Accessibility links

Индонезияның алыс ауылындағы бір отбасында жеті адам бірдей құс тұмауынан құрбан болды


Мамандар бұл бір отбасында бұрын-соңды болмаған жағдай дейді. Сөйтіп ол құс тұмауының бір адамнан екіншісіне жұғуы мүмкіндігін көрсеткен оқиға деп бағалануда. Олай болса бұл адамзатты шошындырып отырған қатерлі дерттің жаңа кезеңге аяқ басуы деп санауға бола ма?

Адамзат өмірінде құс тұмауының вирусы алғаш пайда болғаннан бері денсаулық мамандары оның бара-бара мутацияға ұшырап, адамнан адамға берілу мүмкіндігі туа ма деген қорқыныштарын айтып, ескертіп келген болатын.

Әрине, осыған дейін ондай жайт орын алмаған еді. Құс тұмауы 2003 жылы алғаш тіркелгеннен бері әлемнің түрлі елдерінде 200-ге жуық адам бұл дертке шалдығып, ажал тырнағына ілініп үлгерді. Олардың барлығы да кеселді аулаларындағы немесе фермаларындағы үй құстарынан жұқтырған еді. Енді міне Индонезияда орын алған жайттан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қаға бастады.

Суматраның солтүстік аймағындағы Кубу Сембилаң ауылында бір үйден сегіз адам бірдей осы құс тұмауын жұқтырып төсек тартып жатып қалған-ды.

Жонед Гинтиң құс тұмауының құрбаны болып кеткен отбасы мүшелерінің - баласы мен әпкесінің, басқа да туыстарының өміріне араша түсе алмаса, енді ол өз өмірі үшін аурумен күресіп жатыр.

Ол фермер болмаған және ұй құстарымен де ешқандай араласы болмаған. Ғалымдар сол себепті ол бұл дертті қалай жұқтырды деп бастарын қатыруда. Денсаулық мамандары Гинтиңнің отбасында ең бірінші болып құс тұмауының вирусын бір адам жұқтырған, басқаларына сол арқылы берілген деп есептейді. Демек, құс тұмауы өзінің дамуында адамнан адамға берілетін қабілетке ие болды деген тұжырым жасайды олар.

Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының Батыс-Тынық мұхит аймағы бойынша маманы Питер Кординглей Манилада өткен баспасөз-мәслихатында былай деді:

- Біздің Индонезияда жұмыс істеп жатқан тобымыз бар. Алайда, біз бұл арадан дерттің ошағы болатындай - осы кеселге шалдыққан құс немесе шошқа таба алмадық. Сондықтан адамдардың бұл ауруды ең бірінші қалай жұқтырғаны біз үшін жұмбақ болып тұр. Екіншіден, ол осыншама адамға қалай жұғып үлгерді деген сұрақ туындауда.

Кординглей құс тұмауының бұлайша етек алуы ғалымдарды қатты алаңдатып отыр дейді.

- Осыдан үш жылдай уақыт бұрын құс тұмауы шыққаннан бергі уақытта Индонезиядағы бұл орын алған жағдай ең қатты алаң туғызып отыр десе болады. Мұнда вирусты жұқтырған адам жетеу, тіпті сегізге жетті десе болады. Бұған дейін мұндай ұлғайған түрде, бір үйдегі адамның бәрінің бірдей вирус жұқтырғанын кездестірмеген едік.

Дегенмен де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мұншалықты алаңдап отырғанына қарамастан, «Азаттық» радиосына сұхбат берген талдаушылар әзірге дүрлігетіндей ешнәрсе жоқ дегенді айтады. Өйткені Индонезиядағы құс тұмауының құрбаны болған адамдардың анализіне жасалған тексеріс-сынақ нәтижесі құс тұмауының қатерлі вирусы мутацияға ұшырамағандығын көрсеткен. Нидерландыдағы Медицина орталығының аға маманы, доктор Алберт Остерхаус ол шын мәнінде солай болып шықса да, бізге әзірге қатты дүрлігудің қажеті жоқ дейді. Индонезиядағы жайт тек өте жақын қарым-қатынаста болған адамдардың науқасты бір-бірінен жұқтыратындығын көрсетті деген ол, кездейсоқ қарым-қатынастан құс тұмауының вирусы жұға қоймайды деген пікір айтады.

- Әрине, бұл негізгі сұрақ. Егер ешқандай мутацияның болмағаны немесе оның қатысы дәлелденсе де вирус өзгерген жоқ. Соңғы белгілерге қарағанда біз шектелуі ғана жағдайда вирустың адамнан адамға берілгенін көрдік. Сөйтіп, егер жағдай драмалық өріс алмаса, біз вирустың белгілі бір жайтта ғана адамнан адамға берілетіндігін көріп тұрмыз. Бірақ, әзірге тұрғындар арасында бұл жаппай таралатындай қабілетте емес.

Доктор Алберт Острохаустың мұндай ойларымен Лондондағы вирусолог ғалым Джон Оксфорд та келіседі. Әзірге қандай да бір басқадай болжамдар айтылған жоқ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG