Accessibility links

Астанадағы ең биік ғимарат өртенді


Тәуелсіз мемлекеттер достастығы территориясындағы ең биік ғимарат саналатын Астанадағы «Транспорт Тауэрды» мамырдың 30-күні өрт шалды. Биіктігі 155 метрден асатын ғимаратта шыққан өрт 1 сағат 40 минут ішінде сөндірілді. Бұл туралы журналистерге сейсенбі күні Астанада Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмаханов хабарлады.

Өрт сейсенбі күні түстен кейін басталды. 16 сағат 09 минут кезінде өрт сөндіру қызметіне дабыл түскен. Ғимараттың ішіндегі өрт дабылын беретін жабдық дер кезінде іске қосылған. 10-15 минуттың ішінде ғимараттың ішіндегі адамдардың бәрі далаға шығарылған. Олардың барлығы ғимараттағы 10 лифтімен төмен қарай түскен. Жалпы өрт шыққан кезде бұл ғимарат ішінде мыңға жуық адам болды деп хабарланады. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмахановтың айтуынша, әзірге өрттің шығу себебі анықталмаған. Алдын ала жасалған болжам бойынша, өрт 27 қабаттың балконында басталғанға ұқсайды. Ғимараттың іш жағында еш нәрсе өртенбеген.

- Тек алюкабонд материалынан жасалған сыртқы қаптау жанып кетті, - деді министр.

Ш.Құлмахановтың мәліметіне сәйкес, өрт сөндіруге барлығы 25 өрт сөндіретін автөлік пен 130 адам қатысқан.

Бұған дейін осы ғимаратта өрт сөндіру жаттығулары болған, сондықтан апатты жағдайға төтенше жағдайлар қызметі дайын болған деп хабарлданады. Ал өрт оқиғасына куә болғандардың айтуына қарағанда, мұндай биік ғимаратты ораған жалынды сөндіруге өрт сөндірушілері дайын болмаған.

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Ш.Құлмахановтың сөзіне қарағанда, бұл өрт апатында адам құрбандары болған жоқ.

- Ғимарат ішіндегі мүлік пен құжаттар да аман, тек бір әйел түтінге тұншығып, денсаулығына зақым келтіріп алды, - деді министр.

Бірақ, журналистер өрт болып жатқан кезде ғимараттан желдің күшімен шығып жатқан қағаздарды көрді. Ал, өрт сөндірушілердің айтуынша зардап шеккендер саны көбірек. Екі өрт сөндіруші ғимараттың сыртқы шыны бөліктерінен қолдарын зақымдап алған.

- Қазір олар Астананың жарақат және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының жарақат бөлімінде, - деді апаттар медицинасының дәрігері Әлихан Ибраев.

Сейсенбі күні Астана уақытымен сағат 19 кезінде қаладағы ең биік ғимараттан өрт алаулары көрінбесе де, оқсын-оқсын түтін шығып тұрды. Және ғимараттың сыртқы қаптауының бөліктері құлап жатты. 32 қабатты ғимараттың сол және оң жағалауындағы қаптауы 2 сағатта жанып кеткен. Бұл ғимаратта мәдениет және ақпарат министрлігі, көлік және коммуникация министрлігі, индустрия және сауда министрлігі, ақпараттандыру және байланыс агенттігі орналасқан болатын. Ғимаратты салуға 40 миллион доллар жұмсалған болатын. Қазір өрт себептерін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Айта кететін жайт, ғимараттың сырты пішіні тұтатқышқа ұқсайтындықтан, астаналықтар оны «темекі тұтатқышы» деп атап кеткен болатын. Бұған дейін, осы ғимаратты салып жатқан кезде, дәнекерлеу жұмыстары барысында 30-ыншы қабатты өрт шалған болатын. Бірақ, ол кезде 20 минут ішінде сөндірілген өрттен ғимаратқа айтарлықтай зақым келмеген еді.
XS
SM
MD
LG