Accessibility links

Шикізаттың қымбаттауы Тәжікстан мақта-мата саласын тұралатып отыр


Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғд аймағындағы тоқыма фабрикасы өзінің 1200-дей жұмысшыларын ақы төленбейтін демалысқа шығарып отыр. Фабрика басшыларының мұндай қадамға бару себебі шикізатқа бағаның өсуінен болып отыр. Ал ондай құбылыс өз кезегінде елдегі мақта өндіру ісінің шайқала бастауына тірелуде.

Тәжікстан мен Оңтүстік Кореяның біріккен Кабул-Тәжік тоқыма фабрикасы- елдегі ірі өнеркәсіптің бірі. Оның басшылары мамырдың 15-де Өнеркәсіп министрлігіне хат жолдады. Ол хатта мемлекеттік бірнеше агенттіктердің өңделмеген мақтаның бағасын шектен тыс өсіріп отырғандығы айтылған еді. “Үкіметтік секторлар үшін заңдар мен басқару тетіктері 2000-шы жылдан бері алты рет өзгерді”, деп жазылған аталған хатта. Бұл хатты Asia-Plus жаңалық агенттігі жариялап отыр.

Бұл күндері Тәжікстанның жергілікті өндіріс орындары өңделмеген мақтаны, шетелдік тұтынушылармен салыстырғанда, 10 пайызға қымбат бағасына сатып алуда. Жергілікті тұтынушылар үшін ресми баға бір тонна мақта үшін- 1056 доллар. Ал шетелдіктер оны 948 долларға сатып алуда. Мұның себебін ресми өкілдер мемлекет қазынасын тұрақты валютамен толтырудың қажеттілігімен түсіндіруде. Алайда мұндай баға айырмашылығы елдегі жағдайды одан әрі тұралатып отыр.

Тәжікстанның мақта өндіру саласындағы қаржылық жағдай сын көтермейді. Тәжікстан Ұлттық банкінің мәліметтеріне қарағанда мақта өсіруші фермерлердің 2005-ші жылғы қарызы 224 миллион 400 мың долларды құрайды екен. Ал, Ұлттық бюджеттің жылдық көлемі 400 миллион доллар шамасында. Тәжікстанның мақта өндіру секторының құлдилауына бірнеше жағдай себепші болып отыр. Ең бастысы, сапалы жұмысшы күшінің елден сыртқа ағылуы болса керек. Республиканың 6 миллион 500 мың халқының бір миллионнан көбі негізінен Ресей мен Қазақстанға маусымдық жұмыстарға кетеді.

Тәжікстанның ең білікті диқандары шетелдерге жұмысқа кетіп, жыл сайын елге 800 миллион доллар шамасында қаржы енгізіп отырады екен. Сонымен шеберлігі жағынан екінші деңгейдегі диқандар елдегі диқаншылықты жүргізуге мәжбүр болуда.

Осыдан 10 жыл бұрын басталған бағдарлама бойынша жерге иелік куәліктері фермерлерге берілген болатын. Заң бойынша диқандардың өз пайдасын көздей отырып, қандай егіншілікті жүргізсе де- өз еріктері. Алайда, шынтуайтына келгенде, советтік ескі әдетпен, жергілікті басшылар фермерлерге қандай дақылды егіп, астықтарына қандай баға қоюы керек екендіктерін бұйрық арқылы белгілеп отыр. Сондай-ақ Тәжік заңдары бойынша, фермерлерге жерге иелік құжаты тегін берілуі тиіс. Алайда фермерлер осы құжатқа қол жеткізу үшін жергілікті басшыларға пара беруге мәжбүрленгендерін айтуда. Сонымен бірге әлгі фермерлер маңдай терімен тапқан өнімдерінен Совет дәуірінен келе жатқан елдің қарызын өтеуге пропорционалды түрде өз үлестерін қосуға міндетті болып отыр. Бұл аз дегендей, фермерлерге үкімет ешқандай несие немесе қаржылық бағдарлама ұсына алмай отыр. Оның кесірінен фермерлер техникаларын жаңалауға шамалары жетпеуде.

Әлемдік банк пен Азия даму банкі Тәжік үкіметімен бірлесе отырып, елдегі мақта өндіру саласын тығырықтан шығару жолдарын іздестіруде. Олар фермерлер үшін несиелер алуға тікелей жол ашып, бағдарламаның алғашқы тармақтарын жүзеге асыра бастады.
XS
SM
MD
LG