Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.01.2006жыл


Балаларды қорғау күні жарыққа шыққан газеттер Алматының шетіндегі Бақай ауылындағы үйлерді сот орындаушыларының қиратуы барысында екі бала зардап шегіпті деген әңгіменің анық-қанығына көз жеткізе алмай отыр. Сонымен қатар, бейсенбілік баспасөзде Астанадағы ең биік ғимараттағы шыққан өрт мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамед Ертісбаев отыратын қабаттан басталғандығы жазылды.

«Жас Алаш» газеті Бақай ауылында қиратылған үйлердің астында екі бүлдіршін қалып қойғандығы туралы суыт хабар естігенін жазады. Бақай ауылының тұрғыны Венера Смағұлованың айтуынша, сот орындаушыларының бульдозермен күреп тастаған үйінің ішінде бесікте жатқан алты айлық сәби мен екі жасар бүлдіршін болыпты. «Әке-шешесі үйіндінің астында қалған екі баланы алып шығып, үлкен жолға қарай жан ұшыра жүгіріп кеткен. Екі баланың тағдыры не болғанын біле алмай дал болып отырмыз, дейді ауыл тұрғыны. Жұртшылықтың айтуларына қарағанда, екі жасар баланың жүрегі тоқтап қалған», деп жазды «Жас Алаш».

Осы тақырып төңірегінде «Zonakz» тәуелсіз электрондық сайты қайғылы оқиғадан соң үйді бұзушылар жұмысын тоқтатып, «Бақай» ауылын тастап кеткендігін жазған. Бұдан кейін бақайлықтар «зардап шеккен балалардың» ата-анасын да, үй бұзушы бульдозерлерді де көрмеген. Сонымен қатар, аталған сайтта «Нағыз Ақ жол» партиясының мәлімдемесі басылды. Онда партия басшылығы Бақай ауылына қолдау көрсету мақсатындағы наразылық шеруін өткізу туралы өтінішін қалалық әкімшілікке тапсырғандығы айтылды. Бақай ауылы құжатсыз үйлерден тазартылып жатқан тұста Парламенттің жалпы отырысында мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық туралы заң жобасы талқыланып жатқан болатын. Жоба бойынша баяндама жасаған министр Зағипа Балиеваның айтуынша, бұл заң қарапайым халық үшін ауадай қажет. «Алайда, бақайлықтардың заңдастыратын да мүлкі қалмады» делінген «Zonakz» сайтындағы мақалада.

Сонымен қатар, Парламенттің сәрсенбі күнгі жалпы отырысында Астанадағы ең биік ғимараттың өртенуі де сөз болған еді. «Түркістан» газетінде осы тақырыпқа қатысты «Транспорт тауэрдің» мердігері «Халық қаһарманы» атағын алатын шығар» атты мақала басылды. Онда Ішкі істер вице-министрі Алик Шпекбаевтың «ғимараттың салынуында шикілік болса, жауаптылар қылмыстық жазаға тартылады деген» сөздері келтірілген. Ал депутат Серік Әбдірахманов: «Бұған дейін де салған мектебінің төбесі құлап қалғандығына қарамастан, соның басы-қасында жүрген мердігер «Астананың үздік құрылысшысы» атанып, орден алған еді, «Транспорт Тауэрді» салған адам «Халық қаһарманы» атанатын шығар» деген ащы мысқылын жасырмады» деп жазды «Түркістан» газеті.

«Транспорт тауэр» ғимаратынан шыққан тілсіз жаудан мыңнан астам адам өртеніп кете жаздағаны «Жас Алаш» газетінде айтылды. Ғимарат төбесінен қара бұлт көтерілген сәтте оны көрген адамдар «қазір-ақ өшіріп тастайды» деген сеніммен онша мән берген жоқ. Одан кейін қарбалас басталды. Жұрт сыртқа қарай ұмтылып, ғимараттардың есіктеріне тыным бермеді. Егер лифтлер істен шығып қалса, 10-28 қабат аралығындағы қызметкерлердің баспалдақпен түсуі мұңға айналар еді» делінген «Жас Алаштағы» мақалада.

Өрт кезінде ғимарат ішінде болғандардың әңгімесі «Zonakz» сайтында берілген. Көлік және коммуникациялар министрлігінің қызметкерлері қауіптен сақтандыратын дабыл жұмыс істемегіндігін, түтіннің иісін сезіп қана сыртқа ұмтылғандығын айтқан. Ал Төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмақанов болса дабыл дер кезінде беріліп, адамдар 5-7 минуттың ішінде сыртқа шығып үлгергенін хабарлаған. «Қазір өрттің шығу себебін анықтау қиын», дейді министр. Өрт 27-ші қабаттан шыққан. «Мұнда Мәдениет және ақпарат министрлігі жайғасқан» деп жазды «Жас Алаш».

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG