Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.02.2006 жыл


Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сот Алматы облысында өтетін болды. Жоғарғы соттағы судьялардың бірқатары облыстық соттың мұндай күрделі істі қарауда тәжірибесі жетісе бермейді деп есептейтіндігі баспасөзде айтылды.

«Саясатшы Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты іс Алматы облыстық сотында қаралатын болды» деп жазды «Панорама» газеті. Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Әбдірашит Жүкенов сот орнын таңдағанда қылмыс тіркелген мекен-жай ескерілгендігін айтқан. «Мемлекеттік органдардың тергеуі негізінде күдікті деп табылғандардың көбі «Арыстан» әскери қызметінен болғандықтан, заң бойынша әскери сотта қаралуы қажет еді. Алайда, алдын-ала тергеуден соң бұл істі әскери сотта емес, Алматы облыстық сотта қаралуын сұрадық дейді Әбдірашит Жүкенов. Істі қабылдап алған соң облыстық сот оны қарайтын күнді бес тәуліктен кешіктірмей анықтауы қажет. Заң бойынша істі тыңдау процесі белгіленгеннен кейінгі 15 тәуліктің ішінде сот процесі басталуы тиіс» деп жазды «Панорама» газеті.

«Ал кейбір ақпарат құралдарында айтылған Ержан Өтембаевқа қорғаушы жіберілмеген деген қауесетті Әбдірашит Жүкенов жоққа шығарды» деп хабарлады «Айқын» газеті. Ә.Жүкенов алдын ала тергеу барысында айыпталушылардың барлығы да қорғаушы – адвокаттармен қамтамасыз етілгендігін мәлімдеген. Бұдан бұрын Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов аса қатігездікпен жасалған қылмыс ашық өтетіндігін жарияласа, Әбдірашит Жүкенов қазақша жауабында «бұл мәселе Алматы облыстық сотының құзырына жатады» деп жауап берсе, неге екені белгісіз тап сол сұраққа орысша жауабында «сот ашық өтеді» деп хабарлады. Мүмкін арыстай үш азаматтың жанын қиған қылмыстық істің, халықтың ашу-ызасын қоздыра бермей, ашық та жариялы түрде өтуіне Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы да мүдделі шығар» деп жазылған «Айқында» басылған мақалада.

«Жоғарғы соттағы судьялардың бірқатары әскери сотпен қатар облыстық соттың да мұндай күрделі істі қарауда тәжірибесі жетісе бермейтіндігін айтты» делінген «Караван» газетінде басылған мақалада. Сондықтан олар бұл істің Алматы қалалық сотында жүруін ұсынған. Бірақ қылмыстық істі екіге бөліп тастаудың өзі заңға қайшы, деп жазды «Караван».

«А.Сәрсенбайұлының туыстары соттың Алматы қаласында өтуін сұрап, шағым түсірді» деп жазды «Эпоха» газеті. Аталған басылымда, сонымен қатар, арнайы бөлімнің қызметкері Асылан Тәжидің Қазақстанның адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроға жолдаған өтініші басылды. Онда «Арыстан» қызметкері тағылған айыпқа толық келіспейтіндігін жазған. «Мен майор Әбікеновтың бұйрығын орындау арқылы заң аясында әрекет еттім. Себебі, мен сол кезде оның қарамағында болатынмын» делінген өтініште. Әрі қарай Асылан Тәжи: «майор Әбікенов бізге бұйрық бере отырып, белгісіз коммерсантты шұғыл-әскери қимылмен ұстайтындығымызды түсіндірді» деп жазған. Сонымен қатар, майор барлығы заң аясында өтетіндігіне сендіріп баққандығын айтқан «Арыстан» қызметкері Асылан Тәжи халықаралық бюроға жолдаған өтінішінде.

«Эпоха» газетінде Асылан Тәжидің осы өтініші туралы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің запастағы полковнигі Арат Нарманбетовтің пікірі берілген. Бұрындары «Арыстан» қызметінде істеген Нарманбетов прапорщик Тәжи өзінің өтінішінде барлығын дұрыс көрсеткендігін айтқан. «Басшының бұйрығы Жарғы бойынша орындалуы тиіс» деді А.Нарманбетов.

«Қайғылы оқиғадан қаза болған журналист Асхат Шәріпжан өмірінің соңғы күндері А.Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтен сұхбат алған еді» деп еске алған Асхаттың ағасы Мерхат Шәріпжан. «Zonakz» тәуелсіз интернет сайтында басылған сұхбатта Мерхат: «егер мұның арасында ешқандай байланыс болмаса, онда бұл қай ертегі болғаны» деп, күдігі басым екендігін жеткізген. «А.Сәрсенбайұлын сенат аппаратының басшысы Ержан Өтембаев оған деген өкпесі үшін өлтірткен деген болжамға сену - адамның өз кеудесін екі рет жаралап барып басына оқ ата алатындығын шын деп бағалумен бірдей. Менің бауырымды мәшиненің кездейсоқ қағып кеткендігін де дәл осындай шындыққа жатқызар едім» деген Мерхат Шәріпжан «Zonakz» тәуелсіз интернет-сайтына берген сұхбатында.

Маусымның 7-күні журналист Батырхан Дәрімбеттің қайғылы қазасына бір жыл толатындығын «Республика» газеті еске салды. «Жақында марқұмның достары Батырханның туып-өскен Қызылорда өңіріне барып, жергілікті әкімшіліктің кедергілеріне қарамастан, еске алу шараларын өткізіп қайтты. «Алға» партиясының мүшесі Бахыт Түменованың айтуынша, Қазалы қаласында мемориалдық мұражай ашылып, Қамыстыбас ауылындағы мектепте Батырхан Дәрімбетовты еске алуға арналған футбол жарысы ұйымдастырылған. Ал Қызылорда қаласында Қазақстанда қандай өзгерістер болуы тиіс тақырыбындағы ғылыми конференция өткізілді» деп жазды «Республика» газеті.
XS
SM
MD
LG