Accessibility links

Қазақстан президенті Астанадағы Ұлттық университетте дәріс оқыды


Қазақстанда 5 сала бойынша жұмыс істейтін толық жабдықталған ірі 5 зертхана салынады. Бұл туралы Астанада мамырдың 26 күні Еуразиялық университеттің оқытушылары мен студенттеріне дәріс оқыған Қазақстан президенті Н.Назарбаев айтты. Ғылым саласын дамыту үшін елде премьер басқаратын арнайы жоғарғы техникалық комиссия және ғылым қоры құрылады, деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті Назарбаев Астанадағы ұлттық университет шәкірттері мен ғалым-ұстаздардың алдында жаһандану дәуірінде өмір сүру үшін бәсекеге сай ел болу керек деген ойын білдірді. Ал, ол үшін елде ғылымды дамытуға көп көңіл бөлінетіндігін хабарлады. Президенттің айтуынша, алдағы 6 жылда ғылымды қаржыландыру 25 есе ұлғайтылмақ. Осылайша жыл сайын 350 миллиард теңге бөліну көзделген. Бірақ, қаржыны жұмсау өзгеше болады, деді президент.

- Қазір ақшаның бір бөлігі білім министрлігі арқылы, ал қалғаны 14 мекеме арқылы өтеді, сондықтан премьер басқаратын арнайы жоғарғы техникалық комиссия және ғылым қоры құрылады, - деді президент Назарбаев.

Еуразия университетінің ұстазы Абай Бөбеев, қазіргі Қазақстан ғылымының кем-кетіктерін толтыру үшін, ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлу керек деп санайды.

- Ғылым саласында біз әлі тоқырау заманынан келе жатқан кемшіліктерден шыға алмай келе жатырмыз. Ғылым саласы дамымай мемлекет те дамымайды. Мысалы, тоқырау заманында Қазақстанды тек шикізат қорында ғана ұстап келді, соның зардабын шегіп келе жатырмыз. Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі әлі артта қалып келе жатыр. Қазақстанда бұрын 7 консерві зауыты істесе, қазір біреуі де жұмыс істеп тұрған жоқ.

Қазақстан президенті Назарбаев болса жақын болашақта Қазақстанда 5 сала бойынша жұмыс істейтін толық жабдықталған ірі 5 зертхана салынатындығын хабарлады.

- Оған ғылыми кеңестен өткен ұсынысы бар кез-келген адам келіп жұмыс істей алады. Біз осы зертханаларда био, нанотехнология, ғарыш, ядролық, кен байыту және ақпарат технологиялары сияқты салалардан нақты нәтиже табуымызға болады, - деді президент Назарбаев.

Еуразия университетінің шәкірті Мейірман Жайшылықұлы Қазақстан ғылымын тек бір бағытта дамытпай бірнеше салаға бөлу орынды деген пікір білдірді:

- Кеңестік жүйеде де ғылым - қатты көңіл бөлінбей, кенже қалған сала болды, себебі, онда ең бірінші ауыр индустрияны алға қойғандықтан, ғылым қатты дамыған жоқ.

Ал президенттің дәрісін тыңдаған Еуразия университетінің шәкірті Дәуренбек Күлейменов қазіргі ғылымды дамытуға ұлттық нақыш жетпейді деген ойда:

- Абайын, Ыбырайын, Шәкәрімін тани алмай отырып, біз алға қарай дами алмаймыз. Халықаралық деңгейге жете алмаймыз. Өз мәдениетімізді еркін меңгерсек қана біз халықаралық деңгейге жетеміз. Қаржы, әрине, бөлінеді, бірақ, оны нақты, сапалы жағына жұмсауымыз керек. Ұлттық нақыш керек.

Өз сөзінде президент Назарбаев бірде бір ел өзінің технологияларының құпиясын сатпайтынын айтты. Оның үстіне, біз тек өзге елдердің технологияларын алатын болсақ, өз ғылымымыз дамымай қалады және біз технология жағынан дамыған елдерге тәуелді болып қаламыз, деді Қазақстан президенті.
XS
SM
MD
LG