Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.15.2006 жыл


Қазақстандық ақпарат құралдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының Қытайда өтіп жатқан саммиттін жіті қадағалап отыр. Форумның алғашқы күні Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың көпшілік алдында сөз сөйлеп, аталған ұйымның экономикалық тиімділігіне тоқталғандығы «Казахстанская правда» газетінде айтылды. Бұның алдында Н.Назарбаев Қытай басшысы Ху Цзиньтаомен кездесіп, стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқыға салғандығы газет мақаласында жазылды.

«Айқын» газеті Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстанның ұстанымына мән берді. «Қазақстанның аса ірі көмірсутегі қоры кімді де болса қызықтыратыны сөзсіз. Ал Астана осы мүмкіндікті пайдаланып, саясат әлемінде сөзін бұлдап өткізуіне болады. Шанхай Ықтымақтастық Ұйымындағы Қазақстанның ұстанымы өзгеше. Ең бастысы Астана үшін ШЫҰ лаңкестікпен күресетін және экономикалық қарым-қатынасты нығайтатын тетік. Әзірге оның құрамын көбейтуге де Астана қарсы. Мәселен құрамға кірсем деп талпыныс жасап отырған Иранның ядролық бағдарламасына байланысты дау-дамай тоқтамай тұрғаны анық. Әскери одақ аясындағы елдермен ғана қарым-қатынас жасау – қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның мүмкіндігін шектейді әрі көп тармақты сыртқы саясатына қайшы» делінген «Айқында» басылған мақалада.

«Түркістан» газетінде батыстың Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы негізінен Қытайдың мүддесіне орай құрылған деген пікірді жақтайтындығы жазылды. Онан қалса, Ресейдің көздегені бар дейді Батыс сарапшылары. «Президент Н.Назарбаевтың «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы өзге елдерге күшін бағыттаған әскери блок» емес дегенін сол пікірге тойтарыс беруі деп түсіну керек» деп жазды «Түркістан» газеті.

Ал «Время» газеті Шанхайда басталған әңгіменің Алматыда жалғасын табатынына назар аударған. Шанхайдағы саммит біте салысымен Алматыда маусымның 17-күні Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің екінші саммиті өткелі отыр. «Бүкіл әлем АҚШ, Иран және Израиль мемлекеттері арасындағы жанжалдың бітуін қалап отыр. Ал соңғы аталған екі ел Азиядағы сенім шаралары кеңесіне мүше болып келуі бұл саммиттің маңыздылығын арттыра түспек. Әрине, сол үшін де Қазақстан басшылығы бұл саммитте Иран президенті Махмуд Ахмединежадтың қатысуы үшін тырысып бағады» делінген «Время» газетіндегі мақалада.

Баспасөзде күнделікті талқыланып жүрген тағы бір тақырып – ақпарат құралдары туралы заң жобасы төңірегіндегі айтыс-тартыс. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң, кезінде Иманғали Тасмағамбетовтың премьерлік портфелді тастауына түрткі болған Жер кодексі секілді, Үкімет басшысы Даниял Ахметовті емес-ау, мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевті отставкаға жіберуі мүмкін» деп жазды «Zonakz» тәуелсіз интернет сайты. Мұндай болжам жасауға ақпарат құралдарына қатысты заң төңірегіндегі даудың күннен-күнге күшейіп келе жатқандығы түрткі болып отырғандығы айтылған мақалада. «Ал дәлірек айтар болсақ, министр Ермұхамет Ертісбаев пен мәжіліс депутаты және Журналистер конгресінің төрағасы Дариға Назарбаева арасындағы теке-тірес» деп жазды «Zonakz» тәуелсіз интернет сайты.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев «Время» газетіне жазған мақаласында бұл тақырыпты Қазақстандағы кезекті жанжал ретінде бағалайды. «Бұл жолы жекпе-жекке шыққандардың бірі – журналистер де, екінші жағында – шенеуніктер. Шенеуніктер дайындаған өнімде ешқандай жаңалық жоқ – мемлекетте ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткісі келеді. Ал журналистер қауымы дайындаған жоба сөз бостандығын талап етіп отыр. Бір қызығы, журналистер дайындаған жобаның өзі, министрліктікі секілді, ақпарат құралдары өкілдері арасында үлкен сынға ұшырауы мүмкін. Мәселен, сөз бостандығын теріс пайдалану ақпарат құралдарының жабылуына әкелетіндігі жазылған бабын ғана алып қарайық» деген саясаткер Досым Сәтпаев «Время» газетіндегі мақаласында.

Аталған газетте, сонымен қатар, Ертісбаевтың айтып жүргені осыдан бір жыл бұрынғы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен «Хабар» агенттігі арасындағы сот тақырыбымен мазмұндас болып шыққандығы жазылған. «2005 жылдың маусым айында Алматы сотында «Хабар» агенттігінің Алтынбек Сәрсенбайұлына қарсы шағымына қатысты іс қаралған еді. Істің сотта қаралуына Сәрсенбайұлының «Дариға Назарбаеваның медиа-холдингін демонополизацияламаса болмайды» деген сөздері түрткі болған-тын» делінген мақалада. Ал министр Ермұхамет Ертісбаев: «Ірі телеарналардың шағын ғана топтың мүддесін қақпалауына тосқауыл қоятын кез келді», деп айтып отыр. Қазіргі таңда «Еуразия» телеарнасы телевизиялық жарнаманың 50 пайызын қамтиды екен. Яғни, оның меншік иесі саналатын жеке тұлғалар жарнама нарығын монополизациялап отыр. Ал министрліктің қолында «Евразия» телеарнасының кімнің меншігі екендігін айғақтайтын дәлелі жоқ» деп жазды «Время» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG