Accessibility links

Әндіжан оқиғасынан кейін Қырғызстан түрмесіне қамалған өзбекстандық бесінші азаматтың «Азаттық» радиосына берген сұхбаты


Файоз Тәжікхалилов өткен жылы 13 мамырда Әндіжандағы халық толқуы күшпен басып-жаншылған соң, көршілес Қырғызстанға өтіп кетеді, кейінірек оны қырғыздың билік орындары ұстап, түрмеге салады. Қырғызстанда қамауда отырған ол не сотқа тартылып, не Өзбекстанға экстрадицияланады. Тәжікхалилов Оштағы түрмеден «Азаттық» радиосының өзбек редакциясына сұхбат берген еді.

2005 жылдың 13 мамыры күні Әндіжан тұрғындарының қаланың бас алаңындағы наразылық шеруін үкіметтік күштер қару қолданып, күшпен басып тастады. Шерушілер сотқа тартылған 23 белгілі кәсіпкердің ісі әділ жүргізілуін талап еткен болатын. Ол кәсіпкерлер исламдық қайырымдылық акцияларына қатысқан дәулетті азаматтар болатын, сол себепті де адам хұқтарын қорғаушылар билік оларға түрлі айып тағып, соттау арқылы кәсіпкерлердің байлығын тартып алмақшы болды дейді.

Өзбек билігі болса, Әндіжан толқуының сыртында исламдық экстремистер тұрды, олар шеруге шыққандарды қаржыландырды деп айыптайды. Ресми билік көтерілісті күшпен басу барысында 187 адам құрбан болды, олардың көпшілігі бүлікшілер мен қауіпсіздік қызметкерлері деп мәлімдеп келеді.

Алайда Өзбекстандағы және одан сырт жерлердегі халықаралық ұйымдар мен адам хұқтарының белсенділері Әндіжан оқиғасында қаза болған қарапайым азаматтар саны бұдан әлдеқайда көп, бірнеше жүздеген болады дейді.

Әндіжан толқуынан кейін өзбек елінен қашып шыққан төрт адамды Қырғыз билігі 2005 жылдың мамыр айында тұтқынға алды. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары оларды, яғни Жахангер Махсудов пен Одилжан Рахимовты, Якуб Тошбоев пен Расулжон Пишматовты баспана іздеген босқындар деп танығанымен, Қырғызстан оларға босқын мәртебесін бермей отыр. Олардың төртеуі де тұтқындалғаннан бері Ош қаласының түрмесінде сот процесін күтуде. Лондонда орын тепкен «Эмнести интернешнл» ұйымы бұл адамдар қайта Өзбекстанға жіберілетін болса, олардың өміріне қауіпті деп мәлімдейді. Осыдан бірер апта бұрын ғана Әндіжан оқиғасына қатысы бар деген күдікпен Оштағы түрмеде тағы бір өзбек азаматы отыр деген хабарлар тарады. Ол Ошта өткен қыркүйек айында ұсталған екен.

Сонымен қырғыз абақтысындағы өзбекстандық бесінші азамат Файоз Тәжікхалилов сотқа тартылған 23 кәсіпкердің бірінің туысы болып келеді. Міне, сондықтан да ол Әндіжан шеруі қантөгіспен басылған соң, елден кетіп қалуға мәжбүр болған.

- Мен ол күндердің бәрінде жұмыста болдым. Тіпті, 13 мамырдан кейін де екі күн бойына жұмыс істедім. Менің өз компаниям, жұмыскерлерім болды, дәулеттілердің қатарында болғам. Ал 13 мамырдан кейін биліктің маған түрлі айып тағатыны айқын еді, өйткені мен айып тағылғандардың біріне туысқан болатынмын. Мен ол толқуларға қатысқан жоқпын деп, оған дәлел ретінде 50, 100 мейлі 1000 куәгер алып келсем де, олар маған сенбес еді, - дейді ол.

Тәжікхалилов Қырғызстан түрмесіндегі өзінің жағдайын жақсы деп сипаттай келе, мұнда отырған өзбекстандықтардың ешқайсысы да бізге қысым көрсетіп жатыр деп шағымдана алмайды деген өз сөзінде. Бірақ та ол егер өзі және басқа да төрт отандасы Өзбекстанға қайтарылып жіберілсе, онда өзбек билігі олардың бәрін де жазаға тартатыны анық дейді.

-Егер олар бізді Өзбекстанға жіберсе, бізге онда тек өлім күтуге тура келеді. Олар бізді бара салысымен атып тастамайды, бізді алдымен азаптап, қинайды. Одан басқа жол жоқ. Мүмкін, бізді бір Алла ғана сақтап қалар. Біз мұнда сондай жақсы үміттерді ойлаймыз, тек жақсылыққа сенгіміз келеді, сол себепті де мұндағы әр күнді әдемі өткізуге тырысамыз.

Осы сөздерді айтқанда Тәжікхалиловтың даусына діріл араласып, үні жыламсырап шыққандай болды. Ол бір жылдан бері отбасын көрмеген. Олардан жай-күйлері қандай екенін білмейді, тек сырттарынан амандық тілейді.

«Эмнести интернешнл» адам хұқтары ұйымы жақында жариялаған өзінің жылдық есебінде өткен жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін оған қатысты деп айыпталған 73 адамға әділетсіз сот болып, олардың әрқайсысы 20-22 жылға бас бостандықтарынан айырылды деп атап көрсеткен. Аталған баяндамада сондай-ақ, ондаған адам өлім жазасына кесіліп, сол жазаның құрбаны да болып кетті деп жазылған.
XS
SM
MD
LG