Accessibility links

«Время» газетіне И.Мельцер бастаған бұрынғы ұжымы қайтып оралды


Бейсенбі күні "Время" газетінің Игорь Мельцер бастаған бұрынғы ұжымы қайта оралып, газеттің келесі нөмірін жоспарлауға кірісті. Ал бұған дейін газетті екі апта шығарған Бигелді Ғабдуллин басылымды қайтадан басқа қожайындар сатып алғандын айтып, "Времядан" өзінің кеткендігін мәлімдеді. Газеттің жаңа қожайындары жөнінде сарапшылар әрқилы пікір білдіріп отыр.

Бейсенбі күні Бигелді ҒАБДУЛЛИН басқарған «Время» газетінің соңғы нөмірі жарыққа шықты. Ал газеттің осы санындағы «Уақыт көрсетеді» (Время покажет) деген шағын мақалада ол сәрсенбі күні кенеттен газеттің қожайындары ауысқандығын, олай болса, редактор да жаңа болатындығын айтыпты. «Мен газеттің жаңа қожайынымен жұмыс істегім келмеді. Сондықтан, бас редактор өкілеттігінен бас тартамын», деп жазыпты Бигелді Ғабдулллин. Бейсенбі күні «Азаттық» тілшісіне ол өзінің газет редакторы қызметінен кетуі жайында бұдан өзге ешқандай түсіндірме бергісі келмейтінін айтты.

Бұл кезде «Время» газетінің жаңа әрі ескі бас редакторы Игорь Мельцер газеттің байырғы ұжымымен келесі нөмірді қалай шығаратындықтарын жоспарлап жаты.

- Қазір бізде газетті жоспарлау жиналысы өтіп жатыр. Бір-екі сағаттан соң журналистерге телефон шалсаңыз болады. Ал менің сұқбат бермейтіндігімді бәрі біледі. Мен екі апта бұрынғы жағдайда да сұқбат бермегенмін, енді де жауап бере алмаймын! – деді Игорь Мельцер маусымның 1-күні «Азаттық» тілшісіне.

Мельцермен бірге «Время» газетіне бұрынғы журналистердің барлығы қайтып оралды. «Азаттық» радиосына берген қысқаша сұхбатында, газеттің бас редакторының орынбасары Марат Әсіпов өзі үшін бұл күтпеген жағдай болғанын айтты.

- Шын мәнісінде шок болды! Өйткені, біз жаңа жоба жасаймыз деп шешкенбіз. Газеттен кетуге өтініш те жазып қойғанбыз. Сол кезде осындай оқиға болды. Бір жағынан бізде «Жеңіл жүрісті ел» деген рубрика жайдан-жай шыққан жоқ. Біздің елді бәрі болады! – дейді журналист М.Әсіпов.

Бұған дейін, мамырдың 19-ы күні, «Время» газетінің акцияларын «Алтын хаус» деген компания сатып алып, газеттің жаңа бас редакторы әрі бас директоры ретінде Бигелді Ғабдуллиннің тағайындалғаны хабарланған болатын. Осыдан кейін газет оқырмандарына белгілі журналистер жұмыстан өз еріктерімен кетіп, Игорь Мельцердің жаңа жобасына қатысатындықтарын айтқан еді. Ал, мамырдың 30-ы күні «Алтын хаус» кәсіпорны «Время» баспаханасы мен газеттегі 77,5 пайыз акцияны жаңа қожайындарға сатуға шешім қабылдайды. Мұны «Время» газеті бас редакторының орынбасары Марат Әсіпов те растады.

- «Алтын хаус» компаниясы «Время» баспаханасы мен газетті сатып алды. Содан кейін олар бұл акциялардан құтылғылары келді. Себебі, олар әрі қарай қолдарынан келмейтіндігін байқады. Газетке қатысты шатақ шықты. Осыдан соң олар газетті қайтадан сатты. Жаңа сатып алушы бұрынғы редакторы мен оның командасы қайтып оралсын деген талап қойды. Сонымен бірге олар редакция саясатына араласпайтындықтарын, газет тәуелсіз болып қалатындығына уәде етті. Сондықтан, бұл талаппен редактор да, біз – журналистер де келістік, - дейді «Время» газеті бас редакторының орынбасары Марат Әсіпов.

Алайда, ол газеттің жаңа құрылтайшылары кімдер екіндігін өзінің білмейтіндігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, әзірге келіссөздер толық аяқталмаған. Келісім-шартқа толық қол қойылғаннан кейін құрылтайшылар мәлім болмақ. «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары Айдос Сарымның сөзіне қарағанда, «Время» газеті ұзақ жылдар Қазақстандағы ірі банктердің бірінің иелігінде болып келген. Одан кейін биылғы мамыр айында оны «Алтын хаус» компаниясының артында тұрған «Қазақмыс» коропорациясы сатып алған. Қазір газетті Қазақстан Президенті әкімшілігіне жақын коммерциялық ұйымдар қарамағына алып отыр дейді Айдос Сарым:

- Жоғары жақтағы, әсіресе Ақ ордадағы шенеуніктердің іс-қимылына тікелей байланысты. Мельцер бастаған журналистер газеттен кеткеннен кейін жаңа жоба дайындауға кіріскендерін айтқан болатын. Содан қорыққан әкімшілік олар жаңа жоба ашып, оны тыныштырғаннан гөрі бұрынғыны таз қалпында қалдырып, сонмен жұмыс істеуді жөн санаған сияқты. Сондықтан, жақында сатылып кеткен газеттің акцияларын қайта сатып, соның негізінде бұрынғы команданы қайтарып алған тәрізді. Алдағы уақытта «Время» газеті бұрынғы қалпына түседі, бұрынғы бағытын ұстайды, бірақ белгілі бір ойын ережелерін сақтай отырып, жұмыс істейтін болады.

«Время» газеті төңірегенде бірнеше мақала жазған «Журналистер апатта» ұйымының жетекшісі Розала Таукина да газет қожайындары түбегейлі ауысты дегенге сенбейді.

- Меніңше, газетте тек жетекшілерді ауыстырған сияқты. Барлық шартты орындай отырып, бұрынғы команданы қайтарған болуы керек. Өйткені, қожайындар ауысуы туралы айту ерте. Себебі, ол тез бола қоймайтын дүние. Ал «Қазақмыстың» Бигелді Ғабдуллинді таңдауы қате шешім болып шықты. Ол басқарған газеттің екі саны әлсіз болып шықты, газеттің бірден рейтингісі түсіп кетті. Соны жаңа қожайындар бірден түсінді, - дейді Розала Таукина.

200 мыңнан астам данамен таралатын Қазақстандағы ең ірі газеттердің бірі «Время» газеті ең алғаш 1999 жылы жарыққа шыққан болатын. Содан бері биылғы жылдың мамыр айының 19-ына дейін оған Игорь Мельцер жетекшілік еткен. Екі аптадан соң ол газет тізгінін қайтадан алып отыр.
XS
SM
MD
LG