Accessibility links

Ресей президенті Шанхай Ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы беделі күшейгенін мадақтады


Ресей президенті Владимир Путин сейсенбі күні Шанхай Ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы ықпал-беделінің өсіп бара жатқанын дәріптеп айтты. Путин ол сөзін ұйымға мүше елдердегі парламент басшыларының экономика мен қауіпсіздік байланыстарды қатайтып, халықаралық қылмыспен бірлесе күресуге арналған Мәскеудегі кездесуінде айтқан. Сонымен қатар, бұл басқосудағы талқылауларда Иранның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының отырысына қосылуына қатысты пікірталастар да болды.

Бұл ұйымға мүше елдер өкілдерінің Мәскеудегі басқосуында Ресейдің премьер министрі Михайл Фрадков Шанхай Ынтымақтастық ұйымын айтарлықтай оқиғаларды жинаушы деп атады. Ұйымға мүше 6 ел, Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері парламент жетекшілерінің кездесуі шындығында ұйымның 10 жыл тарихындағы осындай деңгейдегі бірінші отырысы. Осыған дейінгі уақыттарда ұйымның кездесуіне тек мемлекет басшылары ғана қатысатын.

Ресей мемлекеттік думасы төменгі палатасының спикері Борис Грызлов, шетелдің әріптестеріне айтқанында, Шанхай Ынтымақтастық ұйымын қолдауда заңшығарушылар жаңа әрі айтарлықтай маңызды роль атқара алады деген.

“Біз ұлттық парламенттің мүшелері мен жетекшілері Орталық Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік жүйесін күшейтуге заңдық қолдау көрсету сияқты мәселелерде, терроризм және есірткі тасымалына қарсы күресте, кең көлемді сауда және экономикалық ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асыруда маңызды роль атқара аламыз”.

Бұл кездесудің соңында, ұйымға мүше алты елдің парламенттері арасындағы ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойылды. Бұл отырысқа қатысқан жалғыз президент Владимир Путин, аталмыш ұйымның ғаламдық ықпалы күшейіп отырғанын айтқан.

“Шанхай Ынтымақтастық ұйымына деген қызығушылық халықаралық қауымдастықта өсіп отыр. Біз оны көріп отырмыз және оны қанағаттанарлықпен ескеріп отырмыз. Біз сондай-ақ, халықаралық аренада біздің ұйымымызбен бәсекелестік құруға тырысып жатқанын көріп тұрмыз. Бірақ, менің пікірімше, егер біз ешқандай жарысқа қатыспай, оның орнына сындарлы да позитивті жұмысымызды жалғастыра берсек дұрыс болады”.

Путиннің бұл сөздерін Қытай президенті Ху Дзиньтауо да қайталап, Бейжиндегі журналистерге берген сұхбатында, Шанхай Ынтымақтастық ұйымының ықпалы күшейді және дамыған деген. Дегенмен, ұйымға мүше басқа да елдердің мүшелері Шанхай Ынтымақтастық ұйымының келешегіне мұқият қарап отыр.

Иранды Шанхай Ынтымақтастық ұйымына қосу туралы даулы ұсыныс бұл жолғы отырыстың күн тәртібінде болмаған. Негізінде Иран елі Үндістан, Моңғолия және Пәкістан сияқты ұйымға бақылаушы мәртебесінде болған. Осыдан екі апта бұрын ұйымға толыққанды мүше болуға өтініш білдірді. Бірақ, Қазақстан мен Қырғызстан сейсенбі күнгі отырыста ұйымды кеңейту туралы айту әлі тым ертерек деген. Олар, біріншіден, ұйым қазіргі мүшелері арасындағы байланысты бекемдеп алуға назар аудару керек дейді. Ол пікірді білдірген Қазақстан парламенті сенатының басшысы Нұртай Әбіқаев:

“Бұл мәселелерді шешудің алдында, Қазақстан ұйымды кеңейту жағдайын орынды түрде тежей тұрған дұрыс деп есептейді. Және жаңа елдердің бақылаушыларын қабылдауға уақытша мораторий енгізу керек деп санайды”

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы Қытайлық /Zhang Deguan/ Жанг Дегуан сейсенбі күні Батыстың Ираннның ұйымға қосылуы жөніндегі алаңдаушылығын басуға тырысып, ұйымның хартиясы жаңа мүшелерді қосуды қарастырған жоқ деген.

Мәскеудегі “Херитейдж Фаундэйшн” қорының директоры Евгений Волк, «Азаттыққа» берген сұхбатында Ресей мен Қытай Американың стратегиялық бұл аймаққа ықпалына төтеп бере алатындай болған Шанхай Ынтымақтастық ұйымын кеңейтуге тырысатынына өзінің күмәнданбайтынын айтады. Бірақ, Иран тым пікір қайшылық туғызатын кандидат дейді, сарапшы Волк:

“Шанхай Ынтымақтастық ұйымына Иранның кіргізу арқылы Ресей мен Қытай өздерінің Иран жағымен оның ядролық бағдарламасымен бірге екенін көрсетіп, Батысқа қарсы тайталас бағытын ұстанады. Менің пікірімше, қазіргі оқиғалардың осылай айналуы Қытай мен Ресейге онша ұнамайды. Олар Батыспен де, Құрама Штаттар және Еуропа Одағымен де байланыстарын сақтап қалуға мүдделі”.

Сейсенбі күні болған кездесу Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер президенттерінің 15-ші маусымда өтетін саммиті алдында болып отыр. Бұл ұйым 1996 жылы Шанхай бестік болып құрылған, кейін 2001 жылы жылы маусымда ұйымға Өзбекстан қосылғанда, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы болып өзгерді. 15-ші маусымда бұл ұйым 5-жылдығын атап өтеді.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG