы. Ал, «Время» газеті ендігі жерде либералдық-демократиялық бағыттағы өткір басылым болады» деп жазды «Жас Алаш».

Бұл уақытта елдегі баспасөз жайын бақылайтын «Әділ сөз» ұйымы сөз бостандығына қарсы заң бұзушылықтардың мониторингін «Zonakz» тәуелсіз электрондық сайтында жария етті. Онда сәуір айының басты «теке-тіресі» ретінде мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамед Ертісбаевтың «Қазақстан», «Хабар» және «КТК» телеарналарына қатысты жасаған мәлімдемелерін келтірген. Ал айдың басты санкциясы ретінде «Айна плюс» оппозициялық газетіне қарсы қозғалған істі атаған. Жалпы, ұйым сәуір айында елдегі сөз бостандығы ахуалына қатысты 95 ақпаратты тіркепті. «Оның алпысы ақпарат құралдары және журналистердің құқығы бұзылғандын растайды», деп хабарлаған «Әділ сөз» қоры.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG