Accessibility links

Саясаткер А.Сәрсенбайұлының туған-туыстары мен оппозиция өкілдері наразылық шарасын өткізді


Жұма күні Алматыда саясаткер А.Сәрсенбайұлының туған-туыстары мен оппозиция өкілдері Қазақстандағы қазіргі биліктің саясатына өз наразылықтарын білдіру ретінде, аспанға қара шарлар ұшырды.

Ақпан айында қаза болған саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының інісі Ерік Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі жанында қалтасынан шығарып, кезекті резеңке шарды үрлеп тұр. Жаңа ғана ол марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбіловтің суреті қыстырылған бір бума қап-қара шарды аспанға жіберген болатын.

- Жаңа қанша шар аспанға ұшырдың?

- 20-30 шақты. Бұл -* Болат Әбіловті қудаламау үшін билікке білдіріп жатқан іс-шара. Өздеріңіз білесіздер, Алтынбек ағамды өлтіріп кетті. Енді Болатқа да кірісіп жатыр. Сондай оқиға қайталанбау үшін жасаған кішігірім наразылығымыз.

- Неге шарлардың бәрінің түсі қара?

- Бүгін - бір жағы ағамызды еске алу күні. Сондай күннің Болатқа да тумауы үшін жасалып жатқан шаралар ғой.

Шар үрлеп, енді оның аузын жіппен байлап жатқан жастардың «Айбат» қозғалысының теңтөрағасы Ғаділбек Әкімов қара шарларды аспанға жіберу – жаппай наразылық акциясының бір формасы дейді:

- Қара шарды бекерден бекер таңдаған жоқпыз. Қара шар қайғының белгісі болып саналады. Әр айдың 26-сында тек митингі ғана емес, осындай да шаралар ұйымдастырған дұрыс шығар. Жалпы біздің мақсатымыз – елімізде соңғы кезде орын алған оқиғаларға, оның ішінде адамдарды өлтіру, жазықсыз қамау, қудалауға өзіміздің қарсы позициямызды білдіру.

Бұл күні шар ұшыру наразылық акциясы Алматы қаласында 50-60 жерде, сондай-ақ Алматы облысының кейбір аудандарында өтуде дейді Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, журналист Рыспек Сәрсенбайұлы:

- Алматы қаласынан өзге Талғар, Еңбекшіқазақ, Есікте өтуде. «Шарды тек ұшырып қана қоймай, үйіміздің сыртына, талға іліп қоямыз» деген ой-пікірдегі азаматтар сондай әрекеттер жасап жатыр. Алматының өзінде әр жерінде топтап, жіпке байлап шар ұшырып, жіберіп жатыр.

Оның айтуынша, шар наразылық акциясының формасы ретінде жәйдан жай таңдап алынғанбаған. Оның тереңірек символдық мағынасы бар дейді Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Шар – жеп-жеңіл нәрсе. Көзге көрінеді, бірақ ұшады да кетеді, пайдасы жоқ. Біздің билікті осыған ұқсатуға болады. Көпіртіп көп сөз айтады. Пайдасы жоқ, шар сияқты ұшып кетіп жатыр. Әнеки, қара шарлар ұшып барады! Қара шар деген – масқара, біздің биліктің жүзінің қаралығын көрсетеді. Мінеки, қараңыз, олар аспандап ұшып барады...

Бұған дейін әр айдың 26-сы күні сағат 12-ден 45 минөт кеткенде Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары Республика алаңында Сәрсенбайұлының қазасын тергеу ісі дұрыс жүрмеді деп наразылық акциясын өткізіп келген еді. Алайда, алдыңғы айда - сәуірдің 26-сы күні бұл жиынға қатысқан 30 шақты адамды заң орындары ұстап, 10-нан астам адамды әкімшілік жауапқа тартқан болатын. Ал мамырдың 26-сындағы шар ұшыру акциясының аясы үнсіздік жиынынан гөрі әлдеқайда кең дейді Рысбек Сәрсенбайұлы:

- Бұл жерде біз Алтынбек Сәрсенбайұлы, Василий Журавлев, Бауыржан Байбосыновқа қатысты қастандықты тексеру ісінің біржақты, дұрыс жүрмегендігіне ғана емес, басқа мәселелерге, мысалы, елде қылмыстың етек жайып бара жатқанына, сыбайласқан жемқорлыққа наразылығымызды білдіреміз. Бізде наразы болмайтын мәселе қалмады. Соған адамдар өз наразылықтарын білдірсін. Бұл жерде бір тақырыпты ғана, әркім өз қалауындағы мәселені көтере алады.

Жұма күні Алматыдағы Республика алаңында полиция қызметкерлері де жүрді. Алаңның айналасы толған қарулы жасақтар дейді «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Маржан Аспандиярова:

- Мына фонтанның әр жағында жасақталған автобустар, қарулы полицейлер жүр. Ал мына екінші жақта рацияларын ұстап, полковниктер зыр жүгіріп жүр. Енді олар әрі қарай не істейтіндерін білмейді. Себебі, бұл шара ешбір әкімшілік кодексте көрсетілмеген. Шар ұшыруды заң бұзушылық деп олар таба алмайды!

Оппозиция белсендісі Маржан Аспандиярова өздерінің бүгін шағын жеңіске жеткенін айтты. Олардың шар ұшыруы шынымен бейбіт акцияға айналды. Ал қарулы заң өкілдері бұл жолы ешкімді ұстамай, бұл жерден бос қайтты. Мамырдың 26-күнгі жиын аспанға бір топ сары түсті шарды ұшырумен тәмамдалды.
XS
SM
MD
LG