Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.27.2006 жыл


Сенбілік баспасөз жасанды ұрықтандыру арқылы туылған алғашқы қазақстандық баланың он жасқа толғандығы туралы жазды. Абақтыдағы өнертапқыштардың «Зонер» автокөлігін жасап шығарғандығы да журналистер назарына ілігіп отыр.

«Жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген алғашқы қазақстандық бала он жасқа толды» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті. Осындай әдіспен Қазақстанда «Экомед» орталығы айналысады. Аталған мекеменің қызметі арқасында елде осы кезге дейін жасанды жолмен мыңға жуық бала дүниеге келіпті. Клиника басшылығы өткен жылы қолдан ұрықтандыру арқылы дүниеге келген 2 миллионыншы баланың туған күніне қатысып қайтыпты. «Әлемде ұрықтандырудың бұл әдісі жетпісінші жылдары қолға алына бастаған. Осы әдістің нәтижесінде алғашқы қыз бала 1978 жылы биолог Роберт Эдварстың қадағалауымен дүниеге келген екен. Осы әдістің атасы саналатын дәрігер қазақстандық «Экомед» орталығын да мерекесімен құттықтапты» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Қазақстанда тұрғындардың 15-20 пайызы бедеулікпен ауыратындығы туралы «Казахстанская правда» газетінде айтылған. «Экомед» орталығы Қазақстанда алғаш рет құрылғанда, оған күдікпен қараушылар көп болған екен. «Мекеменің жұмысы енді ғана өрге басып, қазір ол Қазақстандағы алғашқы эко лаборотория ретінде Дүниежүзілік ЭКО тізіміне енді. Қазақстанның рекордтар кітабында да аты қалған» делінген «Казахстанская правда» газетіндегі мақалада.

«Әлемдегі ең жас опера әншісі Италияны бағындырды» деп жазды «Жас қазақ» газеті. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде Верди атындағы консерваторияда білім алып жүрген он бір жасар қазақстандық Маша Мудряк жақында аталған оқу орнының үздік студенті атаныпты. «Жас өнерпаз Италиядағы атақты театрлардың бірінде Пуччинидің «Сағыныш» қойылымындағы ариялардың бірін орындаған. Мұндай оқиға – Италияның театр тарихында алғаш рет орын алып отырған ерекше құбылыс» деп жазылған мақалада. Премьера өткен соң, Ла-Скала театрының бас директоры Бруно Казони жас әншіні оқу орнындағы «ең үздік студент» деп таныған. Қазір қазақстандық жас өнерпаз сабақпен қатар гастрольдік сапарларға да шығып тұрады. Жақында ол Варшавада 5 жеке концертін берді» деп жазған «Жас қазақ» газеті.

Ал темір тордың арғы жағында отырған талант иелерінің «Зонер» автокөлігін жасап шығарғандығы туралы мақала «Айқын» газетінде басылды. «Астанадан сексен шақырым қашықтықтағы абақтыда 1047 адам аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеп жатыр. Соңғы төрт айдың ішінде ғана Тахир мен Сергей бастаған ісмерлер тобы америкалық «Хаммер» автокөлігінің үлгісіндегі өздері «Зонер» деп атап кеткен жүрдек мәшине құрастырып шығарған. Двигателі «Газ-66» автомашинасынікі болса, доңғалақтары «К-700» тракторының тіркемесінікі. Екі жүз литрлік бензин багі де ұзақ жылға шыдас бере алатын етіп жасалған. Сағатына жиырма литр жағармай жұмсау арқылы он сағат тоқтаусыз жүреді. Әзірге Қорғаныс министрлігінен тапсырыс түсіп, әлі де кемшін тұстарын қайта ыңғайлы етіп, екі машина құрастырылып жатқан көрінеді. Алғашқы «Зонердің» тиісті құхаттары тез арада жасалып бітсе, абақтыдағылар оны өндірістік жүйеге қоюға шешім қабылдап отыр» делінген «Айқында» басылған мақалада.

«Алматыда жанармайдың сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ» деп жазды «Комсомолькая правда: Казахстан» газеті. Жақында Алматыдағы табиғатты қорғау прокуратурасы қалаға әкелінетін жанармайдың сапасын тексеруге жауапты ұйымдардың қызметімен танысып шыққан. «Белгілі болғаны - қаржының жетімсіздігінен тексеру жұмысы толық жүргізілмейді екен. Өткен жарты жылда қаладағы 118 автокөлікке май құю орындары қаралып, онда да санитарлық мекемелер жанармайдың сапасын емес, жұмысшыларға жасалған жағдайды қарап шығумен ғана шектелген. Мемлекет жыл сайын жанармайды тексеретін коммерциялық лабораториялар арасында тендер өткізеді. Одан жеңіп шыққан компания да жеке болғандықтан, май сатушыларды жауапқа тарту мүмкін болмай отыр. Өткен жылы қаладағы жанармай сапасы 463 рет тексеріліпті. Оның барлығында да мыс, мырыш, хром, титан секілді зиынды металдар табылған» деп жазды «Комсомолькая правда: Казахстан» газеті.
XS
SM
MD
LG