Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.09.2006 жыл


Жұма күні жарық көрген газеттер Қазақстан және Иран президенттері осы жылы Шанхай қаласында кездесетіндігі жөнінде жазды. Сонымен бірге басылымдарда Астанадағы «Транспорт Тауэр» ғимаратының қауіптілігін шенеуніктер бұған дейін де білгендігі туралы айтылса, келесі бір газеттер Федералдық тергеу бюросымен соттасқан «қазақ хакерімен» сұхбаттасқан.

Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың жұмыс бабымен Тегеранға баруы баспасөзде кеңінен талқыланды. Министрдің Ирандағы сапары президент Махмуд Ахмадинеджадпен кездесуінен басталған. «Екі жақ халықаралық саясаттың негізгі мәселелері бойынша Қазақстан мен Иранның ұстанымы ұқсас екендігін атап өтті» деп жазды «ЭкспрессК» газеті. «Екеуара әңгімеде М.Ахмединеджат бірқатар мемлекеттердің Иранның ядролық мәселесіне екі жүзді саясат ұстанып отырғандығын, ал Қазақстан болса Иранға әр уақытта сеніммен қарайтындығын және ядролық технологияны бейбіт жолмен пайдалануда Тегеранды құптайтындығын айтқан. Қасымжомарт Тоқаев болса Қазақстанның Иран ядролық мәселесі дипломатиялық, саяси жолмен шешілгендігін қолдайтындығын жеткізді» делінген «Экспресс К» газетіндегі мақалада.

Ал «Новое поколение» газеті Қазақстан мен Иран президенттерінің Шанхайда кездесуі мүмкін екендігіне мән берген. «Маусымның 15-күні Қытайда Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10-шы саммиті болады. Форум аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Махмуд Ахмадинеджаттың жеке кездесуі жоспарланған. Бұдан бөлек жақын уақытта Ақтау қаласында Иран консулдығы ашылатын болады» деп жазды «Новое поколение» газеті.

Баспасөз беттерінде кең қамтылып жүрген тақырыптың бірі – Астанадағы ең биік ғимараттан шыққан өрт. «Транспорт Тауэрге» қатысты «Новое поколение» газетінің жүргізген зерттеуі нәтижесінде қала басшылығына осы ғимараттың қауіпті екендігі бұған дейін де белгілі болғандығы анықталды. Мәселен, Астананың өртке қарсы қызметі 2003 жылы 34 қабатты бұл ғимарат құрылыс талаптарына сәйкес екендігін анықтаған. Сонымен қатар, өткен жылы Астанадағы қауіпті деген нысандардың тізімі жасалып, «Транспорт Тауэр» ғимараты соның ішінен табылған. Кейінірек қалалық әкімшілік прокуратураға есеп берген кезде бірнеше нысандардағы кемшіліктер түзетілгендігін жеткізген. Бірақ ақауы жөнделгендердің арасында «Транспорт Тауэр» ғимараты жоқ болып шықты. Яғни, билік өкілдері ғимараттың қауіптілігін білгені былай тұрсын, оны түзеуге енжарлық танытқан» деп жазды «Новое поколение» газеті.

Ал «Караван» газетінде келтірілген мәліметтерге қарағанда «Транспорт Тауэр» ғимаратын салуда қолданған алюкобонд материалын Алматыда пайдалануға тиым салынған. 1990-жылдары көптеген компаниялар ғимараттардың сыртын аталған материалмен қаптағысы келген екен. «Олар алюкобондтың өртке бергісіз екендігін дәлелдейтін құжаттарын көрсеткенімен, тәжірибе жүзінде олай болмай шыққан. Нәтижесінде бұл материалды басқасына ауыстыруға кеңес беріліпті. Қазіргі таңда Алматыда алюкобондпен қапталған ғимараттар үшеу ғана» делінген «Караван» газетінде.

Осы тақырып төңірегінде қозғалған мақаласында «Республика» газеті биік ғимараттың адам денсаулығына зиян екендігін айтқан. «Өртке қарсы қызмет осындай биік ғимараттар тұтана қалған жағдайда ештеңе істей алмайтындығын біле тұра олардың салынуына рұқсат береді. Бұлай дейтініміз, қолда бар сатылардың ең биігі 88 метр ғана, ал өрт сөндіретін тікұшақтар Қазақстанда атымен жоқ» деп жазған «Республика».

Ал «Караван» газетінде «қазақ хакері» атанған адвокат туралы мақала басылды. «Алматылық Игорь Яримакты осыдан алты жыл бұрын, оның досы Олегпен бірге, Лондонда АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросының қызметкерлері ұстаған болатын. Бұл жердегі әңгіме Майкл Блумбергтің ірі қаржы агенттігі желісіндегі кілтипанды көріп, онымен келіссөз жүргізуге тырысқан қазақстандықтар туралы болып отыр. Сол екеуінің бірі Нью-Йорк мэрі Майкл Блумбергтің компьютерлік сайтын бұзғаны үшін сот үкімімен 4 жыл бас бостандығынан айрылып, оған 1 миллион доллар айып салынса, екіншісі - Игорь Яримакқа тағылған айыптар дәлелді болмады» деп келтіреді «Караван» басылымы. Аталған басылымға берген сұхбатында Игорь өзінің сот процесін жеңіп шығуына математикалық және заң тұрғысында жасалған дұрыс есеп көмектескендігін айтады. Алматыға оралған соң Игорь кітап жазумен айналысқан. «Айдың келесі жағы» атты шығармасында автордың батыс түрмелерінде көрген қиыншылықтары баяндалған» деп жазды «Караван» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG