Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.30.2006 жыл


Сейсенбілік баспасөз екі тәулікті жарықсыз өткізген Семей тұрғындарының қиын тіршілігі туралы жазды. Көше қаңғыбастарының ауыр азабы да журналистер назарына ілігіп отыр.

«Семей прокуратурасы 300 мың тұрғыны бар қала жұртшылығын әбігерге түсіргені үшін «Кегок» энергетикалық компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғады» деп жазды «Экспресс К» газеті. «Шығысэнерготрейд» компаниясының 100 млн теңгеден астам қарызына байланысты «Кегок» екі күн бойы қаланың 70 пайызына жарық таратпаған. Соның салдарынан ауруханалардың жұмысы қиындап, бала бақшалар жабылған. Бағдаршамдар жанбауы көлік қатынасын қиындатып жіберген. Қаншама адам лифтлерде тұрып қалса, көпшілік тұрғындардың күнделікті ішіп-жемі қиындаған. Қала әкімі Нұрлан Омаров «Экспресс К» газетіне берген сұхбатында табиғи монополияға қарсы заңның бұзылғандығын айтыпты. Әкімнің пікірінше, осыны жасаған компанияның басшыларына қатысты тиісті шаралар қолданылуы қажет. Сонымен қатар, әкім жылу мен судың бағасы қымбаттауы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Мұндай тарифтердің өзгеріссіз тұрғанына 10 жылдан асыпты. Инфляция жағдайында тарифтерді 40 пайызға өсіруге болатын еді, дейді қала әкімі Нұрлан Омаров «Эксрпесс К» газетіне берген сұхбатында.

Семейдегі тағы бір компания - «Семей-судың» тақырға отыруы туралы мақала «Егемен Қазақстан» газетінде басылды. «Алғашқыда қатардағы фирма ретінде құрылған бұл қоғамның біртіндеп қанатын кеңге жайып, арақ, сыра, шыны ыдыстарын өндірумен айналысатын іргелі кәсіпорын қатарына іліккені бар. Осыдан жыл астам бұрын «Семей-су» біржола жабылып тынған-ды. Артынан тексере келгенде, мұнда сол кезде соңғы бес ай бойы жұмысшыларға жалақы төленбегені анықталды. ал кәсіпорында ресми емес төрт бухгалтерия жұмыс істеген. Яғни, мұншама бухгалтерия мұнда бірінші кезекте салықтан жалтару мақсатында құрылған» делінген мақалада. «Есептей келгенде, кәсіпорынның жұмысшыларға жалақы жөнінен қарызы 140 миллион теңгеден асып кеткен. Кәсіпорын басшысы сотталып тынды. Оған тиесілі акция мемлекет пайдасына тәркіленді. Мыңға жуық адам сеңге соғылысып, далада қала берген» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Ал «Экспресс К» газетінде нәпақа табамын деп шетелге барып, мүгедек болып қайтқан адам туралы мақала басылды. Көкшетаулық Рамазан осыдан үш жыл бұрын жұртпен бірге шетелде қаржы жасап қайтайын деген мақсатпен Оңтүстік Кореяға барған. Онда керамикалық бұйымдар зауытына жұмысқа орналасады. «Бір жылдық келісім мерзімі аяқталған соң ол компания басшылығынан басқа жұмысқа ауыстыруын сұрағанымен, өтініші қабыл болмаған. Сол күні басшылықтағылар оны азық-түлік әкелу үшін дүкенге жұмсайды. Тапсырманы орындау барысымен жолда кетіп бара жатқан Рамазан көпірден құлап, омыртқасын жаралаған. Жүріп-тұруға шамасы жоқ ол үйіне мүгедек болып қайтып оралды» делінген «Экспресс К» газетінде басылған мақалада.

Аталған газеттегі бір мақалада ауқатты адамдардың 15 пайызы ғана өзін қиындыққа тап болғандарға көмектесуді міндеттімін деп есептейтіндігі айтылған. Ал қалғандары бұл істі арнайы қызмет орындары мен полицияның жұмысы деп санайды. Мәселен, үйсіз-күйсіз жүрген көше қаңғыбастары қыста қатты аяздан немесе жазда қатты ыстықтан болмаса жұқпалы аурулардан өліп жатады. Мақала авторының пікірінше, «мұндай өлімнің болуына біздің жүрексіздігіміздің де үлесі бар. Қаңғыбастардың арасында ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер мен спортшылар да кездеседі. Олардың ішінде түрмеден шығып тірлік таппағандар, қараусыз қалған кәрі мен бала бар. Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласында түнгі жатын орын ашылған. Артынша қаржы тапшылығынан жабылып қалыпты. Ал мастықтан айыру орындарын ұстап тұру үшін жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді екен. Бұл жерлерге қаңғыбастарды жібермейді. Өйткені, мұндай мекемелер айыппұл жинау есебінен тіршілік жасайды. Кез-келген қаңғыбас өзінің денсаулығын сақтауға құқығы бар. Бірақ ешқандай жедел қызмет пәленбайыншы үйдің жертөлесінде біреу ауырып жатыр, деген дабылға құлақ аспайды. Қаңғыбастардың тағдырлары бір-бірімен өте ұқсас келеді. Осы тақырыпқа да қоғамдық мән бергім келеді» деп түйіндейді мақала авторы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG